Апталық шолу: HRW Еңсебекке қатысты мәлімдемесі, елден кеткен жоғары білімді адам саны, Ресей Байқоңыр үшін қанша ақша төлейді?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен басқа елдің медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Жарияланған материалдарды бірге еске түсірейк.

Қазақстаннан жоғары білімді қанша адам кетіп жатыр?

Сәуірдің 28 өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Александр Милютин Қазақстаннан кетіп жатқан жоғары білімділер мен қайтып келмейтіндер туралы мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Бұл ретте Қазақстаннан 2019 жылға қарағанда үш есе көп медицина қызметкері, 4 есе көп педагог, 5 есе көп техникалық маман кетті. Сондай-ақ, ауқымы жағынан қазір елден жастардың кетуі көбейді.

Александр Милютин

Үкім: Жалған және шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылға қарағанда былтыр елден кеткен медицина қызметкері, педагог және техникалық маман саны 0,6 есе азайған. Нақты көрсеткішті төменнен қараңыз:

Дегенмен, статистика бюросының дерегінше, елден кетіп жатқан жастар саны шынымен-ақ артып келеді. Мысалы, 2016 жылы 3 769, 2017 жылы 3 708, 2018 жылы 4 069, 2019 жылы 4 038 адам, ал 2020 жылы карантин шараларына қарамастан 5 712 адам (14-28 жас аралығындағы) елден кеткен. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Мусин: Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар түседі

12 мамырда Мәжілістің пленарлық отырысында цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаржы түсетінін айтты. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаржы түседі. Байқоңыр кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар түсті.

Бағдат Мусин

Үкім: Шындық

Расымен, Ресей Федерациясы мен Қазақстанның 1994 жылғы 10 желтоқсандағы келісім шартында Байқоңырды жалға алғаны үшін Ресей 115 млн доллар төлейтіні көрсетілген. Бұл соманы 27 жылға есептесек 3 млрд 105 млн долларды құрайды. Келісім шартқа сәйкес, 1995 жылдан бастап, Ресей тарапы Қазақстанға 115 млн долларды бір жыл ішінде төрт тоқсанға бөліп, яғни, әр тоқсанның алғашқы айының 15-не дейін жалға алу сомасының төртен бір бөлігін төлейді. Толығырақ мына сілтемеде.

HRW Темірлан Еңсебекке қатысты істі тоқтатуға шақырды

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды сатиралық материал жариялағаны үшін тергеліп жатқан Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға шақырды.

Пікір еркіндігін құрметтеу мен қорғау дегеніміз бұл халыққа қорықпай сын айтып, әзілдеуіне мүмкіндік беру. Қазақ үкіметі бұған жол бермес үшін бейбіт түрде сыни көзқарасын жеткізгендерді қылмыстық жауапкершілікке тартатын (мысалы, Қылмыстық кодекстегі 274-бап – HRW) заңды өзгертуі немесе күшін жоюға тиіс

Ұйымның 20 мамырда таратқан хабарламасында

Мәлімдеме авторлары «бәлкім, билік Қазақстанда сатираға жол жоқ дегенді жеткізгісі келген болар, алайда өздерінің қалжыңды қабылдай алмайтынын ғана көрсетті» дейді.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz