Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев қайтыс болды

28 ақпанда Азаттық радиосының тілшісі Қазис Тоғызбаев 72 жасында Алматыдағы коронавирус ауруханасында қайтыс болды. Одан коронавирус 25 қаңтарда анықталып, ауруханаға жатқызылған. Журналисті 22 ақпанда клиникадан шығарғанымен, кейін халі ауырлап қайта ауруханаға жеткізілген. Ал жексенбіде жақындары оның жүрегі тоқтағанын хабарлады. Бұл туралы Азаттық радиосының сайтында жарияланды.

Ол 2008 жылдың қыркүйегінен бері Азаттық радиосының Қазақ қызметінде тілші ретінде жұмыс істеді. Запастағы полковник Қазис Тоғызбаев әскери қызметінен соң журналистикаға, фотографияға бет бұрды. Оппозициялық “Сөз” және “Азат” газеттерінде қызмет етті. kub.info сайтында блог жүргізіп, Алматы маңындағы Шаңырақ ауданынан жұртты күштеп көшіру жайлы фоторепортаждар жариялады.

Оны әріптестері кәсібилігі мен жасын сыйлап “Қазис аға” дейтін. Әскери тәртіп пен тік мінезі, шыншылдығы, сенімділігі және жайсаңдығы әріптесіміздің рухты адам екенін айқындап тұратын.

Қазис Тоғызбаев 2007 жылы қаңтарда Қазақстандағы демократиялық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін “Азаттық” сыйлығымен марапатталды. Ол Азаттықтың Қазақ қызметінде көбіне саяси, адам құқығы, әскери тақырыптарын жазды. Азаттық редакциясы Қазис ағаға ауыр саяси тақырыптарды тапсыратын. Ол әрқашан сенімді ақтап, толымды мақалалар жолдайтын.

Қазис Тоғызбаев – 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенге барып, сол жақтағы оқиғадан алғаш болып барған журналист. 2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілінде полиция наразыларға оқ атып, ресми дерек бойынша 17 адам қайтыс болды. Қазис аға Маңғыстау облысынан объективті репортаждар таратып, Жаңаөзенде не болып жатқанын дер кезінде хабарлап отырды.

Қазис ағаның “Заманбек Нұрқаділовтің өлімі. Үш рет атылған оқ және режимді сақтап қалу жолы”, “Арон Атабектің қапаста өткізген 14 жылдағы алғашқы өтініші”, “Сайлаудан кейінгі бір жыл. Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесінен шыға алды ма?”, “Совет кезінде қуғындалып, Назарбаев тұсында диссидентке айналған Кәрішал Асанов” сынды мақалаларын оқырман тарапынан көп оқылып, көп талқыланды.

Factcheck.kz редакциясы Қазис Тоғызбаевтың отбасына, туыстары мен жақындарына, Азаттық радиосы ұжымына қайғырып көңіл айтады.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.