Алып адам қаңқасы туралы миф қайдан шықты?

Әлеуметтік желдіе, түрлі сайтта «‎7 метрлік»‎ алып адам қаңқасы бейнеленген сурет тарап жатыр. Ол жерде бұл сүйектердің Эквадордан табылғаны, оның ежелгі адамның қаңқасы екені жазылған. Бұдан бөлек автор қазіргі ғылымды «‎жалған»‎ деп, шындықты әлдекім жасырып отырғаны айтылады. Factcheck.kz деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Әлеуметтік желіде тараған сурет

Үкім: Фейк

Қолда бар дерекке сай, бұл өзге ғаламшарлықтар мен қастандық теориясы туралы кітап жазған Эрих фон Деникеннің Швейцарияда ашқан паркінде тұрған қолдан жасалған мүсін. Мұны көптеген конспирологияны дәріптейтін сайттар «‎ежелгі алып адамның»‎ дәлелі ретінде алға тартады. Алайда National Geographic-тің басқа «‎алып»‎ туралы материалында мұндай сүйек табылмағаны жазылған. Ал Reuters-тің фактчекерлері мұндай ақпарат туралы басқа суреттердің жалған екенін анықтаған (мында да).

Адамзат тарихында табылған сүйектердің ең үлкені ары кетсе гигантизм ауруына ұшыраған адамдікі. Соның бірі ежелгі Римнен табылған — бойы 202 сантиметр болған. Гигантизм сирек кездесетіндіктен мұндай олжа да өте аз. Бұл дерт бала кезде басталып, гипофиздің дисфункциясы науқастың бойының бұрыс өсуіне алып келеді.

Материал жазу барысында жоғарыдағы суреттің интернетте кең тарағанын, көп жерде ұқсас сипаттамамамен жүргенін байқадық. Оның үстіне алғашқы жарияланымдары 2012 жылдарға келеді. Содан бері оқтын-оқтын түрлі сайтта не парақшада қылаң беріп, қастандық теориясы туралы жазылған. Көп жерде оның Эквадорда табылғаны, қазіргі адамдардан 7 есе үлкен екені айтылады. Оны британдық антропалог Рассел Демент атты адам тауыпты-мыс. Алайда интернетте ол кісі жайында ешқандай ақпарат жоқ. Бұдан бөлек, бұл сүйектерді көбіне діни кітаптарда сипатталған «‎алып адамдармен»‎ байланыстырып, соның дәлелі ретінде алға тартады.

Шындығында мүсін 2003 жылы ашылып, келетін адам санының аздығынан қайта жабылған Эрих фон Деникеннің тематикалық паркінің бір бөлігі. Бірақ парк сайтының дерегінше, ол қазір жұмыс істеп тұр. Ал Деникен жер бетіндегі тарихи ғимараттарды өзге ғаламшарлықтардың салғанын айтып, паркіне көлемі жағынан үлкен заттар қойғанды ұнатады. Бірақ ол бірнеше рет ғалымдар тарапынан сынға ұшыраған.

Картина
Эрих фон Деникен алып бас сүйекпен

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz