Апталық шолу: Бектаев ауыл шаруашылығы жөнінде, алып адам қаңқасы туралы миф, Pegasus, және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен басқа елдің медиасында тараған ақпараттарды тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Алып адам қаңқасы туралы миф қайдан шықты?

Әлеуметтік желдіе, түрлі сайтта «‎7 метрлік»‎ алып адам қаңқасы бейнеленген сурет тарап жатыр. Ол жерде бұл сүйектердің Эквадордан табылғаны, оның ежелгі адамның қаңқасы екені жазылған. Бұдан бөлек автор қазіргі ғылымды «‎жалған»‎ деп, шындықты әлдекім жасырып отырғаны айтылады. Factcheck.kz деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Үкім: Фейк

Қолда бар дерекке сай, бұл өзге ғаламшарлықтар мен қастандық теориясы туралы кітап жазған Эрих фон Деникеннің Швейцарияда ашқан паркінде тұрған қолдан жасалған мүсін. Мұны көптеген конспирологияны дәріптейтін сайттар «‎ежелгі алып адамның»‎ дәлелі ретінде алға тартады. Алайда National Geographic-тің басқа «‎алып»‎ туралы материалында мұндай сүйек табылмағаны жазылған. Ал Reuters-тің фактчекерлері мұндай ақпарат туралы басқа суреттердің жалған екенін анықтаған (мында да).

OCCRP: Тоқаев телефоны тыңдалуы мүмкін деген адамдар тізімінде бар

20 шілдеде ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшылық тізімінде болған қазақстандықтардың жаңа бөлігін жариялады. Тізімде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бар.

Бастапқыда тізімде екі журналист және үш белсендінің аты-жөні белгілі болды. Оның ішінде екі шетелдік бар. Зерттеу орталығының дерегінше, “қазақстандық тізімде” екі мыңға жуық нөмір бар.

Сонымен қатар, Тоқаевты президент болған кезде емес Қазақстанның Сенат спикері болған сәтте (2013 жылы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін) тыңдаған. Ал Маминнің вице-премьер болған кезде бақылауда болғаны жазылған.

“Бұл тізімге кіргендердің телефонына бұзып кірді деп нақты айта алмаймыз. Алайда олар NSO Group-тың (Pegasus тыңшы бағдарламасын әзірлеуші) клиенті болуы әбден ықтимал Қазақстан үкіметі қызығушылық танытқан болуы мүмкін деп болжай аламыз” делінген орталық жариялаған есепте.

OCCRP дерегінше, оннан аса елде шамамен 200-ге жуық журналист пен белсендіні аңдыған. Pegasus қызметін, Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі пайдаланған.

Фактчек | Әли Бектаев ауыл шаруашылығы жөнінде

Маусымның 21-де өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Әли Бектаев ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутаттың айтқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Елімізде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу 40%-дың төңірегінде.

Әли Бектаев

Үкім: Үкім жоқ

Ашық дереккөзде бар ақпарат қандай да бір үкім қоюға жеткіліксіз. Ал ауыл шаруашылық министрлігі біз жолдаған сауалға мардымды жауап бермеді. Дегенмен депутат сөзі шындыққа жақын болуы ықтимал. Себебі елімізде 2019 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 5 177 893,7 миллион теңгені құраса, оның 1,6 трлн теңгесі қайта өңдеуден өткен азық-түлік құны: бұл толық көрсеткіштің 30,9%-і. Толығырақ мына сілтемеде.

Қытай коронавирустың шығу тегін зерттеуге арналған ДДСҰ жоспарын қабылдамады

Қытай билігі коронавирус қайдан шыққанын тергеуге арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жоспарының екінші кезеңін қабылдамады. Бұл жоспарға сай инфекция Қытай зертханасынан “шығуы мүмкін” деген болжам кіреді. Бұл туралы Reuters сайты хабарлады.

Шілдеде ДДСҰ Қытайға коронавирустың қалай пайда болғанын зерттеуге жоспардың екінші кезеңін ұсынған. Бұл жоспарға сай Ухань қаласындағы зертханалар мен базарларды тексеріп, биліктен ашық болуға шақырылған.

“Біз вирустың пайда болуын зерттеуге арналған мұндай жоспарды қабылдамаймыз. Өйткені кейбір аспектілері ақылға сыймайды және ғылымға қарсы”, – деді Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының (NHC) орынбасары Цзэн Исинь журналистерге.

Шілде айының басында ДДСҰ басшысы Қытайдағы коронавирус пандемиясын басталуына не түрткі болғанын зерттеу үшін алғашқы күндердегі деректің өңделмеуі кедергі келтіріп отырғанын айтқан.

Басқа жарияланған материалдар

  • Ресейде Telegram желісіне 11 млн рубль айыппұл салынды
  • Желіге 30 мыңнан астам қазақстандық Telegram қолданушысының дерегі тарады
  • БҰҰ жүйесіндегі ұйымдар балалар порнографиясы мен педофилияны насихаттай ма?
  • Байден Facebook-ты коронафейкпен “жеткілікті деңгейде жұмыс істемейді” деп сынады
  • Зерттеу: Қазақстан үкіметі телефон арқылы аңдығандар арасында екі журналист пен үш белсенді бар
  • Психиатр Софья Доринскаяның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мәлімдемелеріндегі жалған және манипуляция

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz