Алкоголь депрессантқа жата ма?

«Алкоголь депрессантқа жатады» деген тұжырымды жиі естігенсіз бе? Бұл сөз тіркесінің кең тарағанына қарамастан, адамдар оны әртүрлі түсінеді. Біреулер белгілі бір көлемдегі спиртті ішімдік ішкен адамды алкоголь күйзеліске түсіреді деп ойлайды. Екінші топ мұны алкоголь ішкен күннің ертеңінде пайда болатын эмоционал вакууммен байланыстырады. Үшінші топ бұл термин ұзақ әрі жиі ішімдік ішкен адамдарда ғана кездеседі деп топшалайды.

Factcheck.kz редакциясы «Алкоголь расымен депрессант па? Бұл нені білдіреді?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Мәлімдеме: Алкоголь депрессантқа жатады

Үкім: Шындық

Ғылым және медицина деректері алкогольді депрессанттар категориясына жатқызады.

Бұл нені білдіреді?

Есірткі заттары қарастырылып отырған сипатына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Оның адам ағзасына әсері тұрғысынан қарастырсақ, есірткі заттары галлюциногендер, стимуляторлар және депрессанттар деген үш категорияға бөлінеді.

Галлюциногендер адамның қабылдауын, сезімі мен ойын өзгертіп, шынайы көрінетін образдар мен сезімдердің пайда болуына әсер етеді. Стимуляторлар орталық жүйке жүйесін қоздырып, көңіл күйді көтереді, миға сигналдың түсуін жылдамдатадыДепрессанттар, керісінше, қан қысымын, реакция мен тыныс алу жылдамдығын бәсеңдетеді, сонымен қатар сөйлеу қабілеті мен зейін сапасын нашарлатады. Яғни, стимулаторлар мидан денеге баратын хабарламаны жылдамдатады, ал депрессанттар бәсеңдетеді. Олардың атауларының себебі де осында жатыр. 

Стимуляторға кокаин, амфетамин, кофеин, никотин мысал бола алады; депрессанттарға алкоголь, барбитураттар, бензодиазепиндер және ксанакс, валиум, героин, морфин секілді тыныштандыратын-ұйықтататын заттар жатады; галлюциногендер тобына LSD, мескалин (кішкентай қырсыз кактус), псилоцибин (саңырауқұлақ), кетамин және басқалары кіреді. 

Кейбір есірткі заттары бірнеше категорияға жатуы мүмкін. Мысалы, каннибус депрессанттарға да, стимуляторларға да, галоюциногендерге де жатады. 

Қалай болғанда да, есірткінің кез келген түрін, мейлі депрессант болсын, стимулятор немесе галлюциноген болсын, ұзақ уақыт (кейде аз уақыт) қолдану, психологиялық және физиологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін. (12, 34).

Алкоголь қалай әсер етеді?

Англия ұлттық денсаулық сақтау қызметінің дерегінше, алкогольдің бір бірлігі (ағылш — unit) 8 г таза спиртке тең. Ересек адам бір сағатта осы мөлшерді сіңіре алады. 12%-тік шарап бокалында шамамен 1.5 бірлік алкоголь бар. Ендігі түсіндіруді де осы сипатта жалғастырамыз. 

Кейбірінің бір-екі бокал шарап ішкен соң көңіл-күйі көтерілетіндіктен, алкогольдің депрессантқа жататыны біртүрлі көрінуі мүмкін. Көбі сөзшең, өзіне сенімді бола бастағанын байқайды, бірақ мұның уақытша эффект екенін ұмытпаған жөн. Қосымша 3-4 бірлік алкогольден соң адамның жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. 

Маңызды: алкогольға деген толеранттылық әр адамның дене салмағы, ішу жиілігі секілді жеке деректерден құралатындықтан, мысалдарда олқылық болуы мүмкін.

4-6 бірліктен соң (≈3-4 бокал) алкоголь ми мен жүйке жүйесіне кері әсер ете бастайды. Реакция мен координация бәсеңдейді, яғни, мидан денеге сигнал ұзағырақ барады. 

8-9 бірлік алкогольден соң (≈5-6 бокал) реакция одан сайын бәсеңдейді, сөз түсініксіз болады, көру қабілеті фокустан айырылады. Бауыр алкогольден бір түнде құтыла алмайтындықтан, ертеңінде мастықтың салдары ауыр өтуі мүмкін. 

10-12 бірліктен соң (≈6-8 бокал) осы эффектілерге маужырау мен шаршау қосылады. Ішкен адамның көңіл күйі түседі. Бұл факторлардың жиынтығы депрессант эффектісін құрайды.

Ұзақ мерзімде не болады?

2014 жылы Бразилия медицина ассоциациясының журналында жарияланған алкогольдің денсаулыққа әсері туралы зерттеуге сәйкес, алкогольдің орталық жүйке жүйесіне көп реттік ықпалы психомоторлы күйзеліске, ақпарат сақтау мен логикалық пайым құруға байланысты қиындықтарға алып келеді. 

Pharmacology, Biochemistry and Behavior журналында жарияланған алкогольдің жасөспірімдердің миы мен әрекетіне әсері туралы кейінгі зерттеуде (2020 жылғы) жасөспірімдердің алкоголь тұтынуы мен когнитивті қызметтерінің бұзылуы арасында байланыс бары айтылған. 

Дегенмен, басқа психотропты заттарды тұтынудың да осындай салдары болуы мүмкін. Мысалы, метамфетамин (стимулятор) неврологиялық және психиатриялық проблемаларға, психоз бен тіпті, шизофренияға әкелуі мүмкін. МДМА (стимулятор) қолдану күйзеліске, үрейге, зейіннің бұзылуына әкеледі.

Тіпті, бір қарағанда зияны жоқ көрінген кофеин де адам денсаулығына кері әсер ете алады, ал одан күрт бас тарту зейіннің төмендеуіне, бас тарту синдромы кезінде бас ауруына алып келуі мүмкін.

Дәрігерлердің бақылауымен кей стимуляторлар психикалық бұзылыстарды емдеу үшін қолданылатынын да айта кету керек. Дегенмен, мұның қаншалық орынды екені басқа фактчек тақырыбына жатады. Ал бұл материалда біз есірткі заттарын бақылаусыз немесе заңсыз қолдануды қарастырдық. 

Factcheck.kz