Апталық шолу: АҚШ жайлы жалған ақпарат, вакцинаға қатысты манипуляция, Абаев сөзіне фактчек

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстанның желі қолданушылары мен басқа да елде тараған ақпараттарды тексерді. Ендеше жарияланған материалдарға бірге шолу жасайық.

Балаларға вакцина салу қауіпті ме?

Жақында «Общественная служба новостей» (ОСН) сайты «Пациенттерді қорғаушылар лигасының» басшысы Александр Саверский вакцина алған адамдардың бір бөлігі өлетіні туралы айтты деген ақпарат таратты. Материалға сай, балаларға вакцина салу — қауіпті, сондықтан да бұл қылмыс болып саналады-мыс. Жақында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда балаларға Pfizer вакцинасын салуды қарастырып жатқанын айтқандықтан, Fаctcheck.kz бала, SARS-Cov-2, вакцина қарым-қатынасы жайында тараған ақпараттың ақ-қарасын тексеруді жөн деп тапты.

Үкім: Шындық және манипуляция

Неге рас? Балаларға арналған «Спутник V» вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты зерттеулер әлі аяқталған жоқ (мұның Қазақстанға қатысы жоқ — ол туралы төменнен толығырақ оқыңыз). Бірақ зеттеу аяқталмай жатып екпе салу туралы да сөз болмады.

Неге манипуляция? Шынымен-ақ SARS-Cov-2 жұқтырған балалардың біраз бөлігі үшін ауру жағдайы ауыр өтпеуі мүмкін. Алайда бұл вакцина салдырмауға себеп емес. Өйткені, біріншіден, инфекция жұқтырған кейбір балаларда мультижүйелік қабыну синдромы (MIS-C) анықталған. Мұндай жағдай Қазақстандық балалардың басынан да өтті. Екіншіден, вакцина алмаған балалар вирус жұқтырса, оны тасымалдаушы болады. Ал бұл, өз кезегінде, әлсіз топтарға инфекция жұғуын жеңілдетеді. Үшіншіден, семіздік пен қант диабеті сияқты ауруы бар жасөспірімдерде COVID-19’‎дың ауыр өту қауіпі бар. COVID-19’бен‎ ауруханаға жатқызылған 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 50-60%-інің созылмалы ауруы болған. Сонымен қатар, балаларға вакцина салудың зияны туралы мәлімдеме фактілермен расталмайды. Толығырақ мына сілтемеде.

Абаев орыс тіліне қатысты қаншалықты рас сөйледі?

Соңғы кездері Youtube-тегі «‎Til Maydani онлайн партиясы»‎ каналындағы «тілге қатысты рейдтер» қызу талқыға түсіп жатыр. «Еріктілер» елдегі дүкен мен басқа да мекемелердегі қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі мен пайдаланылуын тексереді.

Бұл бейнелер Ресейдің саясаткерлерінің арасында дау тудырып, сенаторлары Қазақстандағы орыстілді азаматтардың құқығына алаңдаушылық білдірді.

Осыдан кейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Открытый диалог 2.0» бағдарламасында олардың қылығын «үңгірдегі ұлтшылдық» деді. Мұндай сипаттама енді қазақстандық әлеуметтік желі пайдаланушылардың ашуын туғызып, біразы мұны қорлық не сатқындық деп қабылдады. Сонымен қоса, Абаев тілге қатысты бірнеше дерек келтірген, оның айтқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерейік.

Бізде орыс тілінде 90%-ке жетеғабыл халық сөйлейді.

Дәурен Абаев

Үкім: Үкім жоқ

Тілге қатысты ашық дереккөздерде бар ақпарат бір-бірінен қатты ерекшеленеді, кейбіреуі ескіріп кеткен. Ал Абаевтың нақты қандай дерекке, қандай зерттеуге сүйеніп сөйлегені бізге беймәлім. Бұған дейін Спорт және мәдениет министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017 жылы мемлекеттік тілде сөйлейтіндер үлесі 83,1% екенін айтқан. Ол мұны жылда өткізілетін зертттеу қорытындысы деді. Бірақ біз жақын арадағы сенімді ақпарат таба аламадық. Оның үстіне тілді белгілі бір деңгейде (жақсы не нашар) білу/түсіну мен белсенді түрде пайдалану екі бөлек екенін ескерген жөн. Толығырақ мына сілтемеде.

Тәліптер әйелді өлім жазасына кескен видео бұрын түсірілген

Әлеуметтік желіде тәліптердің Ауғанстанның негізгі елді мекендерін басып алған тұста талапқа сай киінбеген әйелді өлім жазасына кескен видеосы тарай бастады. Бұл видео бұрын қайда жарияланғанын The Quint сайты тексеріп көрді.

Басылымның фактчекерлері видеоны тексеру үшін InVID бағдарламасын қолданып, интернеттен іздеген. Іздеу нәтижесіне сәйкес, видео 2015 жылы Daily Mail сайтында жарияланғаны анықталған.

Апталық шолу: АҚШ жайлы жалған ақпарат, вакцинаға қатысты манипуляция, Абаев сөзіне фактчек
Желіде тараған видеоның скриншоты

Ал бұл оқиға Сирияда болған. Журналистердің жазуынша, «Аль-Каида» ұйымы әйелді неке адалдығын бұзды деген айыппен өлім жазасына кескен.

Осылайша, Ауғанстанда тәліптердің әйелді өлім жазасына кескен видео емес, 2015 жылы Сирияда болған жағдай көрсетілген.

Жалған | АҚШ ұлттық гвардиясына медициналық мақсатта адам ұрлауға рұқсат берілді

Әлеуметтік желі қолданушылары АҚШ жайлы кезекті бір дезинформацияны жиі бөлісіп жатыр. Желіде тараған хабарламада “Теннеси штатының губернаторы Билл Ли № 83 жарлығына қол қойып, ұлттық және мемлекеттік гвардия әскерлеріне адамдардың үйіне басып кіруге рұқсат бергені” жазылған. Сонымен қатар, адам құқығын құрметтеместен тапаншамен қорқытып, интернационалды қылмыскерлердің лагерьлеріне жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылған. Factcheck.kz бұл ақпараттың ақ пен қарасын ажыратты.

Апталық шолу: АҚШ жайлы жалған ақпарат, вакцинаға қатысты манипуляция, Абаев сөзіне фактчек

Теннесси губернаторы ұлттық гвардияға медициналық мақсатта адам ұрлауға рұқсат беретін ұйыммен келісімшартқа отырды. Америкалықтардың басым көпшілігі (назар аудармайтындар) мұның бәрін “қастандық теориясы” ретінде қабылдамады, ал енді лагерлер Америкада белсенді түрде орналастырылып жатқанын біліп, қорқып жатыр. Теннесси губернаторы Билл Ли жұма күні ұлттық гвардия мен мемлекеттік гвардия әскерлеріне адамдардың үйіне басып кіруге, оларды мылтықпен қорқытып, интернационалдық қылмыскерлердің лагерлеріне жеткізуге мүмкіндік беретін 83 жарлыққа қол қойды. Мұның бәрі тиісті рәсім мен азаматтық құқықты құрметтеместен орындалып жатыр. Адамдар “телефон арқылы бағалау” арқылы қарулы күштердің медициналық ұрлаудың нысаны бола алады, ал америкалық азаматтарды медициналық мақсатта ұрлау “уақытша карантиндік және оқшаулау мекемелеріне” мәжбүрлеп орналастыру “деп белгіленеді. Басқаша айтқанда, FEMA секілді концлагерьлер қазірдің өзінде бар, ал covid – америкалықтарды жаппай тұтқындауға және өлтіруге себеп болады. Бұл дегеніміз covid plandemic-тің атын жамылып, өлім лагерлеріне орналастыру.

Желіде тараған хабарлама

Үкім: Жалған

Шынында да, 6 тамызда АҚШ-та Теннесси губернаторы Билл Ли № 83 жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық 5 қазанға дейін күшіне енді. Алайда жарлықтың мақсаты ұлттық гвардияға “медициналық мақсатта адамдарды ұрлауға” рұқсат беру туралы емес, тек COVID-19-бен күресу үшін ресурстарды кеңейту жайлы еді. Толығырақ мына сілтемеде.

Оқуға кеңес береміз

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz