Апта шолуы: желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға қарсы петиция, Ресей-Украина соғысына қатысты фейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлем медиасында тараған ақпаратты тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Ресей университеттерінің дипломы әлемде мойындалмай ма?

13 наурызда Украинаның Жоғарғы Радасының телеграм арнасында және бірнеше танымал медиада “Ресей университеттерінің дипломы әлемде мойындалмайды” деген ақпарат тарады. Бұл хабарлама әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиі тараған соң және оқырмандардың өтінішімен біз ақпараттың рас-өтірігін тексердік.

Әлемде ресейлік университеттердің дипломын мойындамайды

Медиада тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция және жалған

Неге манипуляция? Расымен, AACSB (Бизнес мектептерді дамыту қауымдастығы), Business Graduates Association (Бизнес мектеп түлектерінің қауымдастығы), AMBA (MBA бағдарламасының қауымдастығы), EFMD (бизнес мектептердің ғаламдық желісі) бірлескен мәлімдемесінде ресейлік мекемелермен жұмысты тоқтатып, аккредитациясын қайтаратынын айтқан. Сонымен қатар, бұған дейін берілген дипломға және студенттерге еш қатысы жоқ екені де жазылған.

Неліктен жалған? осы ақпаратқа сүйеніп, “барлық ресейлік университеттің дипломы әлемде мойындалмайды” деп айта алмаймыз.

Әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға қарсы петицияға қол жинау басталды

Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тарту жөнінде петицияға қол жинау басталды. Әзірге 6000-нан астам адам петицияға қол қойды.

Ұсынылған заң жобасының түзетулеріне сай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға, сонымен қатар, уәкілетті органның, яғни, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі уәкілетті орган талабын орындамаса, АҚДМ желінің «Қазақстан аумағында жұмысын шектеуге» құқылы.

Петиция авторларының мәлімдемесі

Петиция авторларының сөзінше, заңның артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру көзделген.

Бұл заң жобасында қажет және маңызды түзетулер жазылғанымен, ел ішінде «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деп танылған нормаларды да қамтиды. Заң жобасы елде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдануға шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер қабылданған жағдайда (заң жобасының 14-16 беті) Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Whatsapp және басқа да желілердің Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеуіне қауіп төнеді… Түзету авторларының айтуынша, мұндай қадам балаларды кибербуллингтен (кибербуллиңнен) қорғау үшін жасалып отыр. Бірақ бұл қадамдардың артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық.

Петиция авторлары

Сонымен қатар, петиция авторлары Сенаттан заң жобасын Мәжіліске қайтаруды, сонымен қатар, ҚР Құқық қорғау ұйымдарымен, мемлекеттік емес БАҚ өкілдерімен және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен заң жобасын міндетті түрде қайта түзеуді талап етті.

Желіде Ресей-Украина соғысына қатысты фейк видео тарады

Әлеуметтік желіде тікұшақтардың әскери брондалған көліктерді әуеге көтергені бейнеленген видео тарады. Видеоның бенгал тіліндегі сипаттамасында “Ресейдің Украинадағы әскери базаға шабуылы бейнеленген” деп жазылған. AFP агенттігі бұл ақпаратты терістеді.

6 наурызда Facebook желісінде жарияланған видео жеті миллионнан астам қаралым жинаған. Кейін видео желіден өшірілді. Бірақ басқа желі қолданушылардың жазбасы әлі сақталған.

Апта шолуы: желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға қарсы петиция, Ресей-Украина соғысына қатысты фейк және басқалары
Желіде тараған видеоның скриншоты. Дереккөз: AFP

AFP фактчекерлерінің дерегінше, видео түпнұсқасы 2019 жылы 5 тамызда YouTube желісіндегі «Әскери мұрағат» арнасында жарияланған. Бұған қоса арна авторы видеоның Нидерланд Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін ескерткен.

Видео сипаттамасында 2018 жылдың 17 қыркүйегі мен 13 қазаны аралығында өткен «Falcon Autumn 2018» атты әскери оқу-жаттығулар екендігі жазылған.

Кейін фактчекерлер Нидерланд Корольдік әскери әуе күштерінің Facebook парақшасында 2018 жылдың 12 қазанында жарияланған видео мен фейктегі кадрлар бірдей екенін анықтады.

Оқи отырыңыз

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz