«Әділ сөз»: референдум кезінде журналистердің құқығы бұзылды

5 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізуге байланысты референдум өтіп, дауыс бергендердің 77,18%- і өзгерісті қолдады. Осы тұста сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қоры журналистердің құқығы бұзылған 9 факті тіркеді.

«Әділ сөз» мәліметінше, Қазақстанда өткен бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда референдум кезінде заң бұзушылық аз болған.

Қордың хабарлауынша, сайлау комиссия мүшелері журналистердің құқығы жайлы ережені аз білгендіктен осындай фактілер тіркелген. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне арналған аккредитация ережесінде дискриминация бар екенін де жазды.

Ол ережеге сәйкес, журналистерді тіркейтін тарап, жазбаша немесе электронды түрде журналисті аккредитация алатынын хабарлау керек.

Сонымен бірге, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 126-баптың (Сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіру) тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін атап өтті.

«Әділ сөз» дерегінше, астанадағы Азаттық радиосының журналисі Нұргүл Тапаеваның, Ulysmedia.kz журналисі Аян Өрібайдің және Алматыда №257 учаскесіне келген бірнеше журналистің құқығы бұзылған. Қор анықтаған құқық бұзушылық фактілерін мына сілтеме арқылы көруге болады.

Контекст

Бұл тәуелсіздік алғалы өткізілген үшінші референдум. Алдыңғы екеуі 1995 жылы өтті: біріншісі – Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты, екіншісі – қазіргі қолданыстағы заң қабылданған референдум. Кейіннен конституция бес рет қайта жазылды. 19 бапқа 26 түзету енгізілді. Өзгерістерді Парламент мақұлдап отырды.

Материалды дайындаған: Амина Сәбитова

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz