30-дан астам ұйым Түркиядан түркімен белсенділерін қудаламауын сұрады

Адам құқығын қорғайтын ондаған ұйым Түркия үкіметінен түркімен белсенділерін қудаламауды сұрады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Анкара оларды Түркіменстанға депортацияласа, өз елдерінде азаптауға ұшырауы мүмкін. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Түркіменстан билігін ашық сынап, наразылық акцияларын өткізген түркімен белсенділері бірнеше айдан бері қысым көріп келеді. Олардың арасында Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығы ғимараты алдында акция өткізгендер де бар.

33 үкіметтік емес ұйымның бірлескен мәлімдемесі 2 қарашада жарияланды. Олар Түркиядағы түркімен мигранттарының жағдайы қиындағанына алаңдап отыр.

Түркімен билігін ашық сынағандардың Түркіменстандағы туыстары да қысымға ұшыраған. Қауіпсіздік қызметінің өкілдері белсенділердің туыстарын қорқытқан.

Біз Түркіменстан үкіметінен қысымды доғаруды талап етеміз, Түркия билігінен халықаралық міндеттемелерін орындап, ел аумағындағы түркімен азаматтарының құқықтары мен еркіндігін қорғауын сұраймыз.

Адам құқығын қорғаушылардың бірлескен мәлімдемесінен.

11 қазанда әлеуметтік желілерде түркімен билігін ашық сынаған Нұрмұхаммед Аннаев, Әзіз Маммедов және тағы бір ер азамат Стамбулда соққыға жығылды. 18-22 қазанда түрік билігі үш белсендіні – Ахмет Рахмановты, Камил Абулов пен Байрам Аллалыевты Стамбулдағы депортациялау орталығына отырғызды. Кейін олардың екеуі бостандыққа шықты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz