Апталық шолу: Шыңжаңдағы репрессия, Қазандағы теракт жайлы фейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлем медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарға шолу жасайық.

Зерттеу: Шыңжаңда мыңнан аса діни қызметкер қамалған

Вашингтонда орналасқан Uyghur Human Rights Project (UHRP) 13 мамырда зерттеуін жариялап, Қытай Шыңжаңда 2014 жылдан бері кемі 1046 дін қызметкерін түрмеге немесе лагерьге қамаған деп мәлімдеді. Олардың ішінде 18 дін қызметкері қамауда я қамаудан шыққан соң қайтыс болған.

UHRP дерегінше, ұсталғандар арасында 850 имам, 122 молда, 20 азаншы және басқа да дін қызметкері бар. Ұйым 428 дін қызметкері түрмеге және 202 дін қызметкерін лагерьге қамалғанын анықтаған.

Қытай дін қызметкерлерін “экстремизм мен сепаратизмді насихаттады”, “жұртты жинап, қоғамдық тәртіпті бұзуға үндеді” деп айыптаған. Бірақ құжаттар мен куәгерлердің айтқанына сай, олар имам қызметін атқарып, жамағатпен намаз оқығаны, мұсылманша неке қиғаны, уағыз айтып, діни сабақ бергені үшін ұсталған. Арасында шетелде оқығанына бола жазаланғандар да бар.

Қазандағы теракт: билік желіде тараған фейктерді жоққа шығарды

Татарстан билігі мектептегі атыстан кейін пайда болған жалған мәліметтерді жоққа шығарды. 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы № 175 мектептегі оқушыларға қарулы шабуыл жасалды. Нәтижесінде сегіз адам қаза тапты. Бұл туралы TACC хабарлады.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, Қазандағы мектепке қарулы шабуыл жасаған 19 жастағы жігіт жалғыз әрекет еткен. Ол ұсталғаннан кейін кейбір дереккөздер мектепке шабуыл жасағандар екеу болды және оның бірін ұстау барысында ажал құшқанын хабарлаған. Бұл ақпаратты Татарстан президенті баспасөз қызметі жалған деп таныды.

Осы оқиғадан кейін, интернетте басқа да мектептердегі атыс туралы ақпарат тарай бастады. «Tatar-inform» сайтының хабарлауынша, Қазан әкімдігі бұл ақпаратты да жоққа шығарды. Бұған қоса, «Мәскеу ауданының №2 және Совет ауданындағы №110 мектептердегі оқиға туралы әлеуметтік желідегі ақпарат жалған болып табылады», – деп қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фактчек | Депутат Бейсенбаев Қазақстандағы интернет-алаяқтық туралы

28 сәуірде Мәжілістің кезекті жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев азаматтарға онлайн-қарыз беру ережесін қайта қарауды ұсынды. Өйткені елде халыққа микрокредит беруге қатысты алаяқтық оқиғалары жиілеп кетті.

Мәлімдеме: «Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернеттегі алаяқтыққа қатысты 7 732 қылмыс тіркелген, ал 2020 жылы мұндай фактілер саны екі есе көбейіп, 14 110 қылмыс болған».

Елнұр Бейсембаев

Үкім: Шындық және Техникалық қате

Осы уақытқа дейін Қазақстанда интернеттегі алаяқтыққа байланысты қылмыс саны, шынында, екі есе өсті. Бірақ депутат мәліметі ҚСК (Құқықтық статистика комитеті) дерегіне толық сәйкес келмейді, ол аралық есепті қолданған сияқты.

Құқықтық статистика комитеті мәліметі бойынша, 2019 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде интернет желісіндегі алаяқтыққа қатысты 7 769 оқиға тіркеліп, 2020 жылы бұл көрсеткіш 14 220 іске өсті. Сонымен қатар, 2021 жылдың 3 айында осыған ұқсас 6905 заңбұзушылық тіркелді. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz