6.10 | Қырғызстандағы дүрбелең және коронавирус жұқтырғандар саны

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізетін Орталық сайлау комиссиясы Жогорку Кенеш (парламент) депутаттарының сайлау нәтижесін жою туралы шешім шығарды.

Орталық сайлау комитетінің мүшесі Гүлнәр Жорабаеваның айтуынша, отырыста өзін-өзі тарату мәселесі де талқыланған. Оның пікірінше, қазіргі сайлау науқаны комитеттің беделін түсірді. Жорабаева мұндай уақытта мерзімінен бұрын жұмысты тоқтату ең дұрыс шешім екенін айтты.

ОСК мүшесі Қайрат Осмоналиевтің айтуынша, орталық сайлау комитетінің төрағасы Нуржан Шайлдабекова отставкаға кетуге шешім қабылдаған. Бірақ ОСК мүшелері бұл шешімге келіспейтінін жеткізді. Шайлдабекова саяси жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтқан.

Қырғызстанда не болып жатыр?

Бішкектің орталық алаңында парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін он шақты партия өкілдері митинг өткізіп, сонымен бірге, сайлау нәтижесінің күшін жоюды және қайта сайлау өткізуді талап етті. 4 қазанда Қырғызстанда VII шақырылымдағы Жогорку Кенешке (Қырғызстан парламенті) депутат сайлауы өткен еді. Сайлауға 16 партия қатысты. Азаттықтың қырғыз қызметі парламентке 7 пайыздан астам дауыс жинаған 4 партия өткенін хабарлады.

  • “Биримдик” — 24,5%;
  • “Мекеним Кыргызстан” — 23,88%;
  • “Кыргызстан” — 8,76%;
  • “Бутун Кыргызстан” — 7,13%.

Жеңілген партиялар жаппай пара беру мен сайлауда әкімшілік ресурстарды қолдану туралы хабарлады. Жеңіске жеткен «Биримдик» және «Мекеним Қыргызстан» партиясы да осылай деп мәлімдеді. Азаттықтың мәліметінше, бірінші аталған үш партияны сарапшылар қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын саяси ұйымдар деп санайды.

Атамбаевтың босатылуы

6 қазанға қараған түні наразылық білдірушілер Қырғызстан парламенті мен президент әкімшілігі орналасқан Ақ үйді басып алды. Содан кейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына да келді. Арнайы күштер (спецназ) митингке шыққандарды жақтайтынын айтып, қарсылық білдірмеді. Бұл туралы Настоящее время хабарлады.

  • ​11 жыл екі айға бас бостандығынан айырылған Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты наразылық білдірушілер қамаудан босатып шығарды. Атамбаевтың адвокаты 11 қарашаға дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті үйқамақта болатынын айтты. Сонымен қатар, Атамбаев жақтасының аккаунтында экс-президенттің түрмеден шыққаннан соң алғашқы суреті жарияланды.
6.10 | Қырғызстандағы дүрбелең және коронавирус жұқтырғандар саны
 Фото : Kunduz Zholdubaeva
  • Сонымен қатар, биыл маусымда 18 жылға сотталған экс-депутат Садыр Жапаров пен бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков түрмеден шығарылды.
  • 6 қазанда таңертең наразылық білдірушілер Бішкек әкімдігін басып алып, жаңа әкім тағайындады. Жоошбек Коеналиев «халық әкімі» болды. Кейінірек Бішкектің әкімі Азиз Суракматовтың қызметінен кеткені хабарланды.
  • Азаттықтың жазуынша, Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі Бішкекте митинг кезінде 700-ге жуық адамның зардап шеккенін хабарлады.
  • Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі жағдай бойынша мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, сайлауды сылтауратып, саяси күштер билікті заңсыз тартып алуға әрекет еткен.
  • 6 қазанға қараған түні Бішкекте митинг кезінде екі аяғын жарылғыш зат жұлып әкеткен 19 жастағы жігіт ауруханада қайтыс болды.

Әлем тұрғындарының 10 пайызы коронавируспен ауырған болуы мүмкін

Пандемия басталғалы әлем тұрғындарының шамамен 10 пайызы COVID-19 бен ауыруы мүмкін. Бұл туралы ДДСҰ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай бағдарламасының директоры Майкл Райан айтты. Бұл туралы Holanews басылымы хабарлады.

“Біздің дерегімізше, әлем халқының шамамен 10% – ы вирусты жұқтыруы мүмкін. Бұл деректер елдерге, қалаларға және ауылдық жерлерге, сонымен қатар, әртүрлі топтарға байланысты өзгереді”, – деді Райан ДДСҰ атқарушы комитетінің арнайы сессиясының ашылуында.

Оның айтуынша, әлем тұрғындарының көпшілігі коронавирусты жұқтыруға бейім келеді.

Қазіргі уақытта COVID-19-ды 35 миллионға жуық адамды жұқтырып, бір миллионнан астам адам вирустан қайтыс болды. ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, коронавирусқа қатысты статистика бұл сандардан да жоғары.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz