Алаяқтық | Данышпан оқушы Абылай мен көзге арналған «Визория» тамшылары

Біз оқырмандарымыздың өтінішін жерге тастамай, іріктеу шарттарымызға сай келетін сұраныстарға үнемі фактчек жасап отырамыз. Осы жолы да оқырмандарымыздың бірі «Жить здорово» газетіне жарияланған қызықты материалды жіберді. Онда көз ауруларын емдейтін ғажайып дәрі ойлап тапқан қазақстандық оқушы Абылай Ордабаев туралы жазылған. Материалдың сюжетіне сай, қазақстандық данышпан көз торының макулодистрофиясымен ауыратын әжесіне көмектеспек болып ғылыми жаңалық ашады, сөйтіп «әйгілі ғалымдарды жолда қалдырады». Вундеркинд жұмысының нәтижесі – көзге арналған «Визория» тамшысы әрі эликсирі. Ордабаевтың айтуынша, осы дәрінің арқасында мыңдаған адам (бұл қатарда әжесі де бар) көз ауруларынан айыққан. Сондай-ақ «қарапайым адамдар» дәріні алып үлгеріп, сырқатынан айығуы үшін бір жыл адекват бағада сатылып жатыр екен.

Алаяқтық | Данышпан оқушы Абылай мен көзге арналған «Визория» тамшылары
«Жить здорово» газетіндегі мақаланың суреті

Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың өтініші бойынша газеттегі мақаланың рас-өтірігін анықтауға тырысты.

Үкім: Алаяқтық

Оқиғаны мақала авторлары толығымен ойдан шығарған: дарынды бала да, сырқат әже де, баспасөз конференциясы да, қиялдағы оқушы жаңалығын таныстырған халықаралық конгресс те, «Медицинадағы жыл жаңалығы» сыйлығы да жоқ және болмаған. Ал «Визория» дәріге жатпайды және көру қабілетін қайтармайды. Бұл – көз ауруларынан зардап шегетін адамдардан пайда табуды мақсат еткен алаяқтық жүйе.

Фейктің дереккөзі

Оқиға жарияланған «Жить здорово» газетінің жеке сайты, қайдан шығатыны туралы деректер мен редакция жайлы ақпарат жоқ. Басылым сандарын курьерлер таратады және оларды пошта жәшіктеріне салып, пәтер есігіне қыстырып кетеді. Осыған ұқсас «Секреты здоровья» газеті Ресейден шығады. Түсінгеніміз, екі басылымды да бір баспа шығарады не атауын екі нарыққа арнап екі түрлі қойғанымен, негізі бір газет. Қазақстандық оқушы туралы мақала ресейлік газетке де шыққаны осыған дәлел болып тұр. Материалдың мәтіні мен дизайны да ұқсас, айырмашылық тек төлем жасайтын валютада ғана.

Журналистер осы секілді газеттердегі алаяқтық жүйе туралы жазып жүр (мына жерде және мында). Ал Ресейдің Иванова қаласының тұрғындары монополияға қарсы қызметке «Секреты здоровья» басылымының үстінен арыз жазып, қарттарды алдап жатыр деп шағымданған. Бұл жаңалықта Абылай Ордабаев жарияланған газет қоса көрсетілген.

Алаяқтық | Данышпан оқушы Абылай мен көзге арналған «Визория» тамшылары
Фото: news1ivanovo.ru

Абылай есімді бала бар ма?

Қазақстандық данышпан деп таныстырылған Абылай Ордабаев туралы желіден ешқандай мәлімет таппадық. Іздеу жүйесі мемге айналып үлгерген осы газеттің суреттерін ғана тауып береді. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушылары оқушының суретін посттарында немесе пікірге жауап ретінде пайдаланады (мында және мында).

Айтпақшы, 2019 жылы мифологиялық Абылайдан бұрын бұл жолды «қолға алған» студент-вундеркинд Павел Мельник болған. Ол да қазақстандық еді және дәрігер-офтальмологтардың Еуропалық конгресінде зағип болудан құтқаратын ерекше формуланы ұсынып, сенсациялық жаңалық таныстырған-мыс. Бұл фейкті Stopfake.kz-тегі әріптестеріміз талдаған. Мұндай оқиғаларда адамның аты, конгрестер, аурулар, елдер өзгеріп отыратынын айта кеткен жөн. Өзгермейтін бір ғана нәрсе – күдікті препараттарды «тықпалайтын» жарнама.

«Визория» қалай әсер етеді?

Жарнамаланып отырған «Визория» тамшысы мен эликсирі дәріге де, тіпті биологиялық белсенді қоспаға (ББҚ-БАД) да жатпайды. Ол туралы өнімдердің сипаттамасында ашық жазылған (мында және мына жерде). Тамшылардың нұсқаулығында «Визория» «өте сезімтал қабақ ұлпасына күтім жасау үшін шығарылған» делінген. Сөйте тұра қолдануға болатын жағдайлар тізімінде түрлі көз аурулары, көз торының макулодистрофиясынан бастап катаракта мен глаукомаға дейін тұр. Мұндай тізім «Визория» эликсирінің нұсқаулығында да бар, онда эликсирді пайдалану «көз жанары мен тордың зақымдалған ұлпаларын қалпына келтіру процесін бастау үшін» деп жазылған.

Өнім «Здравомед», «Фитомакс», т.б. сынды ББҚ сатумен айналысатын онлайн-дүкендер арқылы таратылады. Қазақстан дәріханаларында «Визория» тамшысы мен эликсир сатылмайтын тәрізді. Жергілікті i-teka медициналық онлайн-анықтамалықтан кілт сөздер арқылы іздеп, ештеңе таппадық. Google-дан іздеп едік, жоғарыдағыдай ресейлік түрлі интернет-дүкендерге әкелді. Препаратты дәрілік заттар тізілімінен іздеп әуреленудің қажеті жоқ екені түсінікті. Желіде «Визория» көз ауруларын емдеуге көмектесетінін дәлелдеген ғылыми тәжрибелер туралы да ақпарат жоқ.

Дәріні кім өндіреді

«Визорияны» өндірумен кім айналысатынын анықтау қиын. Интернет дүкенде бірден үш нұсқа берілген. Біріншісі – «Здравомед» компаниясы. «Өндіруші: Здравомед» деген жазу осы аттас интернет-дүкенде жарнамаланған тамшы да, эликсирде де бар (мында және мында). Сөйте тұра сол жерде төмен жылжытсаңыз тамшыларды «МНПХ «Созвездие мечты» ЖШҚ, ал эликсирді «НПП «Лаборатория красоты и здоровья» ЖШҚ өндіретіні туралы ақпаратты кездестіреміз.

Осыған қатысты бірнеше сұрақ туындайды, себебі бірге қолдану ұсынылатын (сайтта солай жазылған) және тауардың атауы бірдей препараттардың өндірушісі бір болуы керек. Үш компания да ресми сайттарында ББҚ жасаумен және өндірумен айналысатындарын жазған. Десе де «Визория» дәріге де, ББҚ-ға да жатпайды. Бұл препараттың қайдан шыққаны туралы сұрақты одан бетер шатастырып жіберді.

Оған қоса, «Созвездие мечты» компаниясының ресми интернет-дүкенінде «Визория» жоқ. «Лаборатория красоты и здоровья»-ның тауар сататын онлайн-алаңы жоқ, бірақ мекеме сайтында басқалармен қатар келісімшарттық өндіріспен айналысатыны жазылған. Бұл неге өндіруші көп екенін түсіндіретін нұсқа болуы мүмкін. Препаратты көбіне «Здравомед» жарнамалайды, мәселен, компанияның Youtube-арнасында бар. «Здровомед» жарнамасы Абылай Ордабаев туралы мақала жарияланған газеттің бірінші бетінде кездеседі. Сол жерде компанияның сату бөлімінің байланыс нөмірлері көрсетілген, онда ресейлік нөмір тұр.

Түйін

Сонымен, бізде қандай ақпарат бар: көру қабілетін қайтаратын ғажайып дәріні ойлап тапқан данышпан оқушы туралы толығымен ойдан шығарылған оқиға; дәріге де, ББҚ-ға да жатпайтын препарат қызығарлық бағада сатылады; препаратта ББҚ жасап, сатумен айналысатын 3 компания өндіруші деп көрсетілген; компания сайтында тек жағымды пікірлер жазылған (неге екені айтпаса да түсінікті). Яғни бұл – алаяқтық жүйе.

Ең маңыздысы және бізде жоқ ақпарат: препараттың шынында қалай әсер ететіні, ғылыми зерттеулер, дәрі ретінде тіркеу.

«Визория» сынды препараттардың зияны оның құрамында ғана емес (әдетте сізге қарапайым суды жарнамалап, сатады). Адамдар шынайы емге пайдалану керек уақыт пен ақшаны түкке тұрғысыз өнімді сатып алуға жұмсайды.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz