8.01 | Еуроодақтың вакцинаға тапсырысы, Алматыдағы алаяқтар, АҚШ Қытай компанияларын қара тізімге қоса ма?

АҚШ Alibaba және Tencent компаниясын қара тізімге қосуы мүмкін

Трамп әкімшілігі қытайлық Alibaba және Tencent компанияларын АҚШ-та инвестиция жасауға тыйым салынған фирмалардың қара тізіміне қосуы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің қара тізімге жауапты өкілдері әлі түпкілікті ұсыныс жасамады және тізімге басқа Қытай фирмаларын қосуды талқылап жатыр.

Компаниялар бұл ақпарат туралы түсініктеме беруден бас тартты. Ал Қытай тарапы қытайлық компаниялардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қолданатынын ескертті.

Еуроодақ BioNTech / Pfizer вакцинасының 300 миллион дозасына тапсырыс берді

Еуроодақ BioNTech және Pfizer компанияларымен коронавирусқа қарсы вакцинаның 300 миллион дозасын тағы да сатып алу туралы келісім-шарт жасады. Бұл туралы Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен хабарлады.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында 75 миллион доза жеткізіледі.

“Мен еуропалық жолдың дұрыс екеніне сенімдімін және кейінірек ол өзін ақтайды деп ойлаймын”, – деп қосты саясаткер.

DW дерегінше, бұл келісім Германияда және Еуропаның басқа елдерінде вакцина жетіспеушілігі туралы мәселе қозғалғаннан кейін жасалған.

Алматыда 6 миллиард теңгеден асатын жалған шот-фактура жазған компания ұйымдастырушысы жауапқа тартылды

Алматыда қолма-қол ақшаны шығаратын компаниялардың ұйымдастырушылары сотталды. Үш жыл ішінде үш адам 6 миллиардтан астам теңгеге жалған шот-фактуралар жасаған. Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеп, Orda.kz сайты хабарлады.

«Бұл адамдар 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде коммерциялық ұйымдарға жалпы сомасы алты миллиард теңгеден асатын жеті коммерциялық компаниялар арқылы қызмет көрсеткен. Олар тауарларды жөнелту арқылы жалған шот-фактуралар жазған. Экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық мемлекетке аса ірі зиян келтірген», – деп хабарлады комитет.

Алматының Түрксіб аудандық соты оларды кінәлі деп танып, 2,6 жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге, 10 жылға экономика саласында жетекші лауазымдарды атқару құқығынан айырды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz