29.12 |«Әділ сөз» сот шешімін айыптады, Трамп vs Байден, кәсібіне бола ажал құшқан журналистер

«Әділ сөз» қоры экс-прокурордың қатысуымен өткен зорлау ісін БАҚ-та жарияламау туралы сот шешімін заңсыз деп таныды

Судья жәбірленушінің адвокатына экс-прокурор мен банктің бұрынғы топ-менеджерінің қатысуымен топтық зорлау туралы қылмыстық іс бойынша түсініктеме беруге тыйым салды. Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қоры соттың бұл тыйымын заңсыз деп мәлімдеді. Бұл туралы Inforburo.kz сайты хабарлады.

“Мен бұл туралы түсінік бере алмаймын. №2 Бостандық аудандық сотының судьясы Теміржан Құдабаев БАҚ-та және әлеуметтік желіде түсініктеме беруге тыйым салды”, – деп хабарлады жәбірленушінің адвокаты Жанна Уразбахова Informburo.kz тілшісіне.

Соттың мұндай резонанстық іс туралы түсінік беруге тыйым салуы заңға сәйкес келмейді. Президент айтқан”тыңдаушы мемлекет” тұжырымдамасына тіпті қайшы келеді.

Қор мәлімдемесінен

Еске сала кетейік, бұл жағдай 2019 жылдың қараша айында болған. Зардап шеккен әйел “экс-прокурор мен банктің бұрынғы топ-менеджерін қылмыс жасады” деп айыптаған еді.

Трамп Байденді жалған президент деп атады

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа сайланған лидер Джо Байденді “жалған президент” деп атады. Бұл туралы туиттер парақшасында хабарлады.

«Маған Ауғанстанда қызмет еткен жас әскери жігіт 2020 жылғы АҚШ-тағы сайлауға қарағанда Ауғанстандағы сайлау әлдеқайда қауіпсіз және жақсы ұйымдастырылғанын айтты. Біздің миллиондаған пошта арқылы жіберілген бюллетеньдер үшінші әлем еліндегі сайлауға ұқсас болып шықты. Жалған президент! « – деп жазды Трамп.

Туиттер әкімшілігі Трамптың хабарламасына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, пошта арқылы қалай дауыс беру керек туралы кеңестермен сілтеме қалдырды.

“Шекарасыз тілшілер”: 2020 жылы әлемде 50 журналист кәсібіне бола ажал құшты

Биыл әлемде 50 журналист кәсіби міндетіне байланысты ажал құшты. Басым бөлігі (68 пайызы) қақтығыс жоқ елдерде қаза болған. “Шекарасыз тілшілер” халықаралық құқық қорғау ұйымының 29 желтоқсанда жариялаған есебінде сондай мәлімет келтірілген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Осыдан төрт жыл бұрын оқиғалардың 58 пайызы қақтығыс аймақтарында болған. Биыл үштен бірі сондай елдерде (Сирия, Йемен, Ауғанстан, Ирак) тіркеліп отыр.

2020 жылы қаза болған тілшілердің 84 пайызы қастандықпен өлтірілген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 63 пайызды құраған. ШТ есепте кейбір журналистердің асқан қатыгездікпен өлтірілгенін жазады. Журналист өлімі көп тіркелген елдер қатарында Мексика (8 адам), Үндістан (4 адам), Филиппин (3 адам) және Гондураста (3 адам) бар.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымы екі апта бұрын жариялаған есептің алғашқы бөлігінде әлемде 400 журналист кәсіби қызметіне байланысты түрмеде отыр деп жазған еді. Журналистердің жартысынан астамы бес ел: Қытай, Сауд Арабиясы, Египет, Вьетнам және Сирияда жазаларын өтеп жатыр. Биыл былтырмен салыстырғанда қамауға түскен әйел журналистердің үлесі 35 пайызға артқан (31 болған, 42-ге жетті).

Әлемде журналистердің қудалануын тіркеп отыратын “Шекарасыз тілшілер” ұйымының есебі 1995 жылдан бастап жыл сайын жарияланып келеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz