42500 теңге: Instagram’дағы алаяқтар

Nurdaulet2070 инстаграм аккаунтының иесі «3 шартты орындап, әлеуметтік көмек алуға болатыны» туралы жазды. Factcheck.kz бұл ақпаратты тексеріп, оқырманды дербес деректерді бөтен адамдарға бермеу керектігін ескертеді. Есіңізде болсын, дербес дерек сіздің өміріңіз секілді маңызды, оны үшінші тарапқа берсеңіз, орны толмас өкінішке ұрынуыңыз ықтимал.

Үкім: Фишинг (алаяқтық арқылы дербес деректі ұрлау)

Біріншіден, бұл аккаунттың ресми ұйымға тиесілі еместігін және сіз бен біз секілді қарапайым қолданушы екенін ұмытпайық. Иә, дұрыс айтасыз, сіз бен біз секілді бұл аккаунт та мемлекет атынан қаржы тарата алмайды.

Соңғы уақытта «Спонсорларға» жазылсаң қатырам деп пост жазып, ұтыс ойнатытындар көбейіп барады. Бұлардың басты айласы — шарттардың жеңілдігі: «біреуге жазылсаң болды, қарқ қыламын, басыңнан бақайшығыңа дейін ақшаға көмемін.» Екіншіден, банк картаңыздың және телефоныңыздың нөмерін сұрайды, демек, бұл — фишинг.

Постта жазылған 3 шарттың ешқайсысы да Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Facebook парақшасында айтылмаған.

Сол жағында Nurdaulet2070 атты аккаунт иесі, оң жағында «демеушілердің» тізімін жинақтаған аккаунт .

Қазіргі төтенше жағдай бойынша үшінші ай 11 маусымнан 15 шiлдеге дейін. Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, 15 шiлдеге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан), төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, «42500 теңге» төлемге үшінші айда үміткер бола алады.
Шарттары 👇👇👇
1)Бiздiң парақшамызға жазыласыздар @42500.enbek_kz
2) Барлық демеушілерге жазыласыздар
3)Өзiнiздiң нөмерiңiздi және картаның нөмірі Дайрекке қалдырасыздар.
Барлық шарттарды орындап сiзге тиесілі 42500 алыңыздар

Nurdaulet2070 аккаунтының иесі

«Инстаграмда осындай ақпарат тарағанын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі біле ме?», деп 1411 нөмеріне хабарластық.

Ескерту: ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне кіретін барлық мәселелер бойынша 1411 нөміріне қоңырау шалсаңыз болады.

Қараңыз, қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік орган 42500 төлемін рәсімдеу және техникалық іске асыру мәселесін шешуде. Сол себепті, біздің қолымызда ресми ақпарат жоқ. Қазір қай категориядағы адамдарға [әлеуметтік көмек — ред.] төленетіні туралы ресми ақпарат келмеді. 1-2 күн аралығында ақпарат келген соң ғана, мәлімет бере аламыз.

Байланыс орталығының операторы

14 шілдеде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік жәрдемақы алу тәртібін түсіндірді.

  • Төлем принципі төтенше жағдай кезіндегідей болады: карантиннің салдарынан табысы жоғалған адамдарға 42500 теңге төленеді.
  • Негізгі төлем операторы — Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры; жақын уақытта үкімет пен Ұлттық банк қаржылай қолдау туралы шешім шығарады.
  • Біржан Нұрымбетов әлеуметтік көмек алу ережесін 16 шілдеде жариялауға уәде берді.
  • Жұма күні (17 шілде) әлеуметтік төлем алуға өтініш қабылдайтын порталдар ашылады.
  • Осыған дейін 42500 теңгені алу үшін қолданылған порталдар осы жолы да жұмыс жасайды (42500.enbek.kz, egov.kz, Help42500Bot; сонымен бірге, Kaspi bank және «Халық банк» интернет порталын жасауға уәде берген.
Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.