АҚШ-та Ресейді “терроризмнің демеушісі” деп тану ұсынылды

АҚШ сенатына Ресейді “терроризмді демеуші мемлекет” деп тану туралы екі партиялық заң жобасы ұсынылды. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Ресейді терроризмнің демеушісі ретінде қарастыратын заң жобасының құжатын 14 қыркүйекте демократ Ричард Блументал мен республикашыл Линдси Грэм ұсынды. Баспасөз мәслихатында олар Украинада бейбіт тұрғындарды өлтіру және басқа да қылмыстарға қатысты көптеген дәлелге байланысты ұсыныстарын өзекті деп атады.

Әкімшіліктің бұл мәселеге қатысты пікірі басқаша екенін жақсы білеміз. Бірақ онымен келіспейміз.

Ричард Блументал, АҚШ сенаторы

Заң жобасын ұсынушылардың бірі, сенатор Линдси Грэм Ресейді терроризмді демеуші мемлекеттер тізіміне енгізу америкалықтардың Киевке де, АҚШ-тың басқа одақтастарына да қолдау көрсететінінің дәлелі болатынын және Ресейге қарсы қатаң санкцияларға мүмкіндік беретінін баса айтты. Атап айтқанда, бұл заң жобасы қабылданса, Ресейге Украинадағы әрекеті үшін АҚШ сотына шағым түсіруге болады.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді “терроризмнің демеушісі” деп тануға бірнеше рет шақырған.

Бұл заңның қабылдану-қабылданбауы белгісіз. Алайда 7 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Ресейді терроризмді демеуші мемлекеттер қатарына қосуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Ақ үй шенеуніктері бұл шараны Ресейді жауапкершілікке тартудың тиімді жолы емес екенін және мұндай қадам Украинаға гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты.

Factcheck.kz