Amnesty белсенді Садырбаеваға тағылған айыпты алып тастауға шақырды

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен белсенді Райгүл Садырбаеваны дереу босатуды және оны азаптаған полицейлерді жауапкершілікке тартуға шақырды. Бұл туралы Amnesty International сайтында хабарланды.

12 қаңтарда ұсталған және көп ұзамай қамау кезіндегі азаптау жайлы мәлімдеген Райгүл Садырбаева наурыз айынан бастап үй қамақта отыр. Азаттық радиосының жазуынша, оған “жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты” деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Садырбаева өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарады.

Халықаралық ұйым Қазақстан сот органдарынан Садырбаеваға қатысты негізсіз қылмыстық істі тоқтатуды және оны босатуға шақырды.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар Қазақстан Бас прокуратурасын Садырбаеваның шағымына тез арада жан-жақты тергеу жұмысын жүргізуге шақырды. Ол бұған дейін полицияда “тұншықтырды, қару тақады, зорлаймыз деп қорқытты” деп шағымданған.

Amnesty International жазуынша, күдікке ілініп, қызметін асыра пайдаланған полиция қызметкерлері халықаралық адам құқығының стандартына сәйкес жауапқа тартылуы керек. Бұған қоса Садырбаева қаңтар трагедиясына қатысты биліктің қатаң реакциясынан зардап шеккен мыңдаған қазақстандықтың бірі екенін жазды.

Бұдан бөлек Еуропарламент қаңтар оқиғасы жайлы резолюциясында Садырбаеваны «Семейдегі митиңді бақылағаны үшін және істің саяси астары болғандықтан» қамауға алынғанын атап өтті. Бұған қоса оның ұзақ уақытқа түрме жазасына тартылу мүмкін екенін хабарлады.  

Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мәліметінше, еуропалық заң шығарушылар Қазақстан билігі жиі қолданатын «терроризм» айыбын асыра пайдаланбауға, саяси астары бар істерді тоқтатуға, негізсіз қамауға алмауға, құқық қорғаушыларды және белсенділерді қудаламауға шақырды. Сонымен қатар, жазықсыз қамауға алынғандарды дереу босатуға үндеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz