АҚШ-та қара нәсілді адамдар ақ нәсілділерді 12 есе жиі өлтіретіні рас па?

Әлеуметтік желі мен анонимді телеграм-арналарда АҚШ-тың ақ және қара нәсілді азаматтары 2013 жылы қанша адамды мерт қылғаны туралы кесте тарап жатыр. Дереккөз ретінде Федералды тергеу бюросының (ФТБ) сайты көрсетілген.

Тарап жатқан кей мәліметтерде 2013 жылы қара нәсілді азаматтар немесе афроамерикалықтар ақ нәсілді адамдарды 12 есе жиі өлтіргені туралы айтылады. Яғни елде афроамерикалықтар емес, қайта ақ нәсілді адамдар әлдеқайда көп зардап шеккен. Шамасы, желіде осындай кестені таратқан автор АҚШ-тағы Black Lives Matter қозғалысының іс жүзінде ешқандай негізі жоқ деген идеяны меңзегісі келген.

Үкім: Жалған және деректерді манипуляциялау

Жоқ, қара нәсілді адамдар ақ нәсілділерді 12 есе жиі өлтірмейді.

Рас, әртүрлі нәсілдердің, этникалық топтар мен түрлі жыныстағы адамдардың жасаған қылмыстарының статистикасы ФТР-дың АҚШ-тағы қылмыс туралы дайындаған есебінің бір бөлігіне жатады. Біз қарастырып жатқан кестені ФТР дайындаған жоқ, алайда ол ФТР-дың есебінде көрсетілген мәліметтерге негізделіп жасалған. Кестеде келтірілген статистика адамды шатастырады, себебі есептеу әдісі күмәнді, ал бағандар әртүрлі өлшемдерге негізделген, сондықтан оларды бір-бірімен салыстыруға болмайды.

Осыған қоса кестені дұрыс жағдайға келтірген күннің өзінде, бұл елдегі жалпы мәселені толық көрсете алмайды. Ал АҚШ-тағы наразылыққа негіз болған басты себеп, яғни полицейлердің өз өкілеттілігін асыра пайдалануы өз жайына қалып, барлық назар жалпы зорлық-зомбылық пен қылмыс статистикасына ауып кетеді. Сондықтан төменде өз оқырмандарымыз үшін жасалып жатқан манипуляцияның логикасын түсіндіруге тырысып көреміз, сондай-ақ АҚШ-та болып жатқан жағдайға қатысты жан-жақты ақпарат ұсынамыз. Оның ішінде полиция қызметкерлерінің қылмыстарына да тоқталамыз («Контекст» бөлімінде).

Нақты деректер

Біз зерттеп отырған кестеге қатысты 15 маусымда Reuters халықаралық ақпарат агенттігі статистика мамандарының көмегімен фактчек жасап қойған. Сөз арасында біз де олардың жұмысына сілтеме жасап отырамыз.

Неге екені белгісіз, автор көрсеткіштер ретінде 1 миллион тұрғынға шаққанда құрбан болған адамдардың санын нәсілі бойынша таңдаған. Мысалы, оның логикасы бойынша, 0,77 қара нәсілді адам немесе афроамерикалық 1 млн ақ нәсілді адамға шаққанда қаза болған. Мұны 1 млн ақ нәсілді адамның ішінде тек 0,77-сі қара нәсілді адамды немесе афроамерикалықты өлтірді деп, ал 1 млн қара нәсілді адам немесе афроамерикалықтың ішінде 9,83-і ақ нәсілді адамды өлтірді деп түсінуге болады (кесте бір құрбан/бір қылмыскер ережесіне сәйкес жасалған). Бұл жерден адамды логика тұрғысынан шатастырып жатқанын көреміз.

Біз талдап жатқан кестенің дәл осы бөлігі ФТБ сайтында қалай тұрғанын қарайық:

Кесте авторы бұл сандарды қайдан алды? Reuters агенттігінің мәліметі бойынша, автор 2013 жылы АҚШ-тағы ақ нәсілді адамдардың санын 245 млн деп көрсеткен. Ол 1 млн-ға шаққанда 0,77 санын алу үшін ақ нәсілді адамның қолынан қаза болған қара нәсілді немесе афроамерикалық адамдардың санын (189) 245-ке бөлген. Автордың есебі бойынша, 2013 жылы АҚШ-та қара нәсілді халықтың саны 42 млн болған. Осыдан кейін ол қара нәсілді немесе афроамерикалықтардың қолынан қаза болған ақ нәсілді адамдардың санын (409) 42-ге бөліп, 9,83 деген санды шығарған. Іс жүзінде нәтиже 9,73-ке тең болуы керек. Reuters өз есебінде сәл қателескен деп есептейміз. Негізі 9,83 санын алу үшін 409-ды 41,6-ға бөлу керек.

Қалай болғанда да кесте авторы халық саны бойынша ұсынып отырған мәліметтері дұрыс емес. АҚШ-тың Халық санағы бюросының мәліметі бойынша, 2013 жылы елдегі ақ нәсілді адамдардың саны 230,5 млн, ал қара және афроамерикалықтардың саны 39,2 млн болған.

Кестеде келтіріліп отырған деректердің репрезентациясы неге дұрыс емес?

Reuters агенттігі сұхбат алған Америка статистика комитетіндегі екі маманының айтуынша, кестедегі төрт баған әртүрлі стандарт бойынша жасалған. Басқаша айтқанда, барлық сандар бірге көрсетілген, сондықтан оларды бір-бірімен салыстыра беруге болатындай көрінеді. Алайда олар әртүрлі өлшемдерге негізделген (1 млн қара немесе 1 млн ақ нәсілді адамға шаққанда).

«Кестеде «қара нәсілді адамдар қолынан қаза тапқан ақ нәсілділер» саны 1 миллион қара нәсілді америкалыққа шаққанда 9,83 деп көрсетілген, ал «ақ нәсілді адам қолынан қаза тапқан ақ нәсілділер» 1 миллион ақ нәсілдіге шаққанда 10,22 деп көрсетілген. Бұдан «ақ пен қара нәсілді адамдар ақ нәсілді адамдарды бірдей деңгейде өлтіреді» деген қорытынды шығаруға болатындай әсер қалдырады.  Бұл, әрине, олай емес, яғни жан басына шаққандағы стандарт бойынша жасалатын жағдай емес», дейді статистика маманының бірі Лукас Ментч.

Халық санағы мен ФТБ деректерін пайдаланған Ментч пен оның әріптесі Реджина Л.Нуццо мынандай анализ ұсынды: егер сіз 2013 жылы ақ нәсілді адам болсаңыз, біреудің қолынан қаза болу ықтималдығы 13-ті 1 миллионға шаққандай болатын; егер сіз 2013 жылы қара нәсілді адам болсаңыз, біреудің қолынан қаза болу ықтималдығыңыз 62-ні 1 миллионға шаққандай еді (біздің дерек бойынша 63,5). Бұл дегеніңіз қара нәсілді адамның біреудің қолынан қаза болу ықтималдығы ақ адамға қарағанда 5 есе артық.

2013 жылы ақ нәсілді адамның басқа бір ақ нәсілді кісінің қолынан қаза табу ықтималдығы 11-ді 1 миллионға шаққандай, ал қара нәсілдіден 2-ні 1 миллионға шаққандай еді. Ал қара нәсілді адамның басқа қара нәсілдінің қолынан қаза болу ықтималдығы 56-ны 1 миллионға шаққандай, ал ақ нәсілдінің қолынан 5-ті 1 миллионға шаққандай еді.

Осы орайда статистика комитетінің мамандары мұның бәрі өте қарапайым мысал екенін, мұндай деректер шынайы өмірдегі ахуалды жан-жақты көрсете алмайтынын ескертіп, елдегі мұндай кең ауқымды мәселені бір кестемен көрсету мүмкін емес екенін ескертеді.

Сондай-ақ, ФТБ сайтында кестенің астына келесідей ескерту жазылған:

Бұл кесте құқық қорғау органдарына қылмыскер туралы кей ақпарат белгілі болған жағдайға негізделіп жасалған; яғни, қылмыскердің жасы, жынысы және нәсілі анықталмаған кезде деректер кестеден алынып тасталады.

АҚШ-та болған қылмыстар туралы ФТБ-ның басқа жылдардағы есептерін мына жерден көре аласыз.

Контекст

Әрине бұл кесте полицейлердің әрекетінен кейін қаза тапқан қара нәсілді адамдардың оқиғасына байланысты кең талқыға түсіп, тез таралып кетті. Төменде сіздердің назарларыңызға АҚШ-та 2017-2020 жылдар арасында полицейлер қолынан қаза тапқан адамдардың саны туралы деректерді ұсынамыз (нәсілі бойынша).

Statista ұсынған анализ бойынша, 2018 жылы полиция 996 адамды атып өлтірген, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 1 004-ке дейін өскен. Осыған қоса қаза болғандардың саны қара нәсілді америкалықтардың арасында басқа этникалық топ өкілдеріне қарағанда әлдеқайда көп. Сондай-ақ 2020 жылғы маусым айындағы жағдайға сәйкес, 1 миллион адамға 30 өлім оқиғасы тіркелген.

Қорытынды:

  • Жан-жаққа тарап кеткен кестенің авторы өз ой-пікірін насихаттау үшін деректерді манипулияциялап отыр.
  • Ал жалпы алғанда 2013 жылы қара нәсілді америкалықтардың қолынан қаза тапқан ақ нәсілді АҚШ азаматтарының саны, ақ нәсілділердің қолынан қаза тапқан қара нәсілді америкалықтардан артық. Бұл көрсеткіштер кестеде көрсетілген сандарға сәйкес келмейді. Қара нәсілді қылмыскерлер ақ нәсілді адамдарды және керісінше ақ нәсілді қылмыскерлер қара нәсілділерді 12 есе жиі өлтірмейді.
  • Егер өлшем ретінде жан басына шаққандағы көрсеткішті негізге алсақ, онда 2013 жылы қара нәсілді америкалықтың ақ нәсілді адамның қолынан қаза болу ықтималдығы әлдеқайда жоғары (керісінше емес).
  • Black Lives Matter қозғалысы полицияның қара нәсілді адамдарға көрсеткен қатыгездігіне қарсы наразылық акциясы ретінде пайда болғанын ескерсек, кестенің мән-мағынасы жоққа шығады. Себебі онда полицейлердің қолынан қаза болғандар туралы деректер емес, АҚШ-тағы қылмыс туралы жалпы деректер көрсетілген.
  • Facebook бұл кестені жартылай жалған ақпарат ретінде белгілеп те үлгерді.
Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.