Апталық шолу: Арзан Алматы, Назарбаев мәлімдемесіне фактчек және «Казахстанская правда» бюджеттен қанша ақша алады?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлем медиасында тараған және әлеуметтік маңызы бар ақпаратты тексерді. Сонымен бірге, желідегі жаңалықтардың да рас-өтірігін анықтады. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Манипуляция | Еуропа соты Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізу қылмыс деді

Францияда болған терактан кейін әлеуметтік желіде Мухаммед пайғамбар және ислам діні жайлы посттар көбейді. Желіде Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотының пайғамбарға тіл тигізу қылмыс екені және «сөз бостандығы» ұғымына жатпайтыны айтылып жатыр. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Апталық шолу: Арзан Алматы, Назарбаев мәлімдемесіне фактчек және «Казахстанская правда» бюджеттен қанша ақша алады?
Желіде тараған жазбаның скриншоты

Хабарлама: Бейсенбіде Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ESPCH) Ислам пайғамбарының Мұхаммедті қорлау жазаланатын қылмыс болады және “сөз бостандығы” ұғымына жатпайтыны туралы үкім шығарды. Жеті судья алқасы дерегінше, Пайғамбарға жала жабу, оны қорлау — объективті пікірдің шеңберінен шығып, қоғамда алауыздық тудырады. Сонымен бірге, діни әлемге қауіп төндіруі мүмкін.

Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты мұндай контексте мәлімдеме жасамады. Бұл жердегі жаңалық авторы манипуляцияға жол берген. Бұдан бөлек оқырманды шатастыратын ақпарат таратқан. Толығырақ мына сілтеме бойынша оқи аласыз.

Алматы ең арзан қалалар рейтингінде 5-орында ма?

Қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде Алматының әлемдегі ең арзан қалалар арасында 5-ші орында екенін жазып жатыр. БАҚ дерегінше, рейтингті The Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы 2020 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеп дайындаған. Біздің редакция бұл ақпаратты қаншалықты сенімді екенін және мұндай рейтингтердің қалай есептелетінін тексерді.

Расымен, 18 қарашада Economist Intelligence Unit әлемнің әртүрлі қалаларында өмір сүруге қанша ақша кететіні жайлы материал жариялады. Ал Қазақстанның оңтүстік астанасы ең арзан қалалар рейтингінде 5-ші орында екені жазылған. Рейтингте әлемнің 133 қаласындағы 140-қа жуық тауар мен қызмет бағасы салыстырылған. Бірақ ескеретін жайт бар.

Economist Intelligence Unit-тен бөлек басқа да рейтингтер бар. Мәселен Mercer дерегінше, Алматы өмір сүру үшін ең арзан қалалар арасында 5-орында емес, 21-орында. Бұл рейтингте әлемнің 209 қаласы зерттелген. Mercer әр зерттелген қала бойынша үйдің бағасы мен жалға алу құны туралы талдау жасаған. Mercer зерттеуіне сәйкес, ең арзан қалалар — Тунис (Тунис), Виндхук (Намибия), Бішкек (Қырғызстан) және Ташкент (Өзбекстан). Бұл жаңалықтың үкімі – жартылай шындық.

Назарбаевтың Nur Otan съезіндегі биліктің жетістігі туралы мәлімдемелеріне фактчек

25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Онда басқарушы партия мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімін бекітті. Съезд кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы сайлау туралы мәлімдемесінен бөлек, кезекті рет тәуелсіздік жылдарындағы биліктің жетістігімен бөлісті. Біз нақты фактіге негізделген мәлімдемелерін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Елдегі кедейлік деңгейі кейінгі 20 жылда 11 есеге азайды. Қазіргі күні біз кедейлік деңгейінен 4% төмендедік. Бұл тіпті дамыған елдерге тән.

Н. Назарбаев

Ресми мәлімет бойынша кейінгі 20 жылда кедейліктің қысқарғаны байқалады. Бірақ экс-президент айтып отырғандай таңқаларлық деңгей емес. Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2001 жылы кедейлік деңгейі 46,7 %-ды құраған. Ал 2020 жылы 2 тоқсанда 5,7% болды. Үкімі – манипуляция. Басқа мәлімдемеліріне жасалған фактчекті мына сілтеме бойынша оқи аласыз.

«Казахстанская правда» бюджеттен қанша ақша алады?

«Мемлекеттік сатып алу хабаршысы» айдары аясында біз «Казахстанская правда»-ның аудиторлық есептерін талдап, мемлекеттік тапсырысқа, яғни сіз бен біздің салығымызға қаншалықты тәуелді екенін анықтадық.

Апталық шолу: Арзан Алматы, Назарбаев мәлімдемесіне фактчек және «Казахстанская правда» бюджеттен қанша ақша алады?

«Казахстанская правда»-ның мемлекеттік тапсырысының негізгі екі көзі бар. Оның біріншісі – Ақпарат министрлігімен келісім бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаудан түсетін табыс, екіншісі – облыстарда ақпараттық саясатты жүргізуден түсетін кіріс. 2019 жылғы сандар мынадай: 643,8 млн министрліктен және 97,9 млн тенге өңір бюджеттерінен.

Яғни, басылымды қаражатпен қамтамасыз етуге биліктің орталық органдары ғана емес, әкімдер де әсер ете алады, ал оны қазақстандықтар төлейді. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • Жалған және манипуляция | Назарбаев АҚШ-тағы сайлау туралы мәлімдемесі.
  • Фейк | Канада қарттар мен балалар үйін біріктірді.
  • Украина делегаттары Қазақстанға коронавирус туралы жалған анықтамамен келгені рас па?
  • Туиттер манипуляция мен жалған ақпаратқа қарсы күресу үшін жаңа функциясын іске қосты. Бұл туралы желі әкімшілігі хабарлады.
  • Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының біріне хакерлер шабуыл жасады.
  • Үндістанда Қытай қосымшаларына тыйым салынып жатыр.
  • Әр қазақстандықтың банкке берешегі 470 мың теңгеден асқаны рас па?
  • Шотландия әйелдеріне тегін гигиеналық заттар беріледі.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz