Апталық шолу: кедейлік деңгейі, Байқоңырдағы коронафейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz редакциясы Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Бұған қоса әлеуметтік желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады. Жарияланған материалдарды әдеттегідей шолып шығайық.

Депутат Ақылбек Күрішбаев инновация туралы қателесті ме?

Ақпанның төрті күні өткен сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев аграрлық ғылымдарға қатысты бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz әдеттегідей депутаттың қаншалықты рас сөйлегенін тексерген еді.

Егер Қазақстандағы ғылым туралы айтсақ, мынадай дерек келтіргім келеді: жаһандық инновациялық индекс 2020-ға сай, былтыр еліміз инновация тиімділігі бойынша 77-орынды алды. Дамыған елдерді былай қойғанда біз Ресей мен Беларусьтың артында қалып отырмыз. Армения, Моңғолия, Ямайка, Панамадан төмен түсіп кеттік.

Ақылбек Күрішбаев

Инновацияның кіріп шығуына қатысты 80 жуық көрсеткіш сарапталғанда Қазақстан 2020 жылы 77-орынға тұрақтаған. ЖИИ-дің Қазақстанға арналған 2020 жылғы статистикалық сенімі 74 пен 80-нің арасы. Үкімі шындық. Толығырақ мына сілтемеде.

Фейк | “Cұмдық! Халықты жаппай чиптеу басталды!”

Әлеуметтік желіде Байқоңыр қаласының медицина қызметкерлеріне вакцина салып, салдарынан ауырып, бірінің құрысып, дірілдеп жатқаны бейнеленген видео тарады. Видеоның қаншалықты шындыққа жанасатынын Factcheck.kz анықтап көрді.

“Байқоңырда сыныптас құрбыларым бар еді, дәрігер, медбике болып жұмыс істейді. Оларға вакцинация бастапты. Бір сыныптасыма кеше салған екен. Бірініші күні сүйектері сырқырап, орнынан тұра алмай жатып қалыпты. Наркомандар сияқты, аяқ-қолымды баса алмай қалдым дейді. “Ертеңіне сүйектерім ауырғаны басылып, орнымнан тұра алмай, көзім жұбылып, ұйықтай беремін” деді. Кеше тағы бір қызға вакцина салған екен, аяқ-қолы тырысып, дірілдеп, жедел жәрдем қызметі инфекциялық ауруханаға алып кетіпті”, – дейді видеодағы әйел даусы. [қаз қалпында – ред.]

Желіде тараған видео

Желіде тараған видео Байқоңырда емес 2015 жылы Жаңаөзенде түсірілген. Бұдан бөлек, коронавирус вакцинасын салдыртқан жағдайдың өзінде, кері әсері мұндай болмайды. 2015 жылы Жаңаөзенде қызылшаға қарсы вакцина үлкен дау тудырды. Сол кезде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған Руслан Бектібаевтың айтуынша, Маңғыстау облысында вакцинациядан кейін ауруханаға 117 бала жатқызылған. Олардың арасында жан сақтау бөлімінде жатқандар бар. Толығырақ мына сілтемеде.

Арандату | Коронавирус ауруы тоқтады

Соңғы күндері Қазақстандық интернет кеңістікте коронавирустың тоқтағандығы туралы “сүйіншілеген” видео-жаңалық тарап жатыр. Әсіресе WhatsApp желісінде әртүрлі монтаждалған видеолар чаттарда қыдырып жүр. Видеодағы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатынын редакция анықтады.

Видео 2020 жылдың 10 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі (ОКҚ) брифингте түсірілген, сондықтан мәлімдеменің қазіргі жағдайға ешқандай қатысы жоқ. Тараған видеоға сеніп, арандап қалмаңыз. Видеода сөз сөйлеген Бағдат Қожахмет қазір ҚР ДСМ-ның ресми өкілі емес, ол 29 қазанда екі тараптың келісімімен қызметінен кеткен болатын. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Депутат Саиров Қазақстандағы кедейлік деңгейі туралы рас айтты ма?

17 ақпанда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елде кедейлердің өсіп келе жатқанын айтты. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар саны 1 миллион 65 мыңнан асты. Бұған дейін «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев осындай сауал қойған. Factcheck.kz депутаттың сауалын тексеріп көрді.

Ресми деректер Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 млн 65 мың адамнан асқандығын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейі 21 пайызға өсіп отыр.

Ерлан Саиров

Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың 3 тоқсанында елдегі күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 5,7% немесе 1 065 179 адам болған. Ал 2019 жылы осы кезеңде 4,5% немесе 843 042 адам болған. Расымен де, 2019 жылдың үшінші тоқсанынан 2020 жылдың үшінші тоқсанына дейінгі аралықта кедей азаматтардың саны 21 пайызға өскен. Үкімі шындық.

Кедейліктің мұндай деңгейін Статистика комитетінің әдіснамасын қолдансақ ғана байқаймыз: Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейіне (бір адамға айына 32668 теңге) негіздеп есептейді. Егер БҰҰ немесе Дүниежүзілік банк стандарты бойынша есептесек, кедейлік шегінен төмен адамдардың саны екі-үш есе көп (2016 жылы 6 есе көп болған).

Басқа қандай материал жарияланды

  • Фактчек | Моңғолия азаматтары елдің байлығынан дивидендтер ала бастады
  • Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
  • Фактчек | Қазақстанда ажырасу азайды
  • Франция Google компаниясын келіссөзді бұзды деп айыптады
  • Коронавирус қауіпі 8 есе артты ма?
  • Малайзия соты Malaysiakini сайтына 123 мың доллар айыппұл салды
  • Болот Теміров АҚШ билігінің «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» марапатына ие болды

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz