30.09 | Сотталған әкім орынбасары, Лукашенкоға санкция, Қарабақтың халі қалай?

Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамуновты “пара алды деген” айыппен 12 жылға соттады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Руслан Мамунов Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтың туыстарынан заңсыз түрде 1,2 миллион доллар алғаны үшін кінәлі деп танылды.

30.09 | Сотталған әкім орынбасары, Лукашенкоға санкция, Қарабақтың халі қалай?
Сурет: Аvestnik.kz. Руслан Мамунов

Айыптау қорытындысына сай, Мамунов 2016 жылы пара алғаны үшін сотталған Ахметжановқа үкімді жеңілдетуге уәде берген. Мамунов ақшаны екі Lexus автокөлігі мен Нұр-Сұлтанда 2 бөлмелі пәтер сатып алуға жұмсаған.

Сонымен қатар, сот заңсыз жолмен сатып алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды. Үкімге сәйкес, 2016 жылғы Lexus NX, 2017 жылғы Lexus LX 570 көлігі және 2 бөлмелі пәтері тәркіленді. Мамунов өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың қарашасында тағайындалды. Ал 2020 жылы ақпан айының соңында желіде шенеуніктің қамауға алынғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Руслан Мамуновтың ұсталғанын хабарлады.

БҰҰ Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуға шақырды

Таулы Қарабақта төртінші күн қатарынан Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымы жанжалды тоқтатуға шақырып, екі елге де келісімге келуді ұсынды. Бұл туралы BBC жазды.

30 қыркүйекке қараған түні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Нью-Йоркте өткен жиынында Таулы Қарабақтағы жағдай талқыланды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 5 тұрақты және 10 тұрақсыз мүшелері Армения мен Әзірбайжанды келісімге келуге шақырды.

30.09 | Сотталған әкім орынбасары, Лукашенкоға санкция, Қарабақтың халі қалай?
Көрнекі сурет. Қауіпсіздік кеңесінің жиналысы

Қауіпсіздік кеңесіне 15 ел мүше. 5 тұрақты мүшесі — АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция. Ал 10 тұрақсыз мүшелері — Бельгия, Вьетнам, Германия, Доменикан Республикасы, Индонезия, Нигер, Сент-Винсент және Гренадин, Тунис, Эстония, Оңтүстік Африка. Тұрақсыз елдер 2 жыл сайын ауысып отырады.

Қарабақта не болып жатыр?

27 қыркүйектен бастап Таулы Қарабақ маңында Армения мен Әзірбайжан әскерлері арасында қақтығысып жатыр. Атыс төртінші күн қатарынан жалғасып, екі тарап бір-бірін адам өлімінің саны бойынша жалған ақпарат таратып жатыр деп айыптап отыр.

  • Тәуелсіздігін ешбір ел мойындамаған Таулы Қарабақ Республикасының қорғаныс армиясы Әзірбайжан қарулы күштерінің қару-жарақ жиналған колоннасын жойғанын мәлімдеді. Бұл туралы Армения қорғаныс министрлігі хабарлады.
  • Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Бакуден 300 шақырым қашықта орналасқан Тертер қаласына Армения тарапы артиллерия снарядтарымен шабуыл жасады.
  • Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Армения тарапы 2300 адамнан, 130 танк, 200-ге жуық артиллериясынан айырылды.
  • Арменияның қорғаныс министрлігінің дерегінше, Әзірбайжанның 790 әскери қызметкері қаза болып, сонымен қатар, 137 танк, 7 тікұшақ, және Ан-2 ұшағы жойылды.
  • Армения премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, Армения қазіргі әскери жағдайларға байланысты Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындауы мүмкін.
  • Түркия тарапы Әзірбайжанды толықтай қолдайтынын хабарлады.
  • Франция президенті Эммануэль Макрон Қарабақтағы жағдайға байланысты 30 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путинмен, ал 1 қазанда АҚШ лидері Дональд Трамппен сөйлесетінін айтты.
  • Мәскеу Түркияға екі тарапты бейбіт келісімге көмектесуге шақырды.

Таулы Қарабақ Әзірбайжан аумағында орналасқан. Тұрғындардың басым бөлігі армяндар. Таулы Қарабақ 1991 жылы Әзірбайжаннан тәуелсіздігін жариялады. Бірақ әлі тәуелсіздігін ешкім мойындамады. 1992-1994 жылдар аралығында Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтаруға тырысты. Кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ ол келісім іске аспады.

Лукашенкоға санкция

Өзін Беларусь президентімін деп жариялаған Александр Лукашенкоға Ұлыбритания және Канада санкция салды. Бұл туралы RBC Ұлыбритания сыртқы істер министрлігіне сілтеп хабарлады.

Шектеу бойынша, Александр Лукашенкоға және оның ұлы Виктор Лукашенкоға Ұлыбритания мен Канадаға кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар, қаржы есепшоттары бұғатталды. Санкцияға Лукашенконың сайлау нәтижесін бұрмалағаны себеп болды.

30.09 | Сотталған әкім орынбасары, Лукашенкоға санкция, Қарабақтың халі қалай?
(Сурет: Дениса Костюченко / БелТа / ТАСС) Александр Лукашенконың ұлы Виктор Лукашенко

Сонымен қатар, Лукашенко мен оның ұлынан бөлек басқа да шенеуніктерге санкция салынды. Тізімде президент әкімшілігінің басшысы Игорь Сергеенко, ішкі істер министрі Юрий Караев, оның орынбасарлары Александр Борсуков пен Юрий Назаренко, ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары Хазалбек Атабеков және Минсктің арнайы жасақ командирі Дмитрий Балаба да бар.

Беларусь Орталық сайлау комитеті 9 тамызда Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Оның билік басында отырғанына биыл 26 жыл болды. Беларусь халқы шамамен екі ай уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Жасырын инаугурациясын өткізген Лукашенконы АҚШ, Канада, Германия, Украина, Польша, Чехия, Словакия, Дания, Эстония, Латвия, Литва Нидерланды және Ұлыбритания Беларусь президенті деп мойындамайды.

Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихановская Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесті. Тихановская кездесуден кейін Беларусь халқын Францияның қолдайтынын айтты. Германия канцлері Ангела Меркель келесі аптада Светлана Тихановскаямен кездеседі.

Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Еуропарламентте “Беларусьте 9 тамызда өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған” деп екі рет мәлімдеді. Боррельдің айтуынша, Беларусь халқының құқығы тапталды және бұлай жалғаса берсе Беларусьте саяси кризис болатыны сөзсіз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz