Апталық шолу: Facebook, жыныс ауыстыру, қала ауасы ластануының себебі және басқалары

Factcheck.kz әдеттегідей Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Автокөлік қала ауасы ластануының негізгі себебі ме?

24 ақпанда өткен мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Сәлімжан Нақпаев қалалардағы атмосфера жағдайына қатысты бірқатар дерек келтірді. Журналист Думан Терликбаев депутат мәлімдемесін тексерді.

Мысалы Нұр-Сұлтан қаласында деректер бойынша 2019 жылы атмосфераға 108 мың тонна ластаушы заттар келіп түскен. Жылу көздерінің үлесіне 33%, жеке секторға 29% және автокөлікке 32,5% тиесілі.

Сәлімжан Нақпаев

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сай, 2019 жылы Астана қаласында ауа ластаушы заттар шығарындыларының шегі 103,7 мың тоннаны құраған. Алайда бұл көрсеткіш тек 89,6 мың тоннаға дейін жеткен. Оның ішінде “Астана-Энергия” АҚ үлесі 56,9 мың. Ал автокөлік шығарындылары 94,6 мың тонна. Айта кету керек, автокөлік шығарындылары басқаларына қарағанда өзгеше, қалаға кірген жанармай көлеміне қарай есептеледі. Яғни бұларды бірге айтудың өзі статистикаға біраз томпақ келеді. Үкімі манипуляция. Толығырақ мына сілтемеде.

Жыныс ауыстыру тегін бе?

Соңғы күндері қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі – жыныс ауыстыру. Әлеуметтік желі мен сайттарда әртүрлі сарындағы пікірлер өрбіп жүр. Әсіресе, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығынан кейін резонанс пен түсініспеушілік көбейе түсті. Осы орайда Factcheck.kz ҚР заңдарына сүйене отырып ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Пікір: Қазақстанда жыныс ауыстыру тегін Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат

Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жыныс ауыстыру отасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді және бұл ақылы қызметке жатады. “Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы” ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы №672 қаулысында отаның нақты бұл түрі (жыныс ауыстыру) жоқ. Сондықтан “Қазақстанда жыныс ауыстыру тегін” деген ақпарат өтірік. Толығырақ мына сілтемеде.

Facebook қалай және қайдан вакцина салуға болатынын арнайы стикермен көрсетеді

Facebook және Instagram әртүрлі елдердің қолданушыларына вакцинаны қашан және қайдан салуға болатынын көрсетпек. Сонымен бірге, қабылдауға жазылу үшін арнайы сілтемелер болады.

Facebook компаниясының негізін қалаушы Марк Цукербергтің айтуынша, бұл функция көмегімен әртүрлі елдердің қолданушылары коронавирусқа қарсы вакцинация туралы ақпаратты біле алады. Бұл механизм Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде қатар қолданылмақ.

«Біз бүгін 50 миллион адамға COVID-19 вакцинациясын салдыруға кеңес беретін жаһандық науқанды бастаймыз. Қазір көптеген елдер вакцинацияға көшіп жатыр. Біз бәріне вакцинацияны түсіндіретін функцияларды іске қосқалы жатырмыз», – деді Цукерберг.

Бұған дейін, Facebook желісінің жаңа ережесіне сай коронавирус вакцинасына байланысты жалған ақпараттар өшірілетіні хабарланған.

Басқа қандай материал жарияланды

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz