Апталық шолу: “семіздік” диагнозы қойылған бала саны, журналиске шабуыл, Қазақстанда қанша өрт болды?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлем медиасында тараған және әлеуметтік маңызы бар ақпаратты тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Фактчек | Қазақстандағы өрт туралы

24 қаңтардағы Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев Қазақстандағы жалпы өрт жайлы статистикалық деректер келтірген болатын. Соңғы оқиғаларға байланысты өрт шынымен де қауіпті мәселеге айналып барады. Қазақстанда жылына қанша өрт жағдайы тіркелгенін анықтадық.

Мәлімдеме: 2020 жылдың 9 айында елімізде 9 мыңнан астам өрт болды

Фахриддин Қаратаев

Үкім: Жалған және манипуляция

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 9 айында 5825 өрт жағдайы тіркелді. Ал, жалпы 2020 жылы 8871 өрт болған. Толығырақ мына сілтемеде.

“Семіздік” диагнозы қойылған бала саны артып келе ме?

3 ақпанда ҚР мәжілісінің депутаты Решетников Сергей мектеп жасындағы балалар денсаулығы туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша балалар арасында артық салмақтан зардап шегетіндер мен көру қабілеті нашарлағандар саны артып келеді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Ресми дерекке сай, Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы балалар арасында аз қимылдап, дұрыс тамақтанбағаннан артық салмақтан зардап шегетіндер саны артып келеді.

Решетников Сергей

Үкім: Манипуляция

Ана мен бала денсаулығын сақтау Департаментінің хабарлауынша, соңғы бес жылда 6-9 жас аралығындағы балалар арасында семіздік диагнозымен тіркелгендер азайған: 2016 жылы — 1047, 2017 жылы — 917, 2018 жылы — 810, 2019 жылы — 661, 2020 жылы — 446 бала есепке алынған. Толығырақ мына сілтемеде.

Шымкентте «Астана» телеарнасының журналисі соққыға жығылды

2 наурызда полиция «Астана» телеарнасының Шымкенттегі тілшісі Бахрамбек Талибжановты ұрып тастады. Бұл туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымы хабарлады.

Түнде Тамерлановское тасжолының бойында орналасқан авто бөлшектер қоймасында үлкен өрт шыққан. Оқиға орнына репортаж түсіруге келген журналисті тәртіп сақшылары видео түсіруге тыйым салған.

Үш полиция қызметкері Бахрамбек Талибжановты байлаған. Ал тағы біреуі тілшінің бетіне, сосын бүйрегіне соққы жасаған. Сол сәтте Бахрамбектің әріптесі — 31 арнаның тілшісі Бахром Абдуллаев жүгіріп келіп, телефонына болып жатқан оқиғаларды түсірген. БАҚ өкілдерін Абай ауданының ішкі істер бөліміне жеткізді. «Астана» телеарнасының тілшісі полицияға арыз жазды.

Жарияланған басқа да материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz