Ауғанстанда тәліптер әйелдерге спортпен шұғылдануға тыйым салды

Ауғанстанда әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салынды. Оның ішінде ұлттық құраманың спортшылары да бар. Бұл туралы “Талибанның” (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) мәдениет жөніндегі комиссия басшысының орынбасары Ахмадулла Васик аустралиялық SBS News-ке берген сұхбатында айтты.

«Меніңше, әйелдерге крикет ойнауға рұқсат берілмейді. Себебі оларға крикет ойнаудың қажеті жоқ. Крикет ойнаған кезде олардың беті мен денесі жабылмайтын кездер болады. Кейін фото мен видеолар БАҚ-та жарияланады және адамдар оларды көреді. Ислам мен Ислам Әмірлігі әйелдерге крикет ойнауға немесе олардың бет-әлпеті мен фигурасы көрінетін спортпен айналысуға рұқсат бермейді», – деді Васик.

Ол исламның әйелдерге тек қажет кезде сыртқа шығуға рұқсат беретінін, ал спорттың қажет емес екенін айтты. Васик, сонымен бірге, тәліптердің ислам құндылығына опасыздық жасамайтынын хабарлады.

Контекст

  • Азаттық радиосының жазуынша, тамыз айында Васик Ауғанстанның крикет бойынша ерлер құрамасының Аустралияда өтетін іріктеу матчына қатысуға келісім берген. Матч жыл аяғына белгіленген. Алайда “Талибанның” бұл мәлімдемесінен кейін аталған шараға ауған ерлерін де кіргізбеуі мүмкін деген болжам бар. Крикет жөніндегі халықаралық кеңестің талабы бойынша, оған мүше барлық елдерде толыққанды әйелдер командасы да болуы тиіс. Бұл жөнінде сұраған кезде Васик “қалай болған күнде де “Талибан” ымыраға келмейді” деген.
  • Аустралияның спорт министрі Ричард Колбек “Талибан” шешіміне алаңдаушылық танытып, ICC-ті шара қабылдауға шақырды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz