Алматыда белсенділер Ганди паркіне феминистік шеруге жиналды

Алматыда 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні “Феминита”, “КазФем”, “SVET”, “ФемАгора”, “ФемСреда” қоғамдық ұйымдары белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізуге Ганди саябағына жиналды. Қала әкімдігі 13 ақпанда бұл шараға келісім берген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Әр әйел – жалғызым!”, “Феминизм Қазақстанды құтқарады!” ұрандарымен шеруге қатысушылар Шевченко көшесінің Айманов көшесімен қиылысындағы Ганди паркінен бастап, Шоқан Уәлиханов ескерткіші орналасқан Төлебаев көшесіне дейін бес шақырым жаяу жүріп бармақ. Олар жақынынан зорлық-зомбылық көріп, мерт болған әйелдерді аза тұтады.

Акцияға қатысушылар қоғам мен тұрмыста қазақ әйелдерінің құқығы жиі бұзылатынын, “зорлық құрбандарына заң араша түспейтінін” айтады.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы тұрмыстағы әлімжеттік тақырыбын “тұрақты сақталып отырған мәселе” деп сипаттайды. Ішкі істер министрлігі былтыр қыркүйекте полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 30 мың шағымның негізінде әкімшілік іс қозғалған. Ал өзге жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

БҰҰ есебіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz