9.10 | WhatsApp-тың жаңа функциясы, Қазақстандағы кибершабуыл, BBC-дің Twitter-ге қатысты саясаты

WhatsApp қосымшасының бета-нұсқасында Always Mute деп аталатын жаңа функция іске қосылды. Оның көмегімен чаттағы ескертпелерді біржола өшіре аласыз. Бұл туралы Wabetainfo хабарлады.

WhatsApp-тың қазіргі нұсқасында хат келгенін білдіретін дыбысты бір жылға дейін өшіруге болады. Жаңа жоба тек Android-тың 2.20.201.10 нұсқасында қолжетімді. Бета-тест аяқталғаннан кейін барлық WhatsApp қолданушысы Always Mute функциясын қолдана алады.

Шілде айында WhatsApp мессенджері қолданушыларға жалған жаңалықтарды табуға көмектесетін жаңа мүмкіндікті іске қосты. Бірнеше рет жіберілген хабарламалар арнайы таңбамен белгілене бастады. Алайда, бұл функция барлық елдерде жұмыс жасамайды.

Қазақстанда Ddos пен фишинг шабуылы артты

Ranking.kz порталының хабарлауынша, кибершабуылдың жалпы саны азайып, бірақ хакер шабуылының кейбір түрлері көбейді.

Мәселен, жыл басынан тамыз айына дейін 11 мың кибершабуыл тіркелді. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 23,4 процентке аз.

Бірақ, биыл фишинг шабуылдың саны артты: 853. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,1 процентке көп (761 жағдай тіркелген).

Ddos шабуылдар былтырғы жылмен салыстырғанда 39,2 проценткер артып, жалпы 206 жағдай тіркелген.

Контекст

Ресейлік сарапшылардың айтуынша, кибершабуыл жасайтын алаяқтар фишинг хабарламаларды жиі қолдана бастады. Фишингтің көмегімен пайдаланушының жеке деректерін ұрлауға тырысады. Фишинг интернеттегі жалған парақшалардың 46 пайызын құрайды.

Фишингтің мақсаты — банктегі есепшот нөмірлері, PIN кодтары, т.б. осы секілді құпия ақпаратқа қол жеткізу.

DDoS-шабуыл— Distributed Denial of Service («қызмет көрсетуден бас тарту» түріндегі кең жайылған шабуыл) — бұл жеке компьютерге немесе есептеу жүйесіне шабуыл. Негізгі мақсаты — есептеу жүйесін жалған қомақты ресурсты сұранымдардың көп санын жолдау арқылы істен шығару. Осының нәтижесінде жабдық жұмысы кідіріп, қолжетімсіз болады. Шабуыл көптеген компьютерден бір уақытта жасалады.

BBC-дің жаңа бас директоры қызметкерлерге Twitter қолдануға тыйым салуы мүмкін

Британдық BBC-дің жаңа бас директорының айтуынша, қызметкерлер Twitter-де жеткілікті түрде бейтарап болмаса, платформананы қолдануға тыйым салады. Бұл туралы Press Gazette жазды.

Цифрлық технологиялар, мәдениет, БАҚ және спорт комитетінің депутаттары алдында мәлімдеме жасаған Тим Дэвидің айтуынша, BBC қызметкерлері платформаны медиаға байланысты жаңа ережеге сай қолдану қажет. Бейтараптылық сақталмаса Twitter аккаунтын қолдануға тыйым салатынын мәлімдеді. Бас директордың айтуынша, ереже алдағы апталарда жарияланады.

Басылымның дерегінше, Дэви қыркүйек айының басында BBC қызметкерлерінің алдында мәлімдеме жасаған. Жаңа бас директор журналистерге саяси мақсатта бейтараптылықтан ауытқымайтына сенетінін білдірген.

“Егер әлеуметтік желіде пікір білдіргіңіз келсе, сіз BBC-де жұмыс істемеуіңіз керек”, – деді Дэви.

Контекст

Былтыр желтоқсан айында BBC басшылары тілшілеріне Twitter парақшасын қолдануға тыйым салуы мүмкін екенін хабарлады. Бұған Ұлыбританиялық саяси редактор Лаура Кенсбергке Лейбористік партияның жетекшісі Джереми Корбиннің жақтастары жасаған шабуылы себеп болды. Саяси редактор Лаура Кенсберг жалған мәлімдеме жариялаған еді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz