Апталық шолу: Google-ға салынған айыппұл, сексуалды сипатта қозғалған қылмыстық іс саны, пандемия өршігенде қарттар көбірек қайтыс болған ба?

Factcheck.kz редакциясы осы аптада Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында және желіде тараған ақпаратты тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Фактчек | АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы кезеңдегі жүктіліктің 80%-і түсікпен аяқталды

Вакцина басталғалы бері оның төңірегіндегі дау, қауесет әңгімелер толастар емес. Солардың бірі – “АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы мерзімдегі жүктіліктің 80%-тен астамы түсікпен аяқталған” деген тақырыпта ақпарат тарап жатыр. Factcheck.kz сайты вакцинаға қатысты кезекті ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы мерзімдегі жүктіліктің 80%-тен астамы түсікпен аяқталған.

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: АҚШ Ұлттық биологиялық ақпарат орталығы расымен де 14 желтоқсан (2020 ж) мен 28 ақпан (2021) аралығында вакцина салдырған 3 850 жүкті әйел арасында зерттеу жүргізген. Оның 3719 медицина қызметкері. 21 сәуірде шыққан зерттеу нәтижесі бойынша жүктілігі аяқталған 827 қатысушының ішінде 115 жағдай ұрықтың өлуі немесе дамуының тоқтауымен аяқталған (104 түсік жасатқан, 1 өлі туу және 10 жасанды түсік). Оның ішінде 96-ы, яғни 82,7%-і 13-ші аптаға дейінгі (бастапқы кезеңдегі) жүктілік мерзімінде болған.

Манипуляциясы мынада:
1) бұл тек алдын ала деректер нәтижесі, зерттеу әлі жалғасып жатыр.
2) негізінен бұл орталық вакцина мен түсік тастау қаупі (жүктіліктің өздігінен тоқтауы) арасындағы байланысты қандай да бір жолмен дәлелдеумен әрі оны жоққа шығарумен айналыспайды, бұл – зерттеудің негізгі мінеті емес.
3) сонымен қатар, вакцинаның түсік тастау қауіпіне әсер ететіндігі туралы нақты бір дәлел жоқ. Бұл туралы Reuters те жазды.

Соңғы 5 жылда балаларға қарсы сексуалды сипатта қанша қылмыстық іс қозғалды?

16 тамызда мәжілістің кезекті отырысында депутат Бақытбек Смағұл еліміздегі кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы сексуалдық зорлық-зомбылық оқиғасына қатысты бірқатар деректер келтірді. Factcheck.kz редакциясы депутат мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Мәселен, соңғы бес жылда елімізде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген.

Бақытбек Смағұл

Үкім: Шындық

ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2016-2020 жыл аралығында балаларға қарсы сексуалдық сипатта 3 893 қылмыстық іс тіркелді.

Оның ішінде, зорлау – 748, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері – 672, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекеттер жасау – 1808 және азғындық жолына түсіру – 665 қылмыстық іс-әрекет тіркелген.

Пандемия өршігенде қарттар көбірек қайтыс болған ба?

Әлеуметтік желіде былтыр коронавирус өршіп, елдегі ахуал нашарлағанда қарттардың көп бөлігі қайтыс боп кеткені туралы ақпарат тарады. Қоғам үшін бұл проблеманың қауіпсіздік, саналы іс-әрекет жасауы тұрғысынан маңызын ескеріп, Factcheck.kz жағдайдың ақ-қарасын ажыратып көруді жөн деп тапты.

Апталық шолу: Google-ға салынған айыппұл, сексуалды сипатта қозғалған қылмыстық іс саны, пандемия өршігенде қарттар көбірек қайтыс болған ба?
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат

Үкім: Жартылай шындық

Статистика бюросында бар дерекке сай, 2019 жылдың басында Қазақстанда барлығы 18 395 567 адам болса, оның 2 030 211-і 63 жастан асқан еркек пен 59 жастан асқан әйел болған — халықтың 11,4%-і. 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 18 879 552 адам, оның ішінде 2 080 647-i 63 жастан асқан еркек пен 60 жастан асқан әйел болған — халықтың 11,02%-і. Сан тура сәйкес келмесе де, бір жылда егде жастағылар өлімі көбейгені рас.

Мысалы, 2019 жылы 63 жастан жоғары 81 576, 16-62 жас аралығында 46 164 адам, 2020 жылы 63 жастан жоғары 102 638, 16-62 жас аралығында 53 719 адам қайтыс болған. Яғни бір жыл ішінде қарттар арасында өлім-жітімнің өсімі 25,81%-ті құраған. 16-62 жас аралығындағы мұндай өсім 16,36%- ті көрсетіп отыр. Демек, былтыр елдегі жағдай нашарлағанда қарттар көбірек зардап шеккен деген сөз негізсіз емес.

Францияда Google компаниясына 500 миллион еуро айыппұл салынды

Google корпорациясы Франция билігіне жаңалық тақырыбы мен контент үзіндісін Google News қызметіне біріктіргені үшін 500 миллион еуро айыппұл төлеу керек. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Монополияға қарсы реттеушінің 13 шілдедегі мәлімдемесіне сәйкес, Google медиакомпаниялармен лицензия жасау туралы келісімге келмеген.

Антимонополия басшысы Изабель де Сильваның айтуынша, бұл монополияға қарсы реттеуші салған ең көп айыппұл.

2020 жылдың сәуірінде монополияға қарсы реттеуші Google компаниясын БАҚ пен басылым агенттіктерімен келіссөз жүргізуді міндеттеді. Еуроодақтың 2019 жылғы авторлық құқық туралы ереженің түзетуіне сәйкес, авторлық құқығы қорғалған жаңалық, фото және видеоны пайдаланғаны үшін сыйақы төлеуге тиіс болған.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz