Апталық шолу: Facebook-тың нарықтағы капитализациясы, орыс тілінде оқитын оқушы саны, Қоңыров ЖІӨ қысқарғаны туралы не деді?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елдегі және әлеуметтік желідегі тараған ақпараттарды тексерді. Сонымен қатар, әлемде не болып жатқанын жазды. Жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фактчек | Айқын Қоңыров 2020 жылы ЖІӨ қысқарғаны туралы не деді?

9 маусымда Мәжілістің кезекті пленар отырысында депутат Айқын Қоңыров Қазақстанның ЖІӨ көлемі төмендеуі және 2020 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айтарлықтай қысқарғаны туралы мәлімет айтты.

Мәлімдеме: «2020 жылы ЖІӨ 10 миллиард доллардан астам төмендеді және жан басына шаққанда шамамен 8% қысқарды».

Айқын Қоңыров

Үкім: Жартылай шындық және Техникалық қате

Жартылай шындығы мынау: Депутат қазақстандық дереккөздердегі ЖІӨ-ні доллармен есептеген дерек келтіреді, сол себепті көрсеткіштердің төмендегені байқалады. Дегенмен ұлттық валютадағы статистиканы келтіретін болсақ, онда 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі экономикалық көрсеткіш, керісінше өсті. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк немесе Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық ұйымдар мәліметі Қазақстандыкінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Техникалық қатесі мынау: Депутат ЖІӨ көрсеткіштері туралы ескі деректерді келтірген. Мәселе мынада, статистика биыл 27 мамырда түзетілді. Жаңа мәліметтер бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің төмендеуі – шамамен, 7%, ал ескі мәліметтер бойынша – 8%. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Әшімбаев: Қазақстанда оқушылардың 41%-тен астамы орыс тілінде оқиды

ҚР Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Ресей Фердерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен кездесуде білім саласына қатысты бірқатар статистика келтірді. Factcheck.kz сайты спикердің мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстанда оқушылардың 41%-тен астамы орыс тілінде оқиды.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы

Үкім: Жартылай шындық

ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҒЫ МЫНАДА: Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта тек орыс тілінде 412 216 оқушы және аралас мектептерде орыс тілінде 685 891 оқушы білім алады (екеуін қосқанда 1 098 107 оқушы), ал жалпы білім беретін мектептерде 3 481 347 оқушы барын ескерсек, 31,5% оқушы орыс тілінде білім алуда. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Жамаубаев мемлекеттік даму бағдарламаларының нәтижелері туралы

Біз ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың 9 маусымда Мәжілісте жасаған мәлімдемелерін тексеруді жалғастырамыз. Бұл жолы министрдің 2020 жылға арналған ең маңызды мемлекеттік даму бағдарламаларының нәтижелері туралы мәлімдемелерін тексеріп көреміз.

Мәлімдеме: …«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында транзиттік жүк көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 20%-ға артып, 23,5 млн тоннаға жетті.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Шындық

Шынында да, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың есебінде 2020 жылдың соңына қарай транзиттік жүк тасымалдау көлемі 23,5 миллион тоннаға жеткені айтылған. 2020 жылғы қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы Қазақстан арқылы 19,4 миллион тонна жүк тасымалданды деп хабарлады. Осылайша транзиттік жүк көлемі 21,1%-ға артқан. Материалдың толық нұсқасын мына сілтемені басып оқи аласыз.

Facebook компаниясының нарықтағы капитализациясы 1 трлн доллардан асты

Facebook компаниясының нарықтағы капитализациясы алғаш рет 1 трлн доллардан асты. Компанияның нарықтағы бағасы өсуіне антимонополияның Facebook-ке қарсы соты оң нәтижемен аяқталуы себеп болды. Компанияның бір акциясы 4,2%-ға өсіп, 355,64 (шамамен 152 мың теңге) долларға көтерілді.

Сот Федералды сауда комиссиясының Facebookке қарсы шағымын қабылдамады. Шағымда компанияның Instagram мен WhatsApp желісін бәсекелестерін әлсірету үшін сатып алды деп жазылған. Федералды судья сауда комиссиясының дәлелі жеткіліксіз екенін айтты.

Facebook нарықтағы капитализациясы 1 трлн долларға жеткен бесінші компания болды. Бұған дейін бұл тізімде Amazon, Alphabet, Apple және Microsoft компаниясы болған.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz