Әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға қарсы петицияға қол жинау басталды

Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тарту жөнінде петицияға қол жинау басталды. Әзірге шамамен 1500 адам петицияға қол қойды.

Ұсынылған заң жобасының түзетулеріне сай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға, сонымен қатар, уәкілетті органның, яғни, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі уәкілетті орган талабын орындамаса, АҚДМ желінің «Қазақстан аумағында жұмысын шектеуге» құқылы.

Петиция авторларының мәлімдемесі

Петиция авторларының сөзінше, заңның артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру көзделген.

Бұл заң жобасында қажет және маңызды түзетулер жазылғанымен, ел ішінде «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деп танылған нормаларды да қамтиды. Заң жобасы елде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдануға шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер қабылданған жағдайда (заң жобасының 14-16 беті) Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Whatsapp және басқа да желілердің Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеуіне қауіп төнеді… Түзету авторларының айтуынша, мұндай қадам балаларды кибербуллингтен (кибербуллиңнен) қорғау үшін жасалып отыр. Бірақ бұл қадамдардың артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық.

Петиция авторлары

Сонымен қатар, петиция авторлары Сенаттан заң жобасын Мәжіліске қайтаруды, сонымен қатар, ҚР Құқық қорғау ұйымдарымен, мемлекеттік емес БАҚ өкілдерімен және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен заң жобасын міндетті түрде қайта түзеуді талап етті.

Заң жобасы осы қалпында қабылданса – біздің қоғам ондаған жылға артқа кетері сөзсіз. Бұған қоса, саяси және экономикалық тұрғыдан шеттетілген мемлекеттермен бір қатарда болу қаупі бар.

Петиция авторлары

Контекст

Біз Сарым-Закиева түзетулері деген атаумен танылған дәлелі әлсіз заң жобасы туралы былтыр да жазған едік. Биыл сол заң Сенаттың қарауына жетті. Бұл, шынтуайтынында, алаңдарлық жағдай. Екі кезең ғана қалады, содан кейін жағымсыз өзгерістер басталуы мүмкін. Қарапайым қазақстандықтар, оның ішінде блогерлер, БАҚ пен белсенділерге емес, шенеуніктерге ғана пайдалы өзгеріс. Толығырақ мына материалда.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz