Абаев орыс тіліне қатысты қаншалықты рас сөйледі?

Соңғы кездері Youtube-тегі «‎Til Maydani онлайн партиясы»‎ каналындағы «тілге қатысты рейдтер» қызу талқыға түсіп жатыр. «Еріктілер» елдегі дүкен мен басқа да мекемелердегі қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі мен пайдаланылуын тексереді.

Бұл бейнелер Ресейдің саясаткерлерінің арасында дау тудырып, сенаторлары Қазақстандағы орыстілді азаматтардың құқығына алаңдаушылық білдірді.

Осыдан кейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Открытый диалог 2.0» бағдарламасында олардың қылығын «үңгірдегі ұлтшылдық» деді. Мұндай сипаттама енді қазақстандық әлеуметтік желі пайдаланушылардың ашуын туғызып, біразы мұны қорлық не сатқындық деп қабылдады. Сонымен қоса, Абаев тілге қатысты бірнеше дерек келтірген, оның айтқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерейік.

Бізде орыс тілінде 90%-ке жетеғабыл халық сөйлейді.

Дәурен Абаев

Үкім: Үкім жоқ

Тілге қатысты ашық дереккөздерде бар ақпарат бір-бірінен қатты ерекшеленеді, кейбіреуі ескіріп кеткен. Ал Абаевтың нақты қандай дерекке, қандай зерттеуге сүйеніп сөйлегені бізге беймәлім. Бұған дейін Спорт және мәдениет министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017 жылы мемлекеттік тілде сөйлейтіндер үлесі 83,1% екенін айтқан. Ол мұны жылда өткізілетін зертттеу қорытындысы деді. Бірақ біз жақын арадағы сенімді ақпарат таба аламадық. Оның үстіне тілді белгілі бір деңгейде (жақсы не нашар) білу/түсіну мен белсенді түрде пайдалану екі бөлек екенін ескерген жөн. Қолжетімді ақпаратты төменнен оқыңыз.

2009 жылғы халық санағындағы дерекке сенсек, орыс тілінде ауызша түсінетіндер үлесі 94,4%, оның ішінде еркін оқып, жазатындар 84,8% деп көрсетілген. Бұл деректер тым ескі болғандықтан нақты көрсеткіш ретінде қарау қиын.

Көп дереккөз Қазақстанда орыс тілінде 90%-тен астам халық сөйлейді немесе біледі деп жазады. Бұған себеп The World Factbook сайтындағы 2001 жылы орыс тілінің таралуы 95% деп көрсетілуі болса керек. Алайда 1999 жылы жүргізілген халық санағындағы ақпаратта орыс тілін білетіндер көрсеткіші 84,75% деп жазылған. Қазақстандағы деректерді жинап отыратын Ranking.kz сайты 2015 жылы орыс тілді халықтың үлесі 0,6%-ке азайып, 89,4%-ті құрады деп жазды. Алайда мұндай ақпаратты ресми сайттардан таппаған соң дәлел ретінде қабылдай алмаймыз. Оның үстіне бұл материалда да тілді білу деңгейі туралы айтылмаған.

Былтыр шыққан «Қазақстандық қоғамның әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары» атты зерттеудегі респонденттердің жауабына сай, орыс тілінде еркін сөйлеп, оқып, жазатындар үлесі 51,4%-ті құрайды. Авторлардың айтуынша, халықтың жартысынан көбі мемлекеттік тілді білсе де, әлі орыс тілі үстемдік етеді. Көші-қон процесін ескерсек, бұл көрсеткіш әдіснамалық тұрғыдан ашық және шындыққа жақын көрінуі мүмкін. Бірақ біз оны бір тоқтамға келетін ақпарат ретінде қабылдай алмаймыз.

Орыстар халықтың 20%-ін құраған күннің өзінде 30%-тен астам оқушы орыс тілінде оқиды.

Дәурен Абаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, жылдың басында елде 18 879 552 адам болған. Оның 3 478 287-і орыс ұлтының өкілі: жалпы халықтың 18,42%-і. Ал негізгі білім беретін мектептердегі оқыту тілі бойынша 2020 жылғы бөлініске қарасақ, барлығы 3 481 347 оқушы бар, оның 412 216-сы орыс тілді мектепте, 685 891-і аралас мектептегі орыс тілінде білім алады. Бұл барлық оқушының 31,54%-і.

Қазақстанда 23 мыңнан астам орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім бар, бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

Дәурен Абаев

Үкім: Шындық және үкім жоқ

Неге рас? Қазақстанда шынымен-ақ 23 725 педагог орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретінін бұрын жазғанбыз. Оның ішінде орыстілді мектепте – 2269, аралас мектепте – 21 456 мұғалім бар.

Аймақтағы елдердің халқы мен мектеп санын, орыс тілінің таралуын сараласақ, Абаевтың сөзі шындыққа жақын болуы мүмкін. Алайда, мұндай статистика Орталық Азияның барлық мемлекетінде жүргізілмегендіктен, Қазақстанда аймақтың басқа елдеріне қарағанда орыс тілінің мұғалімі көп деп нақты айтуға болмайды.

Мысалы, Тәжікстанның білім министрі 2019 жылы елде барлығы 8 615 орыс тілінен сабақ беретін мұғалім бар деді. Ал Өзбекстанда 2020-2021 оқу жылдарында 81 орыс тілінде оқытатын мекеме, ол жерде 634 985 оқушы болған.

stat.png

Қырғызстанда 2020 жылы 168 166 адам орыс тілінде білім алған. Бұдан бөлек аралас тілде не орыс тілін шет тілі ретінде оқытатын мекемелер де бар. Сондықтан да Абаевтың осы мәлімдемесінің екінші бөлігін үкімсіз қалдырамыз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz