Америкалық белсенді Байденге ер адамдарды стерилдеуді ұсынды ма?

Жаздың аяғында баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде «абортты қолдау қозғалысының белсендісі АҚШ президенті Джо Байденмен кездесіп, Америкадағы ер адамдарды стерилдеуді ұсынды» деген ақпарат (1, 2, 3, 4) кең тарады. Кей хабарламаларда оның жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу үшін кастрация жасауды ұсынғаны да айтылады. Бұл жаңалық көбіне қысқа видеомен қатар жарияланды.

Factcheck.kz редакциясы АҚШ президенті мен видеодағы әйелдің арасында қандай әңгіме болғанын зерттеп көрді.

Үкім: Манипуляция

АҚШ президенті Джо Байден штат пен округ өкілдерімен кездескенде, Солтүстік Каролинадағы Дарем қаласының мэрі (редакция қарастырған ақпараттарда «белсенді» атанып жүрген) Элейн О’Нил ер адамдарға абортқа қолжетімділіктің маңызын түсіндіру мәселесін қарастыра келе, олардың репродуктив құқығына қол сұқса қандай күйде болатынын ойлауға шақырады. Мэр ер адамдарды стерилдеуді ұсынбаған.

АҚШ-та аборт жасауға Конституция кепілдігін алып тастағаннан кейін, ер адамдарды стерилдеу керек деген радикал пікірлер тарады. Мұндай манипуляцияның пайда болуына сол фактор әсер етуі мүмкін. Дегенмен, мемлекет деңгейінде мұндай мәселе қарастырылмаған.

Мәселенің егжей-тегжейі

Байденнің «Ер адамдарды аборт жасау құқығын қолдап дауыс беруге қалай түрткі болуға болады?» деген сұрағына О’Нил былай жауап береді:

Ең алдымен мынаны айту керек деп ойлаймын… Бүгін таңертең әріптестерімнің бірі Виаграны айтты. Ер адамдардан оны қабылдау құқығына тыйым салу мәселесін көтерсек, не болады? Немесе ер адамдарға қолжетімді медициналық процедуралар туралы ойласақ ше? Ал аборт – бұл медициналық процедура. Ер адамның [әйелді] жүкті қылмауына көмектесетін процедуралар бар. Ер адамдардың репродуктив құқығын неге талқыламаймыз деген сұрақ туындайды. Неліктен тек әйел адамдар қарастырылады? Адамдардың назарын бұру мәселеге басқа қырынан қарауға итермелейді. Ал бұл өте жеке, интим тақырып болғандықтан, бұл мәселе дәл қазір талқыланбай отыр.

Элейн О’Нилдің сөзі мен кездесу мәтінін мына жерден көре аласыз.

Контекст

Әйелдер секілді, ерлердің де репродуктив денсаулығын бақылауға мүмкіндік беретін медициналық шаралар бар. Солардың бірі – вазэктомия. Ер адамдарға арналған медициналық шаралар туралы айтқанда, О’Нил осыны меңзеген болуы мүмкін.

Вазэктомия — ер адамдардың контрацепциясының бір түрі. Жеңіл медициналық операциядан кейін шәует жасушасы шәует сұйықтығына түсуін тоқтатады, бірақ либидо, эрекция мен гормонды фон өзгермейді. Жергілікті наркозбен өткізілуі мүмкін операция 20-30 минутқа созылады. Көбіне ауыр жанама әсері де болмайды.

Мэр О’Нил ер адамдардың репродуктив құқығы мен оларға қолжетімді медициналық процедуралар тақырыбын тепе-теңдік болмаған соң көтерген: АҚШ-та 18 жастан асқан ер адамдарға вазэктомия жасауға рұқсат бар; ал әйелдердің жатыр түтігін байлатуына бюрократиялық кедергілер көп және сондықтан әйелдердің басым бөлігі бұл процедураға 21 жастан асқан соң жүгіне алады. Ал 14 штатта аборт жасауға толықтай немесе ішінара тыйым салынған.

Маусымда АҚШ Жоғарғы соты «Роу-Уэйд» ісі бойынша шешімді жойды. Бұл шешім АҚШ Конституциясына сәйкес, әйелдің жүктілікті үзу құқығын қорғайтын. Енді федералды заң аборт құқығына кепіл болмайды, әр штат бұл процедураны өз еркімен шектей алады.

АҚШ-та аборт әйелдердің үштен біріне қолжетімсіз болып қалған соң, вазектомияға сұраныс айтарлықтай өскен. Кейбір клиникаларда бұл көрсеткіш 900%-ке дейін барады. Осылайша ер адамдар серігін жоспарланбаған жүктіліктен қорғау жауапкершілігін өз мойнына алса, кейбірі жоспарсыз балалы болудан өзін сақтандырады.

Жоғарғы сот шешімінен кейін әлеуметтік желіде ер адамдарды міндетті түрде стерилдеу туралы радикал пікірлер де, ер адамдарға заң бойынша «қаржылық тұрақтылық пен эмоционалды тұрғыда жетілмейінше» вазэктомия жасауды міндеттеу саясаты туралы фейк жаңалықтар да пайда болды.

Вазэктомияны контрацепцияның тиімді әрі қауіпсіз жолы саналғанымен, аборт мәселесін шеше алмайды дейді мамандар.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz