Апталық шолу: Министрліктің “Медиазонаға” талабы, коронафейк, вакцинаның үшінші дозасын егуді бастаған ел және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпарат пен әлемдегі жаңалықтар туралы жазды. Ендеше жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Вакцина алған адам қан доноры бола алмайды ма?

Әлеуметтік желіде АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина салған адам қан доноры бола алмайды деген ақпарат жаппай таралып жатыр. Мұндай мәлімдемелер көбіне Facebook, Twitter және Instagram-да таралған. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Желіде таралған видеода ер адам вирустың атын атамайды. Ол Instagram алгоритмі жалған деп белгілемеуі үшін осылай жасауы мүмкін. Біз осыған ұқсас COVID-19-ға қатысты қандай ақпарат бар екенін және оның қаншалықты рас екенін тексердік.

АҚШ-тағы мына қызық жаңалықты айтып берейін. Америкада жаңа ауруға қарсы жаңа екпені салдырған адамдарға қан доноры болуына тыйым салынды. Яғни, екпе салдырған адамдар қан тапсыра алмайды. Сонымен қатар, ауырып, кейін жазылғандарға мұндай шектеу қолйылмайды.

Видеодағы адамның мәлімдемесі

Үкім: Жалған және Манипуляция

Америкалық Қызыл Крест мәліметінше, АҚШ-та вакцина еккен адамдар әлі де қан доноры болуға рұқса етілген. Яғни, қанды немесе оның жеке компоненттерін тапсыруға болады. Тек бір жағдайды ескеру қажет. Толығырақ төменде.

АҚШ-та вакцина салған адамға қан тапсыру үшін вакцина өндірушісін көрсету қажет. Егер сіз өзіңізді жақсы сезінсеңіз белгілі бір мерзімді күтудің қажеті жоқ.

COVID-19 вакцинасын салдырған, бірақ бұрын коронавируспен ауырмаған адамнан плазманың тек бір түрі алынады. Атап айтқанда, коронавирустың ауыр түрімен ауырып жатқан науқастарды емдеу үшін иммундық плазма қабылданады. Себебі COVID-19-бен ауырған адамдардың плазмасы ауруды емдеудің тәжірибелік әдісі ретінде қолданылып жатыр. Вакцина алған, бірақ бұрын коронавируспен ауырмаған адамның плазмасы бұл әдіс үшін жарамды деп нақты айтатын деректер жоқ және бұл емнің қаншалықты тиімді екенін әлі белгісіз. Толығырақ мына сілтемеде.

Коронавирустың әр варианты алдын ала жоспарланған ба?

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде коронавирус жаңа варианттарының алдын ала жоспарланғанын, тіпті әрқайсының күндеріне дейін жазылғаны туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап жүр. Суретте бейнеленген кестеде әрбір штамның қай айда “пайда болатыны” туралы ақпарат және вирустың тарауы 2023 жылға дейін жалғасыпты-мыс. ДДСҰ, World Economic Forum және Johns Hopkins Университеті бірлесіп жасаған деген де сілтемелер де бар. Осы ақпаратты Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Апталық шолу: Министрліктің “Медиазонаға” талабы, коронафейк, вакцинаның үшінші дозасын егуді бастаған ел және басқалары

Үкім: Фейк

Суретте бейнеленген ақпаратқа қарайтын болсақ, “Дельта” вариант 2021 жылдың маусымында “анықталады” деп жоспарланған. ДДСҰ ресми мәліметінше, бұл вариант алғаш рет Үндістанда 2020 жылдың қазанында анықталған. Сонымен қатар, кестеде вирустың “Альфа” мен “Бета” варианты жазылмапты. Ал “Ета”, “Йота”, “Каппа” және “Лямбда” варианттары 2020 жылдың соңғы айларында анықталды. Толығырақ мына сілтемеде.

Министрлік “Медиазонадан” Назарбаевтың “Джокерге ұқсас” суретін өшіруді талап етті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі “Медиазона. Орталық Азия” редакциясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың “Джокерге ұқсас” суретін жаңалықтан алып тастауды талап етті. Бұл туралы Mediazona.ca сайты хабарлады.

“Медиазона” хабарлауынша, министрлік Қылмыстық кодекстің 373-бабы (“Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық”) бойынша қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салған.

Апталық шолу: Министрліктің “Медиазонаға” талабы, коронафейк, вакцинаның үшінші дозасын егуді бастаған ел және басқалары
Фото: Азаттық радиосы, Бағдат Асылбек. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған мурал “Джокерге ұқсас” боялғаннан кейін палаткамен жабылды. Алматы, 8 шілде 2021 жыл.

Редакция Назарбаевтың суретін өшірмеген, тек бұлыңғыр етіп өзгерткен. Жалпы бұл суреттің түрпнұсқасы RUKH инстаграм парақшасында жарияланған.

Редакция министрліктің «ұсыныс хатын» 22 шілдеде алған. Хатта қылмыстық кодекстің 373-бабы бойынша айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандыққа шектеу немесе үш жылға дейін түрме жазасы қарастырылғаны жазылған.

Израиль бірінші болып вакцинаның үшінші дозасын егуді бастайды

Израиль билігі жақын арада тұрғындарын Biontech/Pfizer препаратының үшінші дозасымен вакцина егуге дайындалып жатыр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Нафтали Беннет мәлімдеді.

DW дерегінше, коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы 60 жасқа толған Израиль азаматтарына арналған. Сонымен бірге, тест барысында 2000 адам үшінші дозасын егіп, қауіпті жанама әсері болмады.

Премьер-министр Беннеттің айтуынша, 60 жастағы Израиль Президенті Ицхак Герцог 30 шілдеде препараттың үшінші дозасын салдырады.

“Мен коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын еккен қарт адамдарды үшіншісін салдыруға шақырамын. Бұл ауыр дерт пен өлімнен қорғайды”, – деді премьер-министр.

Сонымен қатар, вакцинаның екінші дозасын бес айдан кешіктірмей еккендер ғана үшіншісін салдыра алады.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz