Алматы маңындағы бөгеттер: 7 млрд теңгенің тендеріне қатысты бірнеше сұрақ

Кейінгі жылдары климаттың өзгеруіне байланысты Алматыға және оған іргелес елді мекендерге қауіп төндіретін сел жүру қаупі бар өзендер қатарына Аюсай мен Ақсай қосылды. Енді билік бұл шатқалдарда бөгеттер салу туралы шешім қабылдады. Алайда бөгет салуға арналған тендерге қатысты бірқатар сұрақ бар.

Қысқасы, тендерді жеңіп алған компаниялардың бірінде арнайы жұмыстар жүргізуге рұқсат беретін лицензия жоқ, сол үшін олар тендерді жеңе алмады. Алайда тура сондай екінші байқауға (7,3 млрд теңгеге) қатысқан кезде компания лицензиясының жоқтығына қарамай тендер жеңіп алады.

Тендерлер туралы

Алматы – сел жүру қаупі бар аудан. Мұны барлық алматылық біледі және өз өмірінде бұл жағдаймен бірнеше рет кездекен де болар. Алматының маңайында 45 мореналық көл бар және оның жетеуі сел жүру тұрғысынан қауіпті. Бұл аймақта бөгет салу – стратегиялық маңызды мәселе, сондықтан жергілікті тұрғындардың амандығы салынған бөгеттердің сапасына байланысты. Осы тұста 2010 жылы Қызылағаш ауылында бөгет жарылып, 45 адам қайтыс болғанын еске сала кетейік.

5 қазанда сел тоқтатын бөгеттер салуға қатысты екі тендер аяқталды. Екі байқауға да 29 өтініш келіп түскен, екі жағдайда да байқау комиссиясы 27 өтінішті кері қайтарған. Осылайша әр байқауға екі өтініштен өткен.

Бөгеттерге жалпы 22,8 млрд теңге жұмсалады: Ақсай өзенінің бассейніндегі бөгет 15,5 млрд теңгеге, Үлкен Алматы өзенінің бастауы Аюсай өзенінің сағасынан төмен жердегі бөгет – 7,3 млрд теңгеге салынбақ. Тапсырыс беруші – ҚР ІІМ ТЖК-ға қарасты «Қазселденқорғау» мекемесі. Біз тендерлерді қарап шығып, дәл осы мердігерлердің жеңісіне таң қалдық.

Тендер жеңімпаздар небәрі 4 күнде анықталған. Бұл тез бе?

Екі байқау да жеделдетілген тәртіп бойынша, яғни «Арнайы тәртіп қолданылатын байқау» ретінде өткен. 2020 жылғы 16 наурызда президент «Экономиканы одан әрі тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлық шығарды, оған сәйкес «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібі» әзірленді. Бұл экономиканы тұрақтандыру үшін қажет еді.

Аталған тәртіп бойынша кейбір құжаттарды жинау қажеттілігі алынып тасталды, бұл тендерлерді тезірек өткізуге мүмкіндік береді. Әдетте миллиардтаған теңге жұмсалатын байқаудың жеңімпазын анықтау үшін 45-60 күн керек. Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің сонша асығып, адамдар өмірі үшін аса маңызы құрылысты салуға байланысты тендерді жеделдету тәртібі бойынша өткізгені таң қалдырады.

Сонымен «Ақсай өзені бассейнінде сел тоқтатын бөгеттің құрылысы» байқауында TOLAGAI-2050 ЖШС жеңіске жетті. Ал «Үлкен Алматы өзенінің бастауы Аюсай өзенінің сағасынан төмен жерге сел тоқтатын бөгет құрылысы» байқауында Integra Construction KZ ЖШС жеңді. Қызықтың бәрі осы жерде басталады.

Жеңімпаздың кейбір арнайы жұмыстар жүргізуге лицензиясы жоқ

Integra Construction KZ ЖШС Үлкен Алматы өзенінің бастауы Аюсай өзенінің сағасынан төмен жерге бөгет салмақ. Сондай-ақ компания Ақсай өзенінің бассейнінде бөгет салуға арналған тендерге де өтініш берген, бірақ байқау комиссиясы олардың өтінішін қабылдамай қойған. Себебі аталмыш компанияда топырақта арнайы жұмыстар жүргізуге, оның ішінде: су асты-техникалық және теңіз қайраңында жұмыстар жүргізуге лицензиясы жоқ.

Бір қызығы, лицензияның жоқтығы басқа тендерде жеңіске жетуге кедергі болмаған, әйтпесе онда да сел тоқтататын бөгет қажет еді. Осылайша компания бір тендерде жеңіске жетіп, екіншісінде өтпей қалған.

Үлкен Алматы өзенінің бастауында бөгет салу жөніндегі тендер кезінде байқау комиссиясының 13 мүшесінің 5-і Integra Construction KZ ЖШС-нің өтінішін қабылдамаған. Қалған 9 адам олардың өтінішін қабылаған, кейін компания тендерде жеңіске жеткен.

Ал мынау (төмендегі сурет) Ақсай өзені бассейнінде бөгет салу бойынша байқау комиссияның шешімі. Комиссияның 12 мүшесі Integra Construction KZ өтінішін қабылдамаған. Оның себебі – топырақта арнайы жұмыстар жүргізуге, оның ішінде: су асты-техникалық және теңіз қайраңында жұмыстар жүргізуге арналған лицензияның бір түрі жоқ.

Жобалар үш жылға есептелген. Жұмыстар келісімшарт тіркелген күннен бастап 31.12.2022 жылға дейін (құрылыс аяқталғанға дейін) аяқталуы тиіс. Бұл тендерлер бойынша келісімшарттарға әлі қол қойылған жоқ, сондықтан «Integra Construction KZ ЖШС арнайы лицензиясыз сел тоқтататын бөгетті қалай салмақ» деген мәселенің басын ашып алу керек сияқты. Оған қоса бірінші тендерде комиссия мүшелерінің бір бөлігі бұл компания қойылған талаптарға сәйкес емес екенін анық көрсетті, алайда олар екінші байқауда жеңіске жетеді. Осы сұрақтардың жауабы әлі табылмады.

Журналист Factcheck.kz

Factcheck.kz