Апталық шолу: Тоқаев жолдауы, медиадағы бала құқығы, EXPO-2017 һәм мұнай

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстанның президенті Қ. Тоқаевтың жолдауын және басқа да тақырыптар бойынша ақпараттың рас-өтірігін тексерді. Редакция жарияланған материалдар бойынша шолуды ұсынады.

Тоқаевтың жолдауы

2020 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жасады. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Президенттің жолдауында шынайы ақпарат жиі кездескенімен, манипуляция мен шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер де болды. Президент 42 500 теңгені (карантин уақытында уақытша табыссыз қалған азаматтарға берілген көмек – ред.) басқа ірі мемлекет пен көршілес елдерде бермегендер бар деп айтты. Бірақ, бұл ақпаратты тексере келе президент сөзінің өтірік екеніне көз жеткіздік.

Астанадағы EXPO-2017 көрмесіне байланысты манипуляция

Instagram желісіндегі танымал парақшада Астанада өткен EXPO-2017 (2,1 млрд доллар) көрмесі басқа қалалардағы – Милан (2015 жылы, 3,6 млрд доллар) мен Шанхайдағы (2010 жылы, 60 млрд доллар) осындай іс-шаралармен салыстырғанда мемлекетке арзан түскенін хабарлаған пост жарияланды. Біздің журналист Аслан Сейт “Астанадағы EXPO-2017 мамандандырылған көрме, ал Милан мен Шанхайда ұйымдастырылған көрмелер әлемдік көрмеге жатады, сол себепті мұндай салыстыру қате және манипуляция екенін” жазды. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Медиадағы бала құқығы туралы

Бала — қоғамдағы маңызды тұлғаның бірі. Көп жағдайда олардың құқығы бұзылады, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарында. Осы тұста медиадағы бала құқығына байланысты жиі айтылатын қауесеттерді тілшіміз Наргиза Ерес тексерді. Материалдан балаларды қай уақытта суретке түсіруге болады, қашан ата-анасынан рұқсат сұрау қажет және т.б. маңызды сұрақтардың жауабын таба аласыз.

Қазақстан мұнайды БАӘ-ден көп өндіре ме?

Желдіде Қазақстан Біріккен Араб Әмірлігін мұнай өндіруден басып озғаны туралы ақпарат тарады. Акцент екі ел арасындағы өмір сүру сапасына жасалған. Редакция бұл ақпаратқа манипуляция деп үкім шығарды. Себебі, ОПЕК елдері жүргізетін “Annual Statistical Bulletin” дерегіне сенсек, Қазақстан мұнай өндіру бойынша БАӘ-гін басып озбаған. Статистикаға сай, БАӘ күніне 2017 жылы 2 967 мың баррель, 2018 жылы 3 008 мың баррель, 2019 жылы 3058 мың баррель мұнай өндірген. Ал Қазақстан дәл сол жылдары күніне 1 467, 1 547, 1 550 мың баррель мұнай өндірген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz