Апталық шолу: Смартфондағы коронавирус, Каддафи, “Алтын орда” базары қытайлықтарға сатылғаны рас па?

Осы аптада Factcheck.kz әдеттегідей депутаттар мәлімдемесін, желіде тараған ақпаратарды тексерді. Сонымен қатар әлемде не болып жатқанын да жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Коронавирус телефон бетінде қанша уақыт өмір сүреді?

Австралияның зерттеушілері COVID-19 коронавирусының смартфон экранында ұзақ өмір сүре алатынын анықтады. Зерттеушілер коронавиристың тұмау вирустарына қарағанда смартфондарда ұзақ болатынын зерттеген.

Австралия ғылыми агенттігінің зерттеушілері қатаң бақыланатын ортада COVID-19 28 күн, ал дәстүрлі тұмау вирусы 17 күн смартфонда өмір сүре алатынын байқады. Жағдай өте қауіпті болып көрінгенімен ескеретін жайт бар. Бұл жерде зертханадағы жағдай туралы айтылып отыр. Қалыпты өмірде жағдай басқаша. Зерттеушілер коронавирустың тым тұрақты екенін, телефон бетінде айтарлықтай ұзақ өмір сүре алатынын анықтаған.

Каддафи 2009 жылы БҰҰ-да пандемия туралы айтқаны рас па?

Муаммар Каддафидің 2009 жылы БҰҰ-да жасаған “мәлімдемесі” әлеуметтік желіде жиі талқыланып жатыр. Интернетте таратылған суретте Каддафи коронавирус пандемиясы туралы білгені айтылған. Желіде тараған жазбада Каддафидің сөздері былай көрсетілген:

Апталық шолу: Смартфондағы коронавирус, Каддафи, "Алтын орда" базары қытайлықтарға сатылғаны рас па?

Олар вирусты өздері жасап, сіздерге антивирусты сататын болады. Олар бұл мәселені қалай шешу керек екенін білсе де, біраз уақыт керек екенін айтады.

Желіде тараған суреттегі жазбадан

Редакция бұл жазбаның манипуляция екенін анықтады. Расымен, Ливия лидері болған Муаммар Каддафи 2009 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 64-сессиясында мәлімдеме жасаған. Каддафи мәлімдемесінің ұзақ болғаны соншалық, берілген 15 минуттың орнына 1 сағат 40 минут сөйлеген. Бұдан бөлек интернетте тараған суретте вирустың аты аталмағанын байқауға болады. Бұл манипуляция жасауға тырысқандардың айласы. Муаммар Каддафи БҰҰ сессиясында вирус туралы басқаша айтты. Мәтінде Каддафи коронавирус пандемиясына қатысты ештеңе демеді. Эпидемия сөзін бір рет айтып, пандемия сөзін мүлдем қолданбаған. Саясаткер сөзінің басында «шошқа тұмауы» деп танылған H1N1 тұмауы туралы айтты. Толығырақ Каддафидің не деп айтқанын мына сілтеме арқылы оқысаңыз болады.

“Алтын Орда” базары қытайлықтарға сатылғаны рас па?

Ел арасында Алматы іргесінде орналасқан “Алтын орда” базарының “Қытайларға сатылып кеткені” туралы хабар тарап жатыр. Factcheck.kz журналисі Думан Терликбаев бұл ақпараттың манипуляция екенін анықтады.

Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігіне жіберген сауалымызға ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының жауабы келесідей болды: “Алтын Орда” ЖШС аумағында құрылтайшылары немесе басқарушылары құрамында шетелдік үлесі бар заңды тұлғалар тіркелмеді”. Бұл деректі мемлекеттік орган “Altyn Orda QazTrade Ltd” ЖШС “Алтын Орда” сауда-логистикалық орталығы ұсынған ақпаратты негізге ала отырып жіберген.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • Америкалық HBO компаниясы “Илон Маск, Tesla, SpaceX және болашаққа апарарар жол” кітабының негізінде SpaceX жайлы сериал түсіреді. Бұл туралы Variety сайты хабарлады.
  • Google Assistant қолданушыларға әнді тез табуға мүмкіндік беретін жаңа жобасын іске қосты. Егер сіз әннің сөзін немесе әншінің аты-жөнін ұмытып қалсаңыз, өзіңіздің даусыңызбен Google Assistant арқылы еске түсіре аласыз.
  • 15 қазанда Алматыда екі адам Kaspi банктың бөлімшесіне шабуыл жасады. Қолында қаруы бар тонаушылар жұмыс күні аяқталған кезде келген. Белгісіз адамдар қарумен қорқытып, шамамен 2 млн теңгеге жуық ақшаны әкеткен.
  • Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда қызметінен кетті. Бұл туралы президенттің ресми сайтында хабарланды. Қырғызстанды уақытша Садыр Жапаров басқарады.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz