Апталық шолу: Майк Тайсон, Kaspi-дегі ақау, маска тақпаса ЖСН, есепшот бұғатталатыны рас па?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен алыс-жақын шетелдерде тараған әлеуметтік маңызы бар ақпараттарды тексерді. Ендеше, соларды бірге шолып шығайық.

Түркістан әуежайы Гиннестің рекордтар кітабына ене ала ма?

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов 12 қыркүйекте, өзінің Facebook парақшасында, Түркістанда салынып жатқан Hazret Sultan Airport әуежайы әлемдегі ең жылдам салынған аэропорт болып Гиннестің рекордтар кітабына енуден дәмелі екенін жазды. Журналисіміз Думан Терлікбаев мұның қаншалықты мүмкін немесе мүмкін еместігін тексеріп көрді.

Бұған дейін, Гиннестің рекордтар кітабының ресми сайтындағы ақпаратқа сай, “жылдам салынған әуежай” титулын ешбір әуежай алмаған. (Алайда аумағы ең үлкен, жүгі ең көп аэропорттар және т.б. бар). Мұның себебі әуежай көлеміне қатысты болуы мүмкін. Себебі қандай да бір ғимарат қаншалықты тез салынса да, оның көлемі кіші болса, оған әлдеқандай атақ беру мәнін жоғалтады. Мұндай титул туралы ақпарат Халықаралық әуежайлар кеңесінің сайтында да жоқ. Толығырақ материалымызды мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.

“Иттер мен мұсылмандар кірмесін!”: Майк Тайсон, Баду Джек пен Абдалла жайлы тараған видео

Лос-Анджелестегі кафе иесі туралы видео әлеуметтік желіде жиі таралып жатыр. Видео мәтінінде кафе иесінің есік алдына “мұсылмандар мен иттерді кіргізбейтінін жазғаны” айтылған. Видео ғаламторда тез тараған соң, біз бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексердік.

Лос-Анджелес орталығындағы кофехананың иесі есігінде: “иттер мен мұсылмандар кіргіздірілмейді” деп жазды. Бұл жағдай туралы бокстан экс-чемпион Майк Тайсон, қазіргі әлем чемпионы швед Бадо Джек және әлем чемпионы палестиналық Аамер Абдулла біліп, осы дүкенге кірді. Кофе дүкенінің иесі мен қызметкерлері олардың намаз оқығандарына қорлықпен қарап отыр. Дүкен иесі бір сөз айтуға шамасы келмеді. Желіде таралған мәтіннен

Желіде тараған мәтіннен

Бұл видеода Баду Джек пен Майк Тайсонның артында бейнеленген логотип Tyson Ranch дегенді білдіреді. Бұл компанияның негізгі иесі — Майк Тайсон. Яғни, Майк Тайсон видеодағы кафенің иесі. Желідегі оқиға толығымен ойдан шығарылған және адамдар сену үшін Тайсон, Джек және Абдалланың намаз оқыған видеосын (Тайсон мекемесінде расымен намаз оқыған) жүктеген. Ал үкімі – жалған.

Тайсон компаниясы негізінен каннабис өнімдерін сатады. Tyson Ranch 2018 жылдың 1 қаңтарында ашылды. Сол күні Калифорния штатында марихуанаға заң бойынша рұқсат етілген еді.

Kaspi Bank кибершабуыл туралы ақпаратты жоққа шығарды

28 қазан күні Kaspi.kz қосымшасында техникалық ақау туындады. Нәтижесінде клиенттердің шоттарындағы қаржы көлемін қате көрсетіп жатыр. Бірақ клиенттердің ақшалары жеке шоттарында сақтаулы тұр.

Өкінішке қарай картамен төлем жасау, банкоматтардан ақша шешу, толықтыру, төлемдер мен аударымдар уақытша қожетімсіз. Компания барлығын тез арада қалыпқа келтіру үшін жұмыс жасауда. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұның кибершабуыл екендігі туралы жалған ақпарат тарады. Ешқандай кибершабуыл болмағанын хабарлаймыз, клиенттердің қаражаты түгелдей өз қалпында және ақау ретке келтірілгеннен кейін қосымшада дұрыс көрсетіледі.

Kaspi.kz

28 қазанда, таңертең Kaspi.kz-ке шабуыл жасап, хакерлер 78,9 миллион теңге ұрлады деген ақпарат WhatsApp-та тарады. Kaspi.kz желіде тараған хабарламаны жоққа шығарды.

Маска тақпаған жағдайда ЖСН, есепшот бұғатталатыны рас па?

Соңғы уақытта WhatsApp-та еліміздің барлық қалаларында рейт жүріп, маска тақпағаны үшін 83 мың теңге айыппұл төлеу керек екені, төлемеген жағдайда ЖСН, есепшот бұғатталатыны туралы аудиохабарлама тарап жүр. Ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Аудиохабарлама мазмұны: Барлық қалада қатаң рейд жүріп жатыр. Маска болмаған жағдайда 83 мың теңге айыппұл жазып береді. Айыппұлды төлей алмасаң есепшотты, ЖСН нөмірді жауып тастайды. Двордан болсын ұстап алады. Маска тағуды ұмытпаңдар. Абай болыңдар!

Біріншіден, жеке тұлғалардың санитарлық талапты сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы, бірінші тармағы бойынша 83 000 теңге айыппұл төлейтіні рас. Бірақ айыппұлды төлемеген жағдайда ЖСН, есепшотты жауып тастайды деген хабарлама шындыққа сай келмейді. Себебі заңнамада бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Толық ақпаратты ұсыну үшін заңгермен тілдесіп, манипуляция екенін анықтадық. Толығырақ мына сілтемеге өтіп оқысаңыз болады.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • 4 қазанда Stan.kz сайты Кавасаки синдромының ересектер үшін де қауіп төндіретіні туралы ақпарат таратты. Мақалада CDC-ге сілтеме жасай отырып, бұл синдромның арты өлімге алып келуі мүмкін екені айтылады. Біз ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрдік.
  • Қазақстанда депутат пен халықтың байланысын нығайтуға арналған Salemdeputat.kz сайты іске қосылады. Оның көмегімен ел тұрғындары депутаттарға тікелей сұрақ қоя алады. Zertteu Research Іnstitute қоғамдық қоры өкілдерінің айтуынша, сайт облыстық мәслихат немесе парламент мәжілісінің депутатына электрондық ашық хат жіберуге мүмкіндік береді.
  • 19 қазан күні өткен брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов түрмедегі адамдар саны туралы біраз дерек келтіріп, олардың саны бойынша Қазақстан әлем рейтингісінде 100-орында тұрғанын айтты. Біз бұл ақпаратты әлемдік статистикаға сүйене отырып тексеруді жөн көрдік.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz