Ажар Ғиният ана мен нәресте өлімінің көрсеткіші туралы рас айтты ма?

21 қыркүйекте үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы өзекті мәселені көтерді. Ол еліміздегі ана өлімінің көрсеткіші мен нәресте өлімі туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz министрдің қаншалықты рас сөйлегенін тексерді.

Мәлімдеме: Ағымдағы жылдың 6 айында ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге төмендетуге қол жеткізілді.

Ажар Ғиният.

Үкім: Шындық

Қазақстан ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың қаңтар-маусымы аралығында 57, ал 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында 22 ана өлімі тіркелген. Егер осылай есептесек, көрсеткіш расымен 2,5 есеге төмендеген.

Мәлімдеме: Сонымен қатар, ана өлімінің әлі де жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Ажар Ғиният.

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, расымен биыл қаңтар-маусымы аралығында Павлодар облысында —  3, Қарағанды облысында —  6, Қызылорда облысында — 2 және БҚО-да 2 ана өлімі тіркелген.

Әзірше Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, СҚО, Түркістан облысында және Астанада ана өлімі тіркелмеген.

Мәлімдеме: Ағымдағы жылдың 7 айында нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші азаймай отыр. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында анықталып отыр.

Ажар Ғиният.

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, министрдің мәлімдемесі 1 000 туған нәресте бойынша рас. Биыл алғашқы 7 айда 1 000 туған нәрестеге шаққанда БҚО-да 11, Қостанайда 12, Қызылордада 10, СҚО-да 10, ал Шымкентте 11 бала шетінеп кеткен.

2017 жылдан бері Қазақстандағы нәресте өлімі жыл сайын артып келеді. 2022 жылдың қаңтар-шілдедегі дерегі бойынша, барлығы 1 914 нәресте өлімі тіркелген. Абсолют мәнде есептесек, ең көп өлім Түркістан облысында (263), Шымкент қаласында (194) және Алматы облысында 166 болған.

Контекст

  • Жалпы 2020 және 2021 жылдары ана өлімінің саны күрт өскен. Денсаулық сақтау министрлігінің сол кездегі басшысы Алексей Цой депутаттық сауалға берген жауабына сәйкес COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар көбейген тұста ана өлімінің саны артқанын айтты. Салдарынан министрліктің мақсатты мәні орындалмаған.
  • Дүниежүзінің 118 елін зерттеген UNICEF дерегінше, COVID-19 вирусын жұқтырған жүкті әйелдерде ана өлімі көрсеткіші 8,3%-тен 38,6%-ке (12 200 және 56 700 жағдай) арту ықтималдығы анықталған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz