«Адамзатқа қарсы қылмыс»: БҰҰ Шыңжаңдағы жағдайға қатысты есеп жариялады

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономия ауданындағы (ШҰАА) ұйғырлар мен басқа да аз мұсылман топ өкілдеріне қатысты баяндамада жариялады. Есепте бірқатар заң бұзушылық туралы жазылған. Дегенмен баяндамада АҚШ және басқа мемлекеттер атағандай «геноцид» айыбы жоқ. Бұл туралы DW AFP агенттігіне сілтеп хабарлады.

«Ұйғырлар мен басқа да мұсылман топтарының мүшелерін негізсіз және кемсітушілікпен қамауға алуы халықаралық, әсіресе адамзатқа қарсы қылмыс болуы мүмкін», – деп жазылған есепте.

БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше, Қытай үкіметі ШҰАА-да терроризм мен экстремизмге қарсы күрес стратегиясы аясында адам құқығының өрескел бұзылуына жол беріп отырған. Сонымен бірге олар «кәсіптік білім беру және оқыту орталықтары» деп аталатын мекемедегі адамдардың еміне алаңдайтынын атап өткен.

«Жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты жеке оқиғалар секілді азаптау не зорлық-зомбылық, оның ішінде мәжбүрлі емдеу мен ұстаудың нашар жағдайы туралы мәлімдемелерге де сенуге болады», – делінген хабарламада.

Оған қоса мамандар Қытайды аймақтағы әйелдерді мәжбүрлі түрде зарарсыздандыру тәжірибесіне қатысты айыптаған.

Ал Қытайдың БҰҰ жанындағы Женевадағы тұрақты өкілдігі баяндама мазмұны Қытай мемлекетіне қарсы күштер ойлап тапқан жалған ақпарат екенін айтып, оның жариялануына қарсылық танытты.

Factcheck.kz