АҚШ Гитлерге “Жыл адамы” атағын берді ме?

Әлеуметтік желіден 1938 жылы АҚШ Адольф Гитлерді демократияны насихаттағаны үшін “Жыл адамы” деп танығаны және бір жылдан соң оны Нобель сыйлығына ұсынғаны туралы ақпаратты табуға болады.

Төменде ресейлік саясаткер Сергей Мироновтың Twitter-дегі жазбасының скриншоты.

АҚШ Гитлерге "Жыл адамы" атағын берді ме?

Factcheck.kz редакциясы желідегі хабарламаның қаншалық шындыққа жанасатынын тексерді.

Гитлер — “Жыл адамы”

Мәлімдеме: 1938 жылы АҚШ Адольф Гитлерді демократияны насихаттағаны үшін “Жыл адамы” деп таныды

Үкім: Манипуляция

Америка Құрама Штаттары Гитлерді «демократияны насихаттаудағаны үшін жыл адамы» деп танымаған. АҚШ үкіметінде мұндай марапат жоқ та. Дегенмен Гитлердің 1938 жылы TIME журналының мәлімдемесі бойынша “Жыл адамы” атанғаны рас, бірақ демократияны таратқаны үшін емес. Редакцияның сөзінше, “Жыл адамы” номинациясы тек құрмет немесе мақұлдау белгісі болып саналмайды . Ол әлемдегі жағдайға жақсы не жаман әсер еткен адамды, оқиғаны, адамдар тобын, идеяны немесе нысанды көрсетеді. Мұны журнал редакциясы бірнеше рет айтқан.

Бүгінге дейін “Жыл адамы” номинациясына әртүрлі тұлға ие болды: ғалымдар, азаматтық белсенділер, өнертапқыштар, қауымдастықтар, бітімгерлер, еркін әлемнің көшбасшылары мен диктаторлар.

Мысалы, Йосиф Сталин екі рет — 1939 және 1942 жылы “Жыл адамы” атағын алған. 2007 жылы бұл марапатқа Владимир Путин де ие болды. Путиннің бұл номанициясын ресейліктердің көбі “еңбегін мойындау” деп ойлайды, алайда олай емес. TIME басылымының экс-бас редакторы Ричард Штенгель журналистерге Путиннің жақсы адам емес екенін, бірақ елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруде «ерекше істер атқарғанын» айтты.

Осыған дейін АҚШ-тың барлық дерлік президенті “Жыл адамы” атағына ие болды деуге болады. Мәселен, 1966 жылы TIME журналы 1943-1962 жыл аралығында дүниеге келген барлық бумер-нәрестеге осы атақты берді. Ал журналдың 2006 жылғы желтоқсандағы соңғы нөмірінің мұқабасында «Сен» деген жазу басылды. Редакция осылайша әртүрлі танымал онлайн платформада контент жасаған барлық интернет пайдаланушыны «Жыл адамы» деп атады.

Гитлердің номинациясына қатысты хабарлармен төмендегі Time журналының мұқабасы бірге жүреді. Онда Адольф Гитлердің суреті бейнеленген. Шын мәнінде, журналдың бұл саны 1935 жылғы 13 сәуірде жарыққа шыққан және оның Гитлердің “Жыл адамы” атануымен еш қатысы жоқ. Ал 1939 жылғы 2 қаңтарда шыққан нөмірдің мұқабасындағы суреттің негатив мағынада берілгенін байқауға болады. Әдетте “Жыл адамына” тұлғаның өңделген портреті таңдалады, ал мұнда көрерменге теріс қарап, мәйіттер ілінген Әулие Екатерина дөңгелегінің алдындағы аспапта ойнап отырған кішкентай Гитлердің фигурасы бейнеленген.

Төмендегі сол жақтағы суретте 1936 жылғы 13 сәуірдегі журналдың мұқабасы, оң жақта — Адольф Гитлерді “Жыл адамы” деп таныған журналдың мұқабасы.

Гитлер және Нобель сыйлығы

Мәлімдеме: 1939 жылы Гитлер бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылды

Үкім: Манипуляция

Комитетке Гитлерді Нобель сыйлығына швед саясаткері Эрик Брандт ұсынған, бірақ көп сын мен наразылықтан кейін Брандт бұл идея Невилл Чемберленді Нобель сыйлығына ұсынудан туындаған ирония екенін айтты. Ал Гитлердің кандидатурасы бес күннен соң алынып тасталған. Бұл жағдай туралы төменнен толығырақ оқыңыз.

1939 жылғы 24 қаңтарда швед парламентінің 12 мүшесі Ұлыбритания премьер-министрі Невилл Чемберленді Нобель сыйлығына ұсынды. Олар бұл шешіміне Чемберленнің 1938 жылғы қыркүйекте Гитлермен Мюнхен келісімі кезінде, нақтырақ айтқанда, сол уақытта Чехословакияға тиесілі Судет облысын Германияға бергенде Еуропада бейбітшілікті сақтай білгені себеп болғанын айтқан.

Үш күннен кейін социал-демократиялық партияның швед саясаткері Эрик Брандт Нобель комитетіне хат жолдап, Гитлерді Нобель сыйлығына ұсынды. Алайда оның бұл ұсынысына швед коммунистері, социал-демократтары және либерал антифашистер наразылық білдірді. Сонымен қатар олар антифашистің бірі болған Брандты “жұмысшы таптың сатқыны” деп атады және оның бірлестіктердегі лекцияларын тоқтатты.

Кейін Брандт Svenska Morgonposten газетіне берген сұхбатында Гитлерге қатысты ұсынысы арқылы Чемберлен кандидатурасын және Швециядағы саяси дебатты мазақ етіп, сынауды мақсат еткенін жеткізді. Саясаткердің айтуынша, Мюнхен келісімінің нәтижесі батыс державаларының Чехославакияны сатып кетуі болған. Сол себепті Гитлер де, Чемберлен де Нобель сыйлығына лайық емес. Ал 1939 жылғы 1 ақпанда Гитлердің кандидатурасы алынып тасталды.

Factcheck.kz