Апта шолуы: Украина жайлы фейк, Әділбеков мұнай-газ секторы туралы және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде және әлеуметтік желіде Украинаға қатысты тараған ақпараттарды тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарға бірге шолу жасайық. 

Қазақстан Украинаға әскер кіргізуден бас тартты ма?

Америкалық NBC телеарнасының мәлімдеуінше, Қазақстан Украинаға өз әскерін жіберуден бас тартып, Ресейдің өтінішін орындамаған. Телеарна әлдебір ресми тұлғаға сілтеме жасап, оның атын атамады. Бұл мәлімет әлемдік БАҚ-та кең тарап кетті, тіпті Қазақстанның ұстанымын АҚШ қолдаған деген ақпарат бар. Бұл ақпараттың несі дұрыс емес екенін анықтадық.

Апта шолуы: Украина жайлы фейк, Әділбеков мұнай-газ секторы туралы және басқалары
NBC сайтынан скриншот
Апта шолуы: Украина жайлы фейк, Әділбеков мұнай-газ секторы туралы және басқалары
«Оперативний ЗСУ» арнасынан скриншот / Екеуінде де (NBC скриншоты) Мәскеу уақыты көрсетілген

Біздің талдауымыз бойынша, ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) әскерін мүше елдер аумағында ғана пайдалануға болады, ал басқа жағдайларда қазақстандық бітімгерлер басқа елдерге тек БҰҰ мандаты аясында ғана жіберіледі. Яғни, логикалық тұрғыдан мұндай өтініштің болуы да орынсыз, ал бұл пікір ресми айтылмаған да тәрізді, оны дәлелдейтін ешқандай дерек жоқ.

Бір қызығы, ақпараттың бұрмаланып, әлемдік БАҚ-та тарап кетуінің бастауы болған NBC авторы ешкімнің тегін атамай, тек officials деп келтіреді (тіпті қай елдің ресми тұлғалары туралы айтылып отырғаны да белгісіз).

Бұрмалаудың басында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің 22 ақпанда жасаған мәлімдемесі де тұрса керек. Ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып, ҰҚШҰ күшін Украинада пайдалануға ешқандай заңды негіз жоқ екенін айтқан болатын. Сондай-ақ сол кезде ДҰР мен ЛҰР мойындау мәселесі де күн тәртібінде емес екенін мәлімдеген. Толығырақ осында.

Сенатор Әділбеков Қазақстан мен әлемдегі мұнай-газ, тау-кен секторының салық жүктемесі туралы

10 ақпанда парламенттің жоғарғы палатасының кезекті пленарлық отырысында сенатор Дәурен Әділбеков премьер-министр Әлихан Смаиловтың атына сауал жолдап, елдің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджетке қосымша кіріс көздері қажет екеніне тоқталып, бірнеше ұсыныс айтты. Сенатор келтірген деректерді тексереміз.

Мәлімдеме: Тау-кен металлургия кешенінің салық жүктемесі 8–9%-дан аспайды, оны экономиканың шикізаттық емес секторымен салыстыруға болады… 

Дәурен Әділбеков

Үкім: Дәлелденбеген

Ескерту: Бұл жағдайда салық жүктемесі белгілі бір сала кәсіпорындарынан мемлекет бюджетіне түсетін салықтың елдің ЖІӨ-не қатынасын білдіреді.

Тау-кен және мұнай-газ секторларының жиынтық салық төлемдерін ескеріп, оған тау-кен металлургия кешеніне кіретін «қара металлургия» немесе «металл құю» сынды қызмет түрлерін қоспасақ, тұжырымдама дұрыс. Дегенмен мәлімет шашыраңқы берілген. Төменде қолжетімді деректер туралы айтамыз.

Мәлімдеме: салыстыру үшін айтар болсақ, мұнай-газ секторына жүктеме көлемі бірқатар елдерде 23–25%-ды құрайды.  

Дәурен Әділбеков

Үкім: Манипуляция

Манипуляция мынада: әлемдік тәжірибе туралы дерек кең контексттен алынып, «бірқатар елмен» ғана шектеліп тұр. Ол көбі экономикалық тұрғыда дамыған елге жатпайды, ал барлығы дерлік табиғи ресурстарға экономикалық тұрғыда тәуелді (түрлі дәрежеде) елдердің қатарында. Толығырақ осында.

Украина деген ел жоқ па?

Украинадағы соғыс фонында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Украина мемлекеті «1991 жылдан бері шекараны тіркеуге өтініш бермегендіктен» бұл ел жоқ деген ақпарат кеңінен таралып жатыр. Бұл туралы басқа емес, 2014 жылы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун айтыпты-мыс. Хабарлама мәтінінің авторы Украина аумағы Ресейге тиесілі деген қорытындыға келеді. Хабарламаның толық мәтіні төмендегі суретте берілген.

Апта шолуы: Украина жайлы фейк, Әділбеков мұнай-газ секторы туралы және басқалары
Telegram-дағы хабарлама мысалы

Үкім: Фейк

Біз бұл фейктің шыққанына 8 жыл болғанын анықтадық. Хабарлама мәтініндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Украина мемлекеті бар, оның өз шекарасы бар және ел халықаралық қоғамдастықтың мойындалған мүшесі болып саналады. Толығырақ осында.

Басқа жарияланған материалдар 

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz