Апталық шолу: Минсктегі “саяси тұтқындар” лагері, желіде тараған фейктер, Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпараттарды тексеріп және әлемдегі жаңалықтар жайлы жазды. Ендеше жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фейк | 7-8 тамызда улау жүреді…

Соңғы күндері WhatsApp желісіндегі қолданушылар 7-8 тамызда халықты далаға шықпауға үндеп, үкімет кезекті жоспарын орындап жатқанын айтып “дабыл” қағуда. Былтырғы шілде кезіндегі оқиғаны еске түсіріп, сол сияқты биыл да қайталанады деп ескертуде. Кезекті хабарламаны талдап көрейік.

Апталық шолу: Минсктегі "саяси тұтқындар" лагері, желіде тараған фейктер, Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?
WhatsApp-ғы хабарлама

Бәріңе сәлем! Қалдарың қалай? Сендерге бәрнәрсе айтайын деп ем, біздің СЭС-та істейтін танысымыздың айтуынша, 1-10 тамызда халықты жаппай улау жүреді екен, сондықтан ешқайда шықпай үйде отырыңыздар, есік-терезелерді жауып отырыңыздар, былтырғы жылы адамдар қалай жаппай ауырды және өлді, сол сияқты болады. Ұшақпен у шашып улап жатыр, оларда Қазақстан бойынша 25 мың адамға арналған өлім жоспары бар, соны өткізу керек екен. 10 тамыздан кейін азаяды, олар қайдан біледі дейсіз ғой, себебі олар өздері қолдан жасап отыр. Таныстарыңызға айтыңыздар, 1-10 тамызда үйден шықпасын, тек маскамен жүрсін, өздеріңізді сақтаңыздар.

WhatsApp-ғы хабарлама (орысшадан аударма).

Үкім: Фейк

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілінің хабарлауынша, ақпарат жалған әрі шындыққа сәйкес келмейді. Бұған дейін де осыған ұқсас хабарламалар тараған, бұл да соның бір түрі. Ешқандай да улау не болмаса басқа да процестер жүргізілмейді. Толығырақ мына сілтемеде.

Вакцина кесірінен Covid-19’‎дың жаңа түрлері пайда бола ма?

Жақында NUR.kz порталы вакцина кесірінен коронавирустың мутациясы артуы мүмкін екені туралы жазды. Кейін материал сайттан өшірілсе де (архивке сілтеме), әлеуметтік желіге тарап кетті. Мақалада бұдан басқа вирустың жаңа вариантынан әрбір үшінші адам көз жұмады деген ғалымдар болжамы туралы айтылады. Оқырман өтінішінен соң, Factcheck.kz деректің қаншалқты шындыққа жанасатынын тексерді.

Үкім: Жалған және манипуляция

Не үшін жалған: БАҚ-тағы материалда ғалымдар сөзі мен деректері бұрмаланған. Болжам авторлары керісінше, вакцина салуды тездету керектігін айтады.

Не үшін манипуляция: Болжам вирустың мутациялануынан пайда болған қауіпті варианттан оптимист сценарийге дейін жасалған. Ғалымдардың тоқтамы көп жарияланымда бұрмаланған.

Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?

Әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасы 2018 жылы жасалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл қастандық теориясы жайында кезекті қауесетті тудыратындықтан Factcheck.kz мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп көрді.

Апталық шолу: Минсктегі "саяси тұтқындар" лагері, желіде тараған фейктер, Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?
Жұрт арасында тараған сурет

Үкім: Фейк

Анықталғандай, мұндай ақпарат Қазақстан медиа кеңістігіне батыс елдерінен келген. Фотоның өзі оригинал, алайда дерек іздеу барысында суретте көрсетілген вацинаның шығу уақыты монтаждалған. Ашық дереккөзде осы секілді сурет көп, бірақ олардың ешбірінің фотода көрсетілген тұсында вакцина шығу күні жазылмаған. Оның үстіне датаның басқа символдарға қарағанда әлдеқайда анық көрінетініне де назар аударыңыз.

CNN: Минск маңында саяси тұтқындарға арналған лагерь болуы мүмкін

Беларусьте Минск қаласынан бір сағаттық жерде орналасқан Новоколосово ауылында саяси тұтқындарға арналған лагерь болуы мүмкін. Бұл туралы америкалық CNN телеарнасының журналистері хабарлады.

Журналистер мұндай болжамды куәгерлердің сөзіне сүйеніп айтты. Сонымен қатар, куәгерлер редакцияға Новоколосоводан бірнеше видео жіберген.

CNN хабарлауынша, объект Новоколосово аумағында орналасқан және аумағы 0,8 шаршы км құрайды. Аумақты тікені бар сыммен, электр тоғымен қоршаған.

Сонымен қатар, бейнебақылау камерасы орнатылып, әскери күзет жүріп жатыр. Ал қоршалған жерде “Шекарадан өтуге тыйым салынады” деп жазылған.

Сонымен бірге, «Белсат» сайтының дерегінше, Новоколосовода «кеңес уақытында құпия болған» 25819 әскери бөлімінің бұрынғы әскери қалашығы (Стратегиялық ракеталық күштердің 25-ші арсеналы) бар. Ал әскери база әлі де ауылда орналасқан.

Әзірше, Беларусь билігі CNN зерттеуіне байланысты мәлімдеме жасамады.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz