Апта шолуы: Путин мен Kaspi жайлы тараған фейк, Ахметов есірткі туралы не айтты?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар туралы жазды, сонымен бірге, желідегі жазбаларды да тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарға бірге шолу жасайық.

Фактчек | Мәди Ахметов есірткі туралы

16 ақпанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» партиясының депутаты Мади Ахметов Қазақстандағы есірткі айналымы туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 кг-нан астам психобелсенді заттар, 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленіп, 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен. 

Мади Ахметов

Үкім: Шындыққа жақын және техникалық қате

Неге Шындыққа жақын? Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының (ІІО) ресми медиа орталығына қарасты Polisia.kz дерегінше, 2021 жылы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 1400-ден аса есірткі қылмысын тіркеген. 142 келіден астам синтетикалық есірткі алынып, 17 есірткі лабораториясы жойылған.

Неге техникалық қате? 142 келіден астам синтетикалық есірткіге қоса, ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылы қарашадағы дерекке сай, 12 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 4,9 кг героин, 9 тоннадан астам марихуана, 376 кг гашиш тәркіленгенін жазады. БҰҰ дерегінше, табиғи жолмен алынған есірткі түрлері де психобелсенді заттарға жатады. Толығырақ мына сілтемеде.

Ломтадзе Kaspi банктің жабылатыны туралы ақпаратты терістеді

WhatsApp мессенджерінде Kaspi.kz әлемдегі саяси жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқаны туралы хабарлама тарады. Бұған қоса клиенттер несие ала алмайтыны айтылған.

Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе YouTube желісінде арнайы мәлімдеме жасады. Ломтадзе банк Қазақстан нарығынан кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Kaspi банкрот болғаны туралы ақпаратқа қатысты айтқым келеді. Бұл сандырақ әңгіме. Мен 2007 жылдан бері Kaspi басшылығындамын, шамамен 15 жыл болды. Атқарып жатқан жұмысымызға және жетістігімізге толықтай жауапкершілік аламын. Біз ел үшін біраз еңбек еттік. Бізді клиенттер жақсы көреді. Әрине, бізді қызғанатындар және жаман адамдар фейк тарау үшін әдейі ақша төлеп, арандату жасайды. Біз ешқашан тұтынушыларымыздың көңілін қалдырмадық және қалдырмаймыз. Барлықтарыңызға бізге сенім артқандарыңыз үшін рахмет.

Михаил Ломтадзе

Қазіргі уақытта банк қосымшасында несие алуға немесе бөліп төлеуге өтініш беру функциясы қолжетімді. Бұдан бөлек холдингтің ресми сайтында және әлеуметтік желісінде несие беруді тоқтатылғаны жайлы ақпарат жоқ.

Путин Нигерияны ядролық қарумен қорқытты ма?

Әлеуметтік желіде Владимир Путиннің “Нигерияны Ресей-Украина соғысына араласпауды ескерткен” видеосы тарады. AFP журналистері ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

TikTok желісіндегі видео мәтіні орыс тіліне басқаша аударылған. Путин Африка елдеріне «өз ісімен айналысуға және өзге елдің соғысына араласпауға» ескерткен-міс.

Бұған қоса, видео аудармасында «Ресей мен Украина туралы туиттерде жазғанша, өз жеріңіздің мәселесін шешпейсіз бе?» делінген.

Сонымен бірге, видео жазбасына сәйкес Путин: «Егер Африка елдерінің кез келген басшысы Ресей туралы жазатын болса, мен сол елге ойланбастан ядролық соққы жасаймын. Бүгін Нигериядан бастаймын» деген-міс.

Апта шолуы: Путин мен Kaspi жайлы тараған фейк, Ахметов есірткі туралы не айтты?
Видеоның скриншоты.

AFP фактчекерлері желіде тараған видеоның тұпнұсқасы биыл 25 ақпанда жарияланғанын және Путин басқа мәлімдеме жасағанын анықтады. Түпұсқада Путин Украина үкіметінің өкілдерін “нашақор және неонацистер” екенін айтқан.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz