Апта шолуы: Еуроодақтың Украинаға қатысты шешімі, Ресей Instagram’ды бұғаттайды және «Симпсондар» жайлы манипуляция

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар туралы жазды, сонымен қатар, желідегі посттарды да тексерді. Ендеше материалдарға бірге шолу жасайық.

«Симпсондар» мультсериалында КСРО 2024 жылы қайта құрылатыны айтылды ма?

24 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс жариялағалы желіде осыған қатысты біраз күмәнді ақпарат тарап жатыр. Бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желіде танымал “Симпсондар” мультсериалында “КСРО 2024 жылы қайта бірігетінін болжанған” деген әңгіме жиі тарады. Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Апта шолуы: Еуроодақтың Украинаға қатысты шешімі, Ресей Instagram’ды бұғаттайды және «Симпсондар» жайлы манипуляция
Желіде тараған жазбаның скриншоты

Үкім: Манипуляция

Шынтуайтында Симпсондар мультсериалының “Simpson Tide” (Симпсон толқыны) эпизодында, Ресейдің КСРО деп әлі сақталғаны көрсетіледі. Эпизод 1998 жылы (Совет одағы құлағанына 7 жыл болған кезде) наурызда Ресей президенті Борис Ельцин тұсында шыққан. Алайда мультсериалда КСРО 2024 жылы қайта құрылатыны туралы ештеңе айтылмайды. Толығырақ мына сілтемеде.

Еуропа елдері Украинаның болашақта Еуроодаққа қосылуын қолдады

Еуропа елдері Версальда өткен саммитте Украинаның Еуроодаққа қосылуын қолдады. Литва президенті Гитанас Науседа Туиттерде осылай деп жазды.

Азаттық радиосы Науседа сөзіне сілтеп, бес сағатқа созылған пікірталастан соң украин еуроинтеграциясына “иә” деп жауап бергенін жазды.

“Процесс басталды. Оны тез жүзеге асыру енді украиндардың қолында. Украин халқын ЕО өз құрамында көргісі келеді”, – деп жазды Науседа.

Еуроодақтың Версальдағы бейресми саммитінің мәлімдемесі жұмаға қараған түні жарияланды. Онда Еурокомиссия Украинаның Еуроодаққа кіру жөніндегі өтініші жөнінде қорытынды беруі тиіс екені, оған дейін Киевпен әріптестік қарым-қатынас нығая беретіні айтылған. “Украина біздің еуропалық қауымға жатады”, – делінген мәлімдемеде.

Еурокомиссия бағасы ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, дейді Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте.

Ресейде Instagram бұғатталады

Роскомнадзор Ресейде Instagram желісінің жұмысын 14 наурыздан бастап бұғаттайды. Бұндай шешімге Meta компаниясының Ресей әскеріне қарсы ұрандары бар пост жариялауға рұқсат беруі түрткі болды. Бұл туралы ведомствоның Telegram арнасында хабарланды.

Роскомнадзор бұғаттау туралы хабарлама жарияламас бұрын, яғни, инстаграм желісіне шектеу туралы мынадай мәлімдеме жасаған.

«Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының талабын негізге ала отырып, Instagram желісін қолдануға (Meta Platforms, Inc. компаниясына тиесілі.) Ресей Федерациясының аумағында шектеу қойылады», — делінген хабарламада.

Ведомство дерегінше, Instagram желісінде Ресей азаматтарына қатысты зорлық-зомбылық әрекетке шақыратын хабарламалар бар.

YouTube Ресейдің мемлекеттік арналарын бұғаттайды

YouTube мемлекеттік медиаға қатысы бар арналарды бұғаттайтындығын хабарлады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Сонымен қатар, YouTube Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы платформа «саясатын бұзатын» контентті өшіреді.

Биыл наурызда Google Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Еуропадағы Sputnik және Russia Today Youtube арнаcын бұғаттаған. Бұған қоса Youtube Ресейде монетизация функциясын тоқтатты.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz