Апталық шолу: Навальный, Euronews, Шиповских ауыл шаруашылығы жерлері туралы және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдік БАҚ-та тараған, сонымен бірге, желідегі посттарды да тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Ресейлік оппозициянер Алексей Навальный Покровадағы №2 колонияны сотқа берді. Бұл туралы оның инстаграмдағы парақшасында хабарланды.

“Маған құранымды бермей жатыр. Бұл мені ашуландырады. Абақтыға енді келген кезде өзімді дамытатын тізімді жасадым. Олардың арасында құран мен Пайғамбардың сүннетін терең зерттеп, түсіну де бар”, – деп жазды Навальный.

Навальный Ислам дінін түсініп қана қоймай, құранды жатқа білуге шешім қабылдаған. Ол мұсылман емес саясаткерлердің арасында құранды ең үздік деңгейде білуге тырысатынын жазды. Сонымен қатар, христиан ретінде дамуы үшін де құранды зерттеудің маңызды екенін айтты.

Беларусьте Euronews арнасы хабар таратуды тоқтатты

12 сәуірде Беларусь ақпарат министрлігі республика аумағында хабар таратуға рұқсат алған шетелдік БАҚ тізімінен Euronews шетелдік телебағдарламасын алып тастады.

Министрліктің хабарлауынша, Euronews арнасының ақпарат таратуға мерзімі аяқталған. Сонымен қатар, мұның орнына Ұлы Отан соғысы туралы ақпарат тарататын “Победа” арнасы жұмысын бастайды. «Победа» – бұл Ұлы Отан соғысы туралы, Ресейдің Бірінші арнасы фашистік Германияны жеңудің 75 жылдығына арнайы ашқан телеарнасы.

Өткен аптада Беларусьте жаңа ақпарат министрі  — Владимир Перцов тағайындалды. Ол тағайындалғаннан кейін «мемлекеттік мазмұнға» көңіл бөліп, басымдық беретінін мәлімдеген.

Фактчек | Шиповских ауыл шаруашылығы жерлері туралы

7 сәуір күні мәжілістің кезекті пленарлық отырысында депутат Геннадий Шиповских ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен пікірлесу барысында қазіргі уақытта ресми мәлімет бойынша ауыл шаруашылығына арналған 1 млн 412 мың гектар жер жекеменшікке тиесілі екенін мәлімдеді. Расымен солай ма? Тексереміз.

Мәлімдеме: Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына арналған 1,472 млн гектар жер жекеменшікке тиесілі.

Геннадий Шиповских

Үкім: Шындық

Шынында да, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті құрастырған «2019 жылғы ҚР жерінің жай-күйі мен пайдаланылуы туралы» жиынтық талдамалық есепте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1472,7 мың гектар жер, яғни 1,4727 млн гектар жекеменшікке тиесілі екені жазылған. Ал 2019 жылдың соңындағы жағдай бойынша (одан жаңа деректерді ашық дереккөздерден таппадық) азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жекеменшігінде түрлі санаттағы 4329,5 мың гектар жер бар. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Құлахметов қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлап бара жатқаны туралы

7 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында Халық партиясының депутаты Ғазиз Құлахметов өз сауалында ел азаматтарының материалдық жағдайы нашарлап бара жатқанына тоқталды. Депутат сөз барысында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ-ның ақпан айындағы сауалнама нәтижелерін келтірді. Оған сәйкес, респонденттердің 44%-ы елдің экономикалық жағдайы нашар немесе өте нашар деп санайды.

«2020 жылы олардың үлесі 14%, ал 2009 жылы 15% еді. Сауалнамаға қатысқандардың 26%-ы өз отбасының материалдық жағдайын нашар және өте нашар деп атаған. Ал 13%-ы ақшаның, тіпті, азық-түлікке жетпейтінін айтқан, бұл нағыз кедейліктің көрсеткіші. Ал «ақша тамаққа жетеді, бірақ киімге жетпейді» деп жауап бергендердің үлесі 2004 жылдан бері алғаш рет 35% болды», деп түйіндеді Құлахметов.

Депутат мәлімдемесін тексеріп көрейік.

Үкім: Шындық

Шынында да, 6-19 ақпан аралығында «Стратегия» ӘСЗО жүргізген сауалнамаға сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 44%-ы елдің экономикалық жағдайын «нашар» (30%) немесе «өте нашар» (14%) деп санайды. Респонденттердің 26%-ы өзінің қаржылық жағдайын «нашар/өте нашар» деп есептейді. Сондай-ақ қатысушылардың 13%-ы ақшаның азық-түлікке де жетпейтінін атап өтті, ал 35%-ы ақша киімге жетпейтінін айтқан.

Әрине, бұл жерде әңгіме тек нақты бір зерттеудің нәтижесі аясында болып отыр. Алайда қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі төмендеп кеткені туралы осыған ұқсас мәлімдемелерді біз бұған дейін де бірнеше рет зерттеген едік. Олармен мына және мына жерден танысуға болады. Бірден айта кетейік, нәтижелер көңіл көншітпейді. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz