АҚШ-тағы сайлауда 2 млн-ға жуық өлі адам «дауыс бергені» рас па?

Ресей мен Қазақстанның ірі БАҚ-да “АҚШ-тағы президент сайлауында америкалық сот бақылаушылары электорат дауыстарымен 2 млн-ға жуық айла-амал жасалғанын анықтаған. Демографиялық статистика мен сайлаушылардың бюллетеньдерін тіркеу мәліметтері салыстырылып, нәтижесінде 29 штаттағы 353 округте бюллетеньдер саны дауыс беруге құқы бар азаматтар санынан 1,8 миллионға артық екені анықталды. Сондай-ақ, кей штаттарда бюллетень саны екі есе артық: Техаста 100 сайлаушыға 187 бюллетеньнен келген, Нью-Мексикода – 177, және Оңтүстік Дакотада – 171” деген ақпарат тарады.

Әуелі біздің БАҚ-тың жазғанын тексеріп алайық, содан кейін дереккөздер мен деректердің өзіне тоқталамыз.

Үкім: Манипуляция

Бұл жаңалық қазанның ортасында шықты, ал мәліметтердің өзін қыркүйекте, яғни сайлауға дейін екі ай бұрын салыстырған. Маңыздысы – салыстыру әдісінде қателіктер кездеседі, сол себепті айла-амал туралы пікір дәлелденбеген.

Екіншіден, салыстыруды америкалық сот бақылаушылары емес, Judicial Watch үкіметтік емес оңшыл қоры жариялады.

Қордың атауы «сот қадағалаушысы» деп аударылғанымен, БАҚ-та қолданылған «сот бақылаушысы» деген атау оқырмандарды шатастырады, себебі оқыған адам айла-амал анықталғанын сот ресми түрде дәлелдеді деп ойлап қалуы мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Жалпы Judicial Watch ұйымы демократиялық партияға қарсы қызметімен және жалған әрі негізсіз мәлімдемелерімен танымал. Мәселен, олар климатологияны жалған ғылым деп мәлімдеген.

Әуелде айла-амалдар туралы хабарлама қазанның ортасында Judicial Watch сайтына шықты. Кейінірек жаңалықты Washington Times жариялады.

Snopes фактчекинг басылымындағы әріптестеріміз мәлімдеменің қаншалықты шындыққа сай келетінін тексеріп, Judicial Watch-тің есептеу әдісі дұрыс болмағандықтан жаңылыстырған деген қорытындыға келді. Қор округтердегі сайлаушыларды тіркеу туралы соңғы мәліметтер мен American community survey-дегі (Америка қоғамының зерттеуі) 2014-2018 жылдары аралығында жүргізілген дауыс беруге құқы бар тұрғындар туралы соңғы қолжетімді мәліметті салыстырады. Сарапшылардың пікірінше, бұл екеуі салыстыруға  мүлдем келмейді. Мәліметтерді жинау уақыты әртүрлі, тәсілі мен мақсаты да бөлек.

Қателік қайдан кетті?

Берклидегі Калифорния университеті статистика профессоры Филипп Старктың сөзінше, Америка қоғамының зерттеуі (ары қарай ACS) санаққа жатпайды, сол себепті тұрғындардың саны туралы мәлімет болжам ғана.

ACS мәліметтері бес жыл бойы жиналатындықтан, бұл сандарды қазіргі сайлаушылар туралы дерекпен салыстыру дұрыс емес. Оған қоса ACS сауалнамасы 2018 жылы аяқталған. Екі жыл ішінде тұрғындар санында өзгеріс болуы мүмкін.

Дьюк университетінің саясаттану профессоры Саншайн Хиллигустың айтуынша, ACS деректері дауыс беруге құқы бар тұрғындардың қазіргі уақыттағы саны туралы нақты мәліметті көрсетпейді, себебі, сауалнама жүргізілген уақыттан бері болған өзгерістерді есепке алмаған. Адамдар қоғамға кіріп-шығуы мүмкін, кейбір азаматтар кәмелет жасына толып, дауыс беру құқына ие болуы мүмкін.

ACS мәліметтері басқа себеп, мәселен, сотталғандықтан дауыс беруге құқы жоқ адамдар туралы айтпайды. Мұның бәрі ACS зерттеуі тұрғындардың жалпы сипатын көрсету үшін пайдалы болғанымен, сайлау кезінде нақты тұрғындар санын беруге жарамайтынына дәлел.

Салыстыруға қатысты тағы бір мәселе – сайлау кезінде штаттарда лауазымды тұлғалар жүргізетін сайлаушыларды тіркеу мәліметтері осы аудандағы тіркелген сайлаушылардың нақты санын  көрсетпейді, себебі адам қоныс аударған кезде бұл сандар автоматты түрде жаңартылмайды.

Соңғысы, Judicial Watch зерттеуіндегі негізгі баған – тіркелген сайлаушылар мен ACS-тегі дауыс беруге құқы бар тұрғындардың пайыздық айырмашылығы адамды жаңылыстырады, себебі бұл қатарға белсенді емес сайлаушылар да қосылған. Филипп Старктың айтуынша, сайлаушы бұған дейінгі екі президент сайлауында дауыс бермесе «белсенді емес» сайлаушылар санатына жатқызылады.

Кей штаттарда белсенді емес сайлаушылардың поштасына дауыс беруге арналған бюллетень автоматты түрде жіберілмейді. Кей кездері олар өз күйін жаңартпайынша, сайлаушылар тізімінен алынып тасталады.

Қорытынды: сайлаудағы 1,8 млн «елес сайлаушылар» мен айла-амалдар туралы Judicial Watch мәлімедемесі дәлелденбеген және есептеу әдісі дұрыс болмағандықтан манипуляциялық пікірге жатады.

Factcheck.kz