Апталық шолу: Израильдің коронавирусқа қарсы дәрісі, Цойдың болжамы, Перуашев неден жаңылды?

Осы аптада Factcheck.kz әдеттегідей депутаттар мәлімдемесін тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Азат Перуашев неден жаңылды?

30 қыркүйекте ҚР мәжілісінің жалпы отырысында “Ақ жол” партиясының лидері Азат Перуашев премьер-министр Асқар Маминге, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымоваға кредиттік амнистия жайлы сауал жолдады. Factcheck.kz депутаттың айтқан ақпаратын тексерді.

Перуашев Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйеніп, биылғы жылы кедейлік шегінен төмен өмір сүретін қазақстандық саны бір жарым есеге, яғни, 800 мың адамға көбейіп, 2 миллион 300 мыңнан асқанын айтты. Сонымен қатар, елдегі әрбір сегізінші азамат кедейлік шегінде өмір сүретінін мәлімдеді. “Ақ жол” партиясының депутаты мұнай өндіруші мемлекет үшін жарамсыз және алаңдататын көрсеткіш екенін жеткізді.

Расымен Дүниежүзілік банктің сайтында Перуашевтің айтқан статистикасы көрсетілген.

Бірақ, ескеретін жайт, Дүниежүзілік банктің келтірген деректері болжам ғана. Ал “Ақ жол” у жетекшісі бұл статистиканы орындалғандай етіп айтты. Яғни, бұл Дүниежүзілік банктің тек пессимистік пайымы. Сондықтан редакция Перуашевтің айтқан мәлімдемесіне шындық және манипуляция деп үкім шығарды. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқысаңыз болады.

Израильдің жаңа дәрісі коронавирустан емдей ме?

Израильдің «Детали» ақпараттық-сараптамалық сайтында коронавирусты емдей алатын жаңа израильдік препараттың пайда болуына орай «Әлемде алғаш рет: Жаңа израильдік препарат «коронасы» бар науқастарды емдеп шықты» деген тақырыппен жағымды жаңалық жарияланды. Factcheck.kz журналисі Медет Есімханов бұл ақпараттың шындық және манипуляция екенін анықтады.

Шындығы, мұндай препарат расымен бар және оған қатысты ақпарат негізінен дұрыс. Сондай-ақ өндірушінің ресми хабарламасына сәйкес, эксперимент кезінде бес науқас жазылып шыққаны да жалған емес.

Енді манипуляцияға келейік, бұл препарат коронавирустың өзін емес, онымен бірге ілесіп жүретін цитокин дауылының ауыр формасын емдейді (мұның не екенін төменнен оқыңыз). Сондықтан бұл – коронавирусты емдейтін дәрі емес. Ал материалдың тақырыбы, мақаланың мәтіні және оның әлеуметтік желіде тарап жатқан мазмұны оқырмандарды шатастырады. Толығырақ мына сілтемеден оқуға болады.

Цой карантинге байланысты болжамын айтты

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі коронавирус эпидемиясына байланысты үш түрлі болжам жасады.

  • Пессимистік болжам бойынша, егер тек 60 пайызы маска режимін ұстанса қазан-желтоқсан айында шамамен 190 мың адам коронавирус жұқтырады. Ауруханаға 65 мың адам жатуға мәжбүр болады. Локдаун желтоқсан айының ортасында орнайды деп болжанып отыр.
  • Министрліктің екінші болжамы бойынша, 70% маска тағу режимін ұстанса, қазан-желтоқсан айында шамамен 90 мың адам коронавирус жұқтырып, 30 мың адамның ауруханаға жатуына тура келеді. Сонымен қатар, локдаун келесі жылдың қаңтар айында енгізілуі мүмкін.
  • Егер қашықтық сақтау шаралары сақталып, маска тағу режимі 100 пайыз көрсеткішке жетсе, қатаң карантин шаралары енгізілмейді. Бұл болжам жүзеге асқан жағдайда қазан-желтоқсан айында шамамен 40 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға 15 мыңдай адам жатады.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • 5-нен 6 қазанға қараған түні Бішкектің орталық алаңында парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін он шақты партия өкілдері митинг өткізіп, сонымен бірге, сайлау нәтижесінің күшін жоюды және қайта сайлау өткізуді талап етті. Толығырақ мына материалдан оқи аласыз.
  • ҚР Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин 2020 жылдың 4,5 айында 47 мың отбасылық зорлық-зомбылық тіркелсе, оның тек 8 мыңы соттың қарауына жіберілгенін айтты. Бұл қаншалықты рас екенін мына сілтеме арқылы оқысаңыз болады.
  • Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының (OPCW) ресми сайтында Ресей билігін сынаушы, оппозиционер Алексей Навальныйдың анализінде “Новичок” тобына жататын удың анықталғаны хабарланды. Толығырақ мына материалымыздан оқыңыз.

Біздің әлеуметтік желідегі, инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz