AMR – сөзден іске көшу

ЛОНДОН – Өткен айдың басында антибиотиктерге қатысты жиын өтті және Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның бастамасымен құрылған микробқа қарсы препараттарға төзімділік шолуының (AMR) төрағасы ретінде мен де осы маңызды денсаулық сақтау мәселесіне назар аудару үшін бірнеше іс-шараға қатыстым.

Шолу әлемде мықты антибиотиктер аз болса да, біз қолданыстағы дәрілерді асыра пайдаланып жатқанымызды айқын көрсетіп өтті. Егер біз мұны тыймайтын болсақ және тез арада нәтижелі жаңа препараттарды өндірмесек, онда 2050 жылға қарай AMR-мен байланысты аурулардан жылына он миллион адам қайтыс болуы мүмкін, ал қазір жылына 700 000 адам зардап шегіп жатыр. Бұл тұрғыда жаһандық ЖІӨ-нің жалпы шығындары 100 трлн АҚШ долларын құрамақ.

Лондондағы ғылым мұражайында 15 ай бойы ашық болатын «Superbugs: өміріміз үшін күрес» атты жаңа көрменің басталуы туралы айтып өттім. Көрме АМR-ға айрықша назар аударылып отырғанын көрсетеді. Ұйымдастырушылар көрмені 1,5 миллионға жуық адам көреді деп болжап отыр, бірақ мен көрмені көрушілер санын 6 миллионға жеткізуді өтіндім, бұл – шамамен Ұлыбритания халқының 10 пайызына тең көрсеткіш.

Бұған қол жеткізудің бір жолы – көрмені көшпелі етіп, алдымен Манчестер секілді бір жерден бастап, кейін Пекин, Дели сияқты алыс жерлерге апару. Егер осы мақаланы оқып отырсаңыз және фармацевтика саласында басқарушы қызметінде болсаңыз, сізге көмек көрсету жолын меңзеп отырмыз. Фармацевтика өнеркәсібі үшін AMR қауіп-қатерін шешудің қарапайым тәсілі осындай көрмелерге демеушілік жасау, осылайша көп адам бұл мәселе жайында ғылыми тұрғыдан мағлұмат алып, нақты түсінетін болады.

Шолу қорытындысы бойынша жасалған ұсыныстар арасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру он өсиеттің бірі болды. Қол жеткізген жетістіктер жаман емес, бірақ әлі де қыруар жұмыс жасалуы керек. Мысалы, өзім жақында кездескен үш ірі дәрі-дәрмек өндірушінің бірі Қытаймен жақсы қарым-қатынаста екенін байқадым. Ал бұл елдің 1,3 миллиард халқы AMR-мен күресте шешуші рөлге ие бола алады. Сондықтан, мен бұл компанияға қытайлық WeChat хабар алмасу қызметімен бірлесе отырып, AMR-ға байланысты ақпараттық бағдарлама жасауды ұсындым.

Біраз тоқтамға келген басқа он өсиеттің ішінде үшеуі ерекше қуантады.  Біріншіден, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Еуропалық Инвестициялық Банк пен шолуға қаржы бөлген Велком Траст қорының қолдауымен болған бастамалардың арқасында, қажетті ақшалай қаражат ерте сатыдағы зерттеулер мен жаңалықтарға бөлініп жатыр.

Екіншіден, көптеген зерттеушілер AMR-ге назар аудара бастаған сияқты (дегенмен, менің бұл ойым өзіме келген шақырулардың жиілігі мен географиясына ғана негізделген). Үшіншіден, ауыл шаруашылығында антибиотиктерді бұрыс қолдану тамақ өнімдерінің жетекші өндірушілері мен супермаркеттердің күш салуы арқасында мен күткеннен гөрі әлдеқайда азайды. Әрі қарай біршама еңбектену қажет, бірақ бұл өте жақсы бастама.

Өткен 18 айда AMR-пен күрес бойынша халықаралық үйлесімді жұмыс істеу жақсарды, соңғы екі G20 саммиті және Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары деңгейдегі кездесуі осы мәселеге назар аударды. Дегенмен, әлемдік көшбасшылар айтқан сөздерінен іске көшпесе, барлық айтылған ойдың мәні болмайды.

Өкінішке қарай, жаңа диагностика түрлері, вакциналар (және вакцина баламалары) мен антибиотиктер саласын жетілдіруде қажетті іс-әрекет жетіспейді. Шолуға қатысты соңғы баяндама шыққанда, осы үш маңызды ұсыныс туралы, әсіресе, фармацевтика саласында қызу талқылау болды. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2016 жылдың қаңтарында өткен жыл сайынғы жиналысында индустрия жаңа бастамаларға бағытталған жалпы міндеттемені қолдады. Ал антибиотиктерді зерттеу аптасында фармацевтикалық компания басшылары AMR-ны талқылау үшін кездескен еді.

Дегенмен, әлі де нақты шаралар іске аспады. Мұны өзгерту үшін, негізгі 20 антибиотик өндіруші өз үкіметтеріне клиникалық сынақтар мен нарықты қолдану арқылы жаңа препараттарды қабылдаудың жаңа «қаржыландыру» механизмін енгізуін сұрау керек. Шолуда жаңа препараттар жасаушыларға нарыққа кіруге қатысты сыйақы берілуін ұсындық, әрине, бір жолғы төлем маркетингке және жарнамалауға қолданылмаған жағдайда. Естуімше, бұл ұсыныс жақсы қабылданды.

Біз, сондай-ақ, жаңа вакциналарды немесе балама нұсқаларын шығарып, ең заманауи диагностиканың дамуын қолдайтындарға да осындай сыйақы берілуін ұсындық. Әрине, егер олардың инновациялары микробқа қарсы препараттарды дұрыс пайдаланбауды азайта алған жағдайда.

Жақында өзім жолыққан фармацевтика компанияларының бірі, пневмококк инфекцияларына қарсы вакцинациялаудың арқасында 2011 жылдан бері Исландияда кішкентай балаларды емдеуде антибиотиктердің қолданылуы  айтарлықтай төмендегенін айтып өтті. Бұл өте қуанышты жаңалық болды. Шолуда көрсетілгендей, антибиотиктерді шектен тыс қолдануға жол бермеудің ең жақсы тәсілдерінің бірі – инфекциялардың алдын алу.

20-ға жуық фармацевтикалық жетекші фирмаға айтар соңғы ойым: Келесі онжылдықта әрқайсысы 1 млрд. АҚШ долларынан ортаға салса ше? Жиырма миллиард доллар көлеміндегі сыйлықты Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген 12 «басты патогендермен» күресте жаңа диагностикалық технологиялар, вакциналар немесе антибиотиктер шығаратын компаниялар арасында бөлуге болады.

Әлбетте, бұл үйреншікті ұсыныс емес. Бірақ әлемдік экономиканың ең табысты секторларының бірі үшін он жылдан астам уақыт ішінде 20 миллиард доллар көп ақша емес. 20 дәрі өндірушінің жалпы жылдық табысы шамамен 600 млрд. Доллар, ал олардың жылдық таза кірісі 150-200 млрд. доллар шамасында. Жыл сайын 2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жарна олардың жалпы жылдық табысының 0,33 пайызынан, ал жылдық таза табысының 2 пайызынан аз болмақ.

Сонымен қатар, бұл шолудың он өсиетінің үшеуіне салынған инвестиция болар еді. Ал корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін әлемде бұл шара фармацевтикалық компаниялардың акция бағаларын да нығайтады.

 AMR – сөзден іске көшуДжим ОНил Goldman Sachs Asset Management бұрынғы төрағасы және Ұлыбритания Қазынашылығының бұрынғы сауда бойынша хатшысы, Манчестер университетінің құрметті экономика профессоры, британдық үкіметтің микробқа қарсы препараттардың төзімділігіне байланысты шолуының төрағасы.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz