5.10 | Нобель сыйлығы, Google Play мен App Store, Трамп вирус жұқтырғанын жасырды ма?

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа жасалған алғашқы жедел тестінің нәтижесін жасырды. Бұл туралы дереккөзге сүйеніп, The Wall Street Journal басылымы хабарлады.

WSJ мәліметінше, Ақ үйдің басшысы тест нәтижесін президенттікке үміткер Джозеф Байденмен дебатқа шықпас бұрын білген. Бірақ журналистерге өзінің көмекшісі Хоуп Хикстің диагнозын ғана растаған.

5.10 | Нобель сыйлығы, Google Play мен App Store, Трамп вирус жұқтырғанын жасырды ма?
АҚШ президенті Дональд Трамп Фото: Sputnik.

WSJ дерегінше, АҚШ президенті кеңесшілерінің біріне “ешкімге айтпа” деп коронавирус жұқтырғаны туралы жарияламауды өтінген. Әзірше, Дональд Трамп бұл ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасамады.

BBC-дің жазуынша, бұған дейін коронавирус жұқтырған Хоуп Хикс Trump Organization ұйымында Трамптың көмекшісі, кейін Ақ үйдің коммуникация бойынша кеңесшісі болып жұмыс жасаған.

Сонымен қатар, АҚШ президентіне үміткер Джо Байденмен өткен дебатқа Трамппен бірге барған. Трамп пен Байденнің дебаты аяқталған соң президентпен Миннесотаға бірге ұшты. Америкалық басылымдардың дерегінше, Джо Байденмен өткен дебатта және одан кейін де АҚШ президентінің командасы қорғаныс маскаларын кимеген.

Медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды

Медицина саласы бойынша, “С гепатитін зерттегені үшін” америкалық Харви Альтер, Чарльз Райс және ұлыбританиялық Майкл Хоутон Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

DW басылымының дерегінше, физиология және медицина саласындағы сыйлықты Швеция астанасы Стокгольмдегі Корольдік Каролинск медициналық және хирургиялық институты береді. 2020 жылы Нобель сыйлығының мөлшері 9-дан 10 миллион швед кронына дейін өсті (шамамен 956 мың еуро).

5.10 | Нобель сыйлығы, Google Play мен App Store, Трамп вирус жұқтырғанын жасырды ма?

Дәстүрлі марапаттау рәсімі COVID-19 пандемиясына байланысты өзгертілді. Бұған дейін шара Альфред Нобель қайтыс болған күні 10 желтоқсанда Стокгольм мен Ослода өтетін еді.

Google Play мен App Store’дан қосымша жүктеу артқан

2020 жылдың үшінші тоқсанында әлемде 36,5 миллиард қосымша жүктелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 23,3% – ға көп. Жаңалықты SensorTower хабарлады.

Сарапшылар Google Play және App Store дүкенінен жүктелген қосымшаларды есептеп, ең танымалдарын анықтады.

Биылғы жылдың үшінші тоқсаны бойынша, әлемдегі ең танымал бағдарлама – TikTok. Бұл қосымша Google Play мен App Store дүкенінде жүктелу рейтингі бойынша бірінші орында.

Жалпы әлемдегі ең танымал қосымшалардың рейтингі:

  • WhatsApp
  • Instagram
  • Google Meet
  • Snack Video
  • Messenger
  • Telegram
  • Snapchat

Биылғы жылдың үшінші тоқсанында App Store кірісі 19 миллиард долларды құрады. Google Play табысы — 10,3 миллиард доллар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz