Азаттық радиосы Назарбаев әулетінің зәулім үйлеріне қатысты зерттеу жариялады

Азаттық радиосы Назарбаев әулетіне тиесілі астанадағы арал мен ондағы зәулім сарайлар туралы зерттеу жариялады. Сонымен қатар, зерттеу авторы Үшқоңыр жайлауын экс-президент әулеті қалай меншіктегенін баяндады.

Азаттық радиосының дерегінше, 2004 жылы Астанадағы Тельман ықшамауданында Есілдің арнасы екіге бөлініп, “Жасыл арал” деген жасанды арал пайда болды. Аралдың аумағы бес учаскеге бөлінген; жалпы 12 гектар жерде бірнеше үй орналасқан. Автордың жазуынша, оның ішіндегі үлкен сарай Нұрсұлтан Назарбаевқа 2007 жылы “сыйға берілген”.

Бұдан бөлек, Азаттық зерттеуінде бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаев, экс-президенттің немере інісі, қазір қамауда отырған Қайрат Сатыбалды және оның анасы Светлана Назарбаева, Нұрсұлтан Назабаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева мен күйеу баласы Димаш Досановтің зәулім сарайлары туралы жазылған. Сонымен қатар, зерттеуге сай, Астанада Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақын туыстарының кемінде он шақты зәулім үйі, 200 гектар жері бар.

Үшқоңыр жайлауы Назарбаев әулетінің меншігінде

Азаттық зерттеуіне сәйкес, Үшқоңырдағы бір қабатты зәулім сарайдың меншік иесі – Қайрат Сатыбалды. Учаскеде тікұшақ қонатын екі алаңқай бар, әрі маңайды бақылауға камералар орнатылған. 

Азаттық мәліметінше, Болат Назарбаев Prime Capital Holding-тің еншілес Breeding company, Qaz Agro Centre компаниялары арқылы осы аумақта өте үлкен жерлерді меншіктеп отыр. Зерттеуге сай, Назарбаев әулетіне Үшқоңырдағы жердің жалпы көлемі кем дегенде 9147 гектар тиесілі.

Контекст

  • Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевқа қатысты компаниялар Германияда жалпы құны 100 миллион еуроға бағаланған вилла, сарай мен екі қонақүйге иелік етеді. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) зерттеуінде хабарланды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz