Апталық шолу: OpenTender.kz, тиімсіз жоспарланған 1,8 трлн теңге, Қазақстандағы сөз бостандығы және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде және әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Манипуляция | Кейбір елдер COVID-19-ды анықтауға арналған тесттерге 2018 жылы тапсырыс берген

Әлеуметтік желіде «COVID-19-ды анықтайтын тесттерге кейбір елдер сонау 2018 жылы тапсырыс берген» деген ақпарат тарап жатыр. Ақпарат World Integrated Trade Solutions (WITS), яғни Дүниежүзілік банктің халықаралық сауда деректерін бақылай алатын сауда-саттық бағдарламасына сілтеме жасайды. Мәлімдеме авторларының сөзінше, бұл қазір болып жатқан пандемияның алдын ала жоспарланғанына дәлел.

Апталық шолу: OpenTender.kz, тиімсіз жоспарланған 1,8 трлн теңге, Қазақстандағы сөз бостандығы және басқалары
Instagram-да тарап жатқан ақпараттың скриншоты

Сайттың суретінене назар салсақ, расымен, өнімдер сипаттамасының жанынан 2018 жыл дегенді көруге болады. Осыған орай көп адамда сұрақ туындай бастаған. Сол себепті де Factcheck.kz бұл істің рас-өтірігін анықтауға шешім қабылдады.

Үкім: Манипуляция

Жоқ, бұл суреттер өтірік емес, яғни мұндай кестелер, расымен, бар. Алайда бұл келесі нәрсеге байланысты: пандемияға дейін болған және қолданылған, сондай-ақ пандемия кезінде ерекше мәнге ие болған диагностикаға арналған медициналық құралдардың және басқа да керек-жарақтардың (тесттер, маскалар, дезинфекциялаушы құралдар, ИВЛ аппараттары) атауына 2020 жылы «COVID-19» сөзі қосылып жазылған. Сондықтан бұл «коронавирус 2018 жылы да болған» деген конспирологиялық теорияның пайда болуына себеп болған. Алайда адамдарды шатастырмау үшін біраз уақыттан кейін сайт жаңартылды. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Смайлов тиімсіз жоспарланған 1,8 трлн теңге туралы

14 cәуірде мәжілістің кезекті жалпы отырысында Қазақстан халық партиясы депутаты Ерлан Смайлов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Ол өзінің сауалында бюджет қаражатынан 1,8 трлн теңге тиімсіз жоспарланғаны туралы айтты. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін ресми дерекпен салыстырып, тексеріп көрді.

Есеп комитетінің ақпараты бойынша 2020 жылы бюджет қаражатын пайдалануды тиімсіз жоспарлауға байланысты бұзушылықтар 1,8 трлн теңгені, ал қаржылық бұзушылықтар 81 млрд теңгені құрады.

Ерлан Смайлов

Үкім: Шындық

Расымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ресми сайтында 2020 жылы бюджет қаражатын пайдалануды тиімсіз жоспарлауға байланысты бұзушылықтар 1,8 трлн теңгені, ал қаржылық бұзушылықтар 81 млрд теңгені құрағаны көрсетілген. Яғни, 1,8 трлн теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Толығырақ мына сілтемеде. 

 

OpenTender.kz – мемлекеттік сатып алуға жаңа қоғамдық көзқарас

2021 жылдың 20 сәуірінде сарапшылар қоғамының өкілдері, тілшілер мен мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен ZOOM платформасы арқылы онлайн-форматта конференция өтті. Жобаны Сорос-Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен “Прогресс” үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырды.

“Прогресс ҮЕҰ” ҚБ жетекшісі Марал Абдреисов “Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін онлайн сервис әзірлеу» жобасы жұмыстарының нәтижесімен таныстырды.

Жобаның негізгі нәтижесі деп OpenTender.kz онлайн-құралының жасалуын айтуға болады. Бұл құрал журналистерге, атқарушы органдарға, сарапшылар мен Қазақстанның белсенді тұрғындарына мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасап, сараптауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу ресми порталында мәліметтерді іздеу мен сараптау кезінде біраз қиындық туады. Оған мәліметтердің ауқымы үлкен болуы мен құрылымының күрделілігі себеп болып тұр (келісімшарттың деректері мен мәнін анықтау үшін әр шарттың сілтемесіне өту керек). Құралды жасаушылар сайтты жасау кезінде осы мәселені шешуге тырысқан. Толығырақ мына сілтемеде.

Қазақстан сөз бостандығы рейтиңінде екі саты жоғарылады

“Шекарасыз репортерлер” ұйымы жыл сайынғы сөз бостандығының әлемдік рейтингін жариялады. Бұл туралы Orda.kz сайты хабарлады.

Қазақстан рейтингте 157-орыннан 155-орынға көтерілген. Алайда Қазақстан сөз бостандығы картасында жағдайы «нашар» деп бағаланған елдердің қатарында.

Ал ТМД елдері арасында Қазақстанның рейтингі Ресейден (150-ші орын), Украинадан (97-ші орын), Молдовадан (89-орын), Қырғызстаннан (79-шы орын), Армения (63–ші орын), Грузиядан (60-орын), Литвадан (28-орын), Латвиядан (22–орын) және Эстониядан (15-орын) төмен.

Ал Қазақстан бұл рейтинг бойынша Өзбекстаннан (157-орын), Беларусьтен (158-орын) Тәжікстаннан (162-орын), Әзірбайжаннан (167-орын) және Түркіменстаннан (178-орын) жоғары.

Рейтингте Норвегия(1-орын), Финляндия(2-орын), Швеция(3-орын), Дания(4-орын), Коста-Рика (5-орын) көш бастап тұр. Ал ең соңғы орындарда Джибути(176-орын), Қытай(177-орын), Түркіменстан(178-орын), Солтүстік Корея(179-орын) және Эритрея(180-орын) орналасқан.

Еуропа мен Америка (Солтүстік және Оңтүстік) сөз бостандығының ең қолайлы көрсеткіші бар континент ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, әлемнің 132 елінде журналистердің жұмысы қиын екені жазылған.

Басқа жарияланған материалдар

  • Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы туралы мәлімдемелерге фактчек
  • Amnesty International ұйымы әлемде өлім жазасы азайғанын хабарлады
  • Сарапшылар Facebook Messenger қолданушыларына шабуыл жасалатынын ескертті
  • Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық заңсыз жүр?
  • Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 20%-ке өскені рас па?

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz